«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін». ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында осындай тапсырма берген болатын. Президент сондай-ақ мектеп құрылысына мемлекеттік бюджетпен бірге, жеке секторды да тарту туралы айтып еді.
Бала туу көрсеткіші жоғары аймақ болып саналатын Түркістан қаласында мектеп тапшылығын жою үшін Президенттің тапсырмасына сай жаңа білім ордалары бой көтеруде. Мемлекеттік бюджеттен бөлек мектеп құрылысына жеке инвесторлар да бұл іске белсене кіріскен.
Алдағы жылдары Түркістан қаласында осындай жеке кәсіпкер есебінен «Nurorda» мектебі салынбақ. Аталған бастама бойынша Түркістан облысының әкімі инвесторлармен кездесіп, жобаны талқылады. Алдағы уақытта Түркістан қаласында 1000 оқушыға арналған үлкен мектеп салынбақ. Сонымен бірге 400 орындық жатақхана мен 320 орындық балабақша да бой көтермек. Облыс әкімі білім саласына инвестиция құямын деушілерге қолдау болатынын жеткізді.
– Біз қазір өңірге инвестиция тарту жұмыстарын жандандырып жатырмыз. Жаңа мектеп саламын дейтін азаматтарды қолдаймыз. Ең бастысы, жұмыс кестесі бекітіліп, құрылыс уақтылы аяқталуы тиіс. Жерді алып, тиісті жұмыс жүргізбегендерден жер қайтарылады. Біздің білімге жауапты басқарма инвестормен тығыз байланыста жұмыс істеп, білім ұясының өңірге пайдалы болуына, адами әлеуетті арттыруға ықпал етуіне күш салғаны жөн, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға аталған жобаға қажетті құжаттар мен мәселелерді жан-жақты қарау жөнінде тапсырма берді. Сонымен бірге инвесторға ауылдарда сапалы білім ұяларын ашу, білім саласынан өзге де инвестициялық жобаларға қаржы салуға, әріптестікті нығайту жөнінде ұсынысын жеткізді.
«Диал-Строй» ЖШС-нің басшысы, инвестор Ғабит Маматрайымов аталған жобаның жоспары мен қаражаты дайын екенін, егер бірқатар ұйымдастыру жұмыстары реттелсе, құрылысты келесі жылы бастайтынын айтты.
– Жиырма жылдан бері құрылыс саласындамын. Өзім Түркістанның тумасы болғандықтан осы қалаға мектеп ашуды перзенттік парызым деп есептеймін. 10 гектар аумақта үлкен мектеп, жатақхана және балабақша салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге мектеп жанынан шағын саябақ даярланып, көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі. Мақсатымыз – өңір жастарының білім деңгейін көтеру, осы салаға көмектесу, – деді инвестор.
«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте осы қорға қарасты лицейлер мен «Nurorda» жеке меншік мектептерінің артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы баяндады.
Бүгінде «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры құрамында 30 мектеп-лицейлері бар. 1700-ге жуық мұғалім білім береді. Өткен оқу жылында 1969 түлектің 1185-і гранттарға ие болған.