Түркі университеттері одағының VІ Бас Ассамблеясы өтті

image.png

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажеттілігі туралы айтып еді. Мемлекет басшысының айтуынша, Түркі елдері академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасау керек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет.

«Сондықтан 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады»,— деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ ол 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасы өтетінін мәлімдеді. Президент жарысты Түркі университеттері одағы аясында өткізуді ұсынды.

Осы орайда Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі университеттері одағының VІ Бас Ассамблеясы өтті.

Университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында өткен жиынға Бас Ассамблеяға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттерден, атап айтқанда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Венгриядан 49 университет ректорлары, проректорлар, жоғары лауазымды тұлғалар мен өкілдері қатысты.

Жиын Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары   Өмер Қожаманның, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшектің, университет ректоры Жанар Темірбекованың және ректор өкілі Женгиз Томардың құттықтау сөзімен басталды.

Түркия Республикасы Ұлы Ұлт Мәжілісі төрағасы Мустафа Шентоп та арнайы Қазақстан мен Түркия арасында берік байланыс орнағанын тілге тиек етіп, түркі дүниесінің білім мен ғылым саласындағы абырой-беделі асқақтай беруіне тілектес екенін айтты.

Жиында 2018-2022 жылдары екі кезең қатарынан төрағалық еткен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Сондай-ақ, «Орхон үдерісі» бағдарламасы, Студенттер кеңесінің жұмыстары, 2023-2024 кезеңінің жол картасы және тағы басқа мәселелер қаралды.  

Университеттің проректоры, профессор Женгиз Томар «Бүгін талқыланған ең маңызды тақырып «Орхон» бағдарламасы болды. Сіздер де білесіздер, батыста «Эразмус» бағдарламасы бар, «Болон жүйесі» бар. Қазір бізде «Орхон» бағдарламасы бар, бірақ, ол қазірге дейін өте жақсы жұмыс істей алмады. Себебі, біріншіден қаржыландыру жоқ, екіншіден  ереже жоқ. Бірақ, қазір ереже бар. Түрік Мемлекеттері Ұйымы бір ереже дайындады.  Министрлер оны бекітті. Екінші мәселе – фонд құру. Өйткені, фондсыз бір нәрсенің жұмыс істеуі мүмкін емес. Сондықтан мүше мемлекеттердің министрліктері де, мүше университеттер де бұл мәселені шешіп, қаржы бөлу мәселесін шешті. Қол қойылды» деді.

Қырғыз–Түрік «Манас» университетінің ректоры Алпаслан Джейлан аталған алмасу бағдарламасының түрік әлемі үшін маңыздылығын атап өтті. «Бұл түрік әлемі үшін өте құнды жұмыс. Біздің Түрік Мемлекеттері Ұйымы күшейіп, өсіп келеді. Одан сайын толықтыру керек. Білім беру саласындағы ең маңызды фактор «Орхон» алмасу бағдарламасы болып табылады. «Орхон» алмасу бағдарламасын біз қолға алып отырмыз» деді ол.

Отырыс барысында Түркі университеттері одағына мүше елдерден жаңа университеттерді мүшелікке қабылдау және студенттік кеңестің қызметі де талқыланды. Нәтижесінде, Ассамблеяда Түркі университеттері одағына жаңадан Қазақстаннан – 7, Түркиядан – 7, Өзбекстаннан – 1 жоғары оқу орны мүшелікке қабылданды.

Ассамблея барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Түркі мемлекеттері кеңесі желілік университетін құру туралы ұсынысын айтты. «Түркі мемлекеттері кеңесінің саммитінде ҚР Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев академиялық ұтқырлықты дамыту және студенттер арасындағы мәдениетаралық диалогты нығайту үшін жағдай жасау қажет деп атап өтті. Осы мақсатта ШЫҰ және ТМД желілік университеттері үлгісінде, егер Түркі мемлекеттері кеңесі желілік университетін құратын болсақ, бұл түркі елдерінің азаматтарына толыққанды Түркі мемлекеттерінде оқуға мүмкіндігін ашатын болады. Осыған байланысты барлықтарыңызды осы идеяны қолдауға және оны Түркі университеттерінің одағы аясында жүзеге асыруға шақырамын»   деді вице-министр Қуаныш Ерғалиев.

Жиналыс аясында 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы белгіленіп, кезекті төрағадық Әзербайжан Баку университетіне тапсырылды.

Бұл іс шаралардың барлығы Түрік әлемінің алтын бесігі - тарихи Түркістан қаласында өтіп жатқаны ерекше назар аударатын жағдай. Қазіргі таңда Түркістан күн өткен сайын әлемдік аренада инновациялық, технологиялық, халықаралық, мәдени және рухани байланыстарды бірлестіретін білім мен ғылымды ұштастыратын хаб ретінде алға ұмтылуда.

Айта кету керек, Түрік университеттері одағының негізі Түрік Кеңесі іс-шаралары аясында 2013 жылы қаланды. Қазіргі таңда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның жалпы саны 19 жоғары оқу орны және осы жиында мүшелікке қабылданған оқу орындары аталмыш Одақтың мүшесі болып табылады. Осы тұрғыда, ортақ тарихи, мәдени және тiлдiк мирасқа сүйене отырып, жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастықты дамыту, заманауи ғылыми деңгейге сай бiлiм беру стандарттарын қолданысқа енгiзу және сол арқылы ортақ сана-сезiмi биiк ұрпақ тәрбиелеу Одақтың негiзгi мақсаты. Одақтың келiсiлген мақсат-мiндеттерiнiң кейбiреулерi төмендегiдей: студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын қолданысқа енгiзу; университеттердiң түрлi салалардағы артықшылығын пайдалану; қолданбалы ортақ оқыту және зерттеу бағдарламалары мен жобаларды қолданысқа енгiзу; Түркi әлемiне қатысты жұмыстар жүргiзiп жатқан студенттерге арнайы стипендиялар тағайындау; мүше университеттердiң өзара дипломдарды тануы үшiн керектi жағдайды жасау.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер