«Сервистік үлгінің басты ерекшелігі – құқық бұзушылықтың алдын-алу. Бұл істе жүйелі ұстаным болуы қажет. Қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жойған жөн. Жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту керек». Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.
Осы мақсатта Түркістан қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қалалық полиция басқармасы нәтижелі жұмыстарды атқарып келеді. Сонымен қатар, қала тұрығындарының құқығын қорғау үшін және құқықтық сана мен мәдениет қалыптастыру үшін жүйелі жұмыстар атқарып кездесулер өткізуде. Профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде, 231 қылмыс қоғамдық орындарда анықталса, 86 қылмыс көшеде орын алған. Аумақтық полиция инспекторларының анықтауымен 21 маскүнем есепке алынды. Оның ішінде, 5 тұлға маскүнемдік және нашақорлықтан емдеу орталығына жолданды.
Сонымен қатар, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік тұтынған 1145 азамат анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 440 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Тұрмыстық қылмыстардың алдын алу үшін, “Қауіпсіз қала”, “Құқықтық тәртіп”, “Тұрмыс” жедел сауықтыру шаралары өткізілді. Нәтижесінде 370 азамат тіркеуге алынды. Отбасы тұрмыстық-қатынас бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73 бабымен 421 азаматқа әкімшілік шара қолданылды.
Қазақстанның алдында құқықтық мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, гуманизм мен әділеттілік қағидаттары әрекет ететін құқықтық, азаматтық қоғам құру міндеті тұр. Ал бұл мақсат халықтың құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, әлеуметтік және зияткерлік дамуының жоғары деңгейіне ие болған, өз таңдауын еркін қабылдаған және өз әрекеттері үшін дербес жауап беруге қабілетті болған кезде ғана орындалады. Құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі тәуелсіз, әділетті, құрметті сот билігі орныққан уақытта ғана болады. Осыған байланысты қазақстандық азаматтық қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруда сот жүйесі негізгі рөл атқарады. Құқықтық сана – бұл адамдардың іс-әрекетке немесе мемлекет тарапынан қабылданған заңға қатынасын білдіретін идеялар жиынтығы. Құрылымдық тұрғыдан құқықтық сана екі негізгі элементтен тұрады: құқықтық психология және құқықтық идеология. Құқықтық психологияның мазмұны – адамдарда қолданыстағы құқықтық нормаларға және оларды қолдану практикасына байланысты пайда болатын сезімдер, эмоциялар, тәжірибелер, көңіл-күйлер, әдеттер, стереотиптер. Құқықтық идеология – бұл құқықтық шындықты концептуалды, жүйеленген түрде көрсететін және бағалайтын құқықтық идеялардың, теориялардың, көзқарастардың жиынтығы. Құқықтық мәдениет – құқықтық актілерді, құқықтық және құқық қолдану қызметін, жеке адамның құқықтық санасы мен құқықтық дамуын, сондай-ақ оның мінез-құлқының еркіндігі арқылы қол жеткізген құқықтық өмірдің сапалы жай-күйі. Қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыруда сот жүйесінің рөлі өте маңызды.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығымен мынадай бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді: заңнамалық нормаларды дәйекті жетілдіру, сот құрылысын жетілдіру, даулар мен жанжалдарды шешудің балама тәсілдерін енгізу, азаматтардың қалың жігінің сот төрелігіне қол жеткізуін қамтамасыз ету, Қазақстанның судьялар корпусының кәсібилігін арттыру.
Жұртшылық үшін сот ақпаратының барынша ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы Соттың сайтында бірыңғай ақпараттық-талдау базасында жабық отырыстарда қаралған істерді қоспағанда, сот актілері орналастырылады. Сот отырысы залдары аудио-бейнежазу жүйелерімен жарақтандырылған, процестерге қатысушыларды хабардар ету үшін СМС хабарламалар енгізілген, процеске қатысушылармен бейнеконференция байланыс жүйесі, барлық соттарда электрондық сот ісін жүргізу енгізілген.
“Сот кабинеті” ақпараттық сервисі арқылы сот органдарының онлайн-қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Азамат немесе заңды тұлға өзіне ыңғайлы кез келген уақытта, үйден немесе кеңседен шықпай, интернет арқылы өтініш бере алады.
Бұл орасан зор жұмыстың барлығы, сөзсіз, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін, сот төрелігін іске асыру сапасын жақсартуға, сот жүйесінің оң имиджін, соттардың ашықтығын, халықтың сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта көптеген адамдар соттардан көмек сұрайды, бұл сот жүйесіне деген сенімнің артқандығын көрсетеді.