Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі саналатын Түркістан қаласы үшін 2020 жылдың аяғы тарихи сәт болған еді. Дәл сол жылдың желтоқсан айының басында әуе кемесінің ашық кеңістікті көктей тіліп өтіп, киелі қалаға қонуы еді. Әрине, Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі қалаға бұған дейін де төрткүл дүниенің төрт бұрышынан ағылып келіп жататын қонақтар аз емес еді. Қасиетті мекенді бетке алып, айлап-жылдап жететіндер арасында тек мінәжат ету үшін ғана жолға шыққандар емес, сонымен бірге сауда-саттықтың көрігін қыздыруды көздегендер де аз болмайтын. Айшылық алыс жолдардан ат арытып әрең жететіндерге енді діттеген жеріне заман талабына сай әуе кеңестігі арқылы жылдам жетуге сол жылы мүмкіндік туды.
Міне, осылайша жаңа әуежай түркі әлемінің алтын бесігі – Түркістан қаласын әлемнің ірі қалаларымен жалғастыратын байланыс желісіне айналды. ылдаған болатын. Бүгінде әуежайда жалпы 16 бағытта ұшақтар қатынайды. Оның 3-і халықаралық, 13-і республикаішілік рейстер. Жаңа әуежай арқылы 1 жыл ішінде 267 187 жолаушы ұшақпен қатынаған. Қазіргі таңда мұнда әуе рейстерінің қатары көбейіп келеді. Бүгін қаладағы «Әзірет Сұлтан» әуежайынан «Түркістан-Эль-Кувейт» бағытында алғашқы жолаушылар сапарға шықты.
Кувейт елінің астанасы Эль-Кувейт пен түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан қаласы арасындағы тұрақты жолаушылар рейсі «Jazeera Airways» әуекомпаниясымен тасымалданады.
Рейстер аптасына 2 рет сейсенбі және жексенбі күндері «Airbus-320» ұшағымен орындалады. Ұшу уақыты - 4-4,5 сағат. Билет құны 150 000 теңгеден басталады. Бұдан былай қажылыққа аттанатын отандастарымыз Түркістан қаласындағы Халықаралық әуежайдан ұшуына болады.
Рейстер санының ұлғаюы және ұшу географиясының кеңеюі Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, мәдени және туристік өзара қарым-қатынастардың одан әрі дамуына ықпал етпек.