Қоғамда өмір сүру жағдайы жақсарған сайын, электр энергиясына деген сұраныс та соғұрлым арта түсетіні белгілі. Яғни, электр қуатын еселеп өндірсек те, адамның қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұрыннан пайдаланып келе жатқан көмір, мұнай, табиғи газ сияқты энергия көздерінің сарқылуы немесе қорының азаюы, қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерінің күн санап артуы адамдарды бейжай қалдырмады.
Бүкіл әлем энергия тапшылығынан құтылып, қоршаған ортаны ластамайтын альтернативті энергия көздеріне қол жеткізуге кірісіп кетті. Электр энергетикасын қалпына келтіру мәселесі – бұл қауіпсіздік мәселесі әрі еліміздің болашағы электр энергетикасы мен инфрақұрылымның даму деңгейімен байланысты болып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында «Экономиканы әртараптандыру мен энерготиімділікті төмендету аясында жасыл экономиканы дамытуға қадам басқан дұрыс. Баламалы энергияға қолайлы жағдай тудырмай, әлемдік прогресстен қалып қоюдың алдында тұрмыз. Оны бәсеңдетуге болмайды. Мен баламалы энергия көздеріне ерекше назар аударамын. Бұл Қазақстанның болашағын реттейтін маңызды мәселе», - деп атап өткен болатын. Сондай-ақ Президент мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқан инвесторларды баламалы энергия көздерін өндіруге шақырған еді. « Күн және жел электр станцияларын салуға атсалысса, игі болар еді. Өйткені қазір мұнайдың бағасы құлдырап барады. Оны өндіру көлемі де біршама азайған. Сондықтан біздің ел жаңа бағыттарға бет бұруы керек. Яғни мұнай-газ саласындағы компаниялар баламалы энергия көздерін өндіруге де басымдық беру керек»-деп нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында да отын-энергетика кешеніндегі өзекті мәселелерді атап өтіп, баламалы энергия көздеріне көшу керектігін қадап айтты.
Президенттің тапсырмасына сай Түркістан қаласында баламалы энергияға көшу жұмыстары қарқын ала бастады. Осыған дейін Түркістан қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №23 IT лицейіне қуаттылығы 50 киловатқа тең күн электр станциясы орнатылған болатын.
Білім ұясының аумағында орнатылатын күн қуатын пайдаланатын заманауи құрылғы
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Eni-дің Түркістан облысы әкімдігімен серіктестігіндегі энергия тиімділігі, энергияны үнемдеу және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы бірлескен бастамасы.
Жоба шеңберінде электр энергиясын тұтынуды азайту бойынша іс-шаралар өткізілді. Осылайша, мектептің ішінде және сыртында барлық ескірген жарықтандыру құрылғылары жарықдиодты аналогтармен алмастырылды, ал жылу радиаторларына термореттегіштер орнатылды.
«Біздің өңірдегі климат өте ыстық және бұл үй ішіндегі температураға, әсіресе жаз мезгілінде әсер етеді. Алдымен энергоаудит жүргізілді, нәтижесінде мектептегі терезе шынылары жазда өте қатты қызатыны, ал қыста жылу жоғалуы байқалатыны белгілі болды. Сондықтан мектептің барлық терезелеріне энергия үнемдейтін пленка жапсырылды»,- дейді
№23 мектеп-лицейінің директоры Жаңыл Әзіретбергенова.
Білім беру мекемелерін жылумен және электрмен жабдықтау - бұл білім беру саласындағы шығындардың маңызды бөлігі. Энергия тиімді жаңғыртудың арқасында тек электр энергиясына жұмсалатын шығындар 19 пайызға қысқарады деп күтілуде.
«Әрине, шығындардың төмендеуі микроклиматтың жақсаруымен қатар жүреді және тиісінше балалардың денсаулығы мен олардың үлгеріміне оң әсер етеді», - деп атап өтті Жаңыл Әзіретбергенова.
Түркістан Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан. Күн радиациясының орташа мөлшері жыл сайын м2-ге 1500 кВт*сағ құрайды, мұны Түркия, Испания, Италия сияқты елдермен салыстыруға болады.
Мұндай күн әлеуеті мектеп аумағында орнатылған желілік күн фотовольтаикалық электр станциясын (КЭС) пайдалануға мүмкіндік берді. Станцияның қуаты 50 кВт құрайды және КЭС-тің барлық «жасыл» энергиясы мектептің өзінің мұқтаждықтары үшін мектептің электр желісіне түседі.
«Біздің мектеп жаңартылатын энергия көздері технологияларын енгізу бойынша жоба аясында пилоттық болып отыр. Енді бізде өзіміздің күн электр станциямыз бар болғандықтан, біз CO2 шығарындыларын азайтуға өз үлесімізді қоса аламыз. Біздің күн электр станциямыз 112 күн панелінен тұрады. Күн сайын біз оның қалай орнатылғанын және қосылғанын қызығушылықпен бақылап отырдық»,- дейді №23 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Нұрлытаң Жәнібек.
Жоба шеңберінде сондай-ақ оқушылар, мұғалімдер және оқушылардың ата-аналары үшін білім беру сессиялары жоспарланған, тренингтер энергия тиімдіі іс-шаралар және жаңартылатын энергия көздері технологияларын пайдалану саласындағы білімді арттыруға бағытталған.
««Бұрын маған «жасыл» технологиялар менің туған қалам туралы емес сияқты көрінетін. География және физика сабақтарында бізге климаттың өзгеруі, ол неліктен болатындығы және жаңартылатын энергия жылынумен күресуге қалай көмектесетіні туралы айтылады.. Қазір біздің мектепте осындай өзгерістер болған кезде, мен мұның қалай жұмыс істейтіні туралы көбірек білгім келеді! Тренингтер мен семинарларда бізге ЖЭК-тің түрлі технологияларын орнату электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беретінін және енді меншікті КЭС арқасында біздің мектепті «жасыл» және энергия тиімді деп мақтаныш етуге болады»,- дейді аталмыш білім ұясының оқушымы Азамат Қарабек.
Алдағы уақытта Түркістан қаласында мұндай жобалардың саны артпақ. Қазақстандағы «Шелл» концернінің қолдауымен шаһардағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылмақ.
Осыған орай, жақында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов «Solar for Schools» жобасының жетекшілері мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрағасы Күләш Шамшидиновамен кездесіп, маңызды мәселені талқылаған болатын. Түркістан облысы әкімдігі жаңа жобаны жан-жақты қолдауға әзір. Ол туралы Сәкен Қалқаманов баяндап, жоба жетекшілерімен тығыз байланыс орнатылатынын жеткізді.
«Шелл» компаниясы осыған дейін Нұр-Сұлтан, Орал, Атырау, Алматы қалаларындағы білім ошақтарында осындай күн станцияларын орнатқан.
Бұл жоба өскелең ұрпақтың оқуға деген қызығушылығын арттыруға және баламалы энергия көздерінің жаңа мүмкіндіктері жайында хабардар етуге бағытталған. Оқушылардың экологиялық мәдениетін көтеру, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу үшін де маңызды. Күн жүйелері мектептердің энергия тұтынуын төмендетуге мүмкіндік береді және бұл жасыл экономиканың жаһандық мәнін дәлелдейтін көрсеткіш. Жоба жүзеге асқанда оқу орны тұтынылатын электр энергиясын жылына 30 пайызға дейін үнемдейді. Әрі оқушылардың зертхана орталығына айналады.
Энергия тиімді және шағын көлемді ЖЭК жобаларын пайдалану тұтынушылар, шағын және орта бизнес субъектілері үшін, сондай-ақ коммуналдық меншік объектілері үшін көптеген оң аспектілерге ие. Барлық тараптар үшін негізгі оң аспектілер мынадай: өндірілетін электр энергиясының құны энергия тасымалдаушылардың құнына тәуелді болмайды, ал орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада энергия тұтыну азаяды, бұл кейіннен ресурстарды үнемдеуге әкеледі.
ЖЭК технологиялары және энергия тиімділігі туралы хабардарлықты арттыру, климаттың өзгеруі проблемаларына назар аудару үшін Қазақстандағы БҰҰДБ сондай-ақ ШОБ өкілдері, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, банк қызметшілері және жергілікті қоғамдастықтар үшін оқыту тренингтерін өткізеді.