«Түркі әлемі орталығы» тұжырымдамасы әзірленді

image.png

Жуырда Түркістан қаласында «Түркі әлемінің орталығы» нысанының сәулеттік-көркемдік келбетін, кешенді сәулет тұжырымдамасын әзірлеу үшін республикалық ашық байқау ұйымдастырылған болатын. Бүгінде осы маңызды жобаны жүзеге асыру жолдары зерделеніп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аталған орталықтың тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде кеңес өтті. 

– «Түркі әлемінің орталығы» нысанының тұжырымдамасы терең талданып жасалуы тиіс. Түркі мемлекеттеріне арналған бөлімдері мен мұражайларын әзірлеуге сол елдердің өкілдерін шақыру мәселесін қарастырған жөн. Еліміз үшін, Түркістан үшін бұл нысанның идеологиялық-рухани мәні зор. Бұл орталық түркі елдерінің тарихын ғана дәріптеп қоймай, туризмді дамытуға үлес қосады. Оған барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Алдымен облыстық, кейін мемлекеттік деңгейде зерделеп, ұсыныстарды енгіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте құрылыс, сәулет саласының өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев Түркістан қаласындағы «Түркі әлемінің орталығы» нысанының ғылыми тұжырымдамасы «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы №207 Заңына сәйкес дайындалатынын айтты. 2021 жылы 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті өткен болатын. Саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында түркі халықтарына ортақ сәулет нысанын салуды тапсырды. Осы тапсырма да негізге алынады. 

Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы. «Түркі әлемі» орталығы заманауи технологияларды пайдалана отырып, тұрақты экспозициялар мен уақытша көрмелер құру арқылы мыңжылдықтар түкпіріндегі түркі әлемі халықтарының тарихы мен мәдениетін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәдени, әдеби форумдар мен білім беру бағдарламаларын өткізуге арналған орын болуы тиіс. Орталықтың басты міндеттерінің бірі – Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде және халықаралық деңгейдегі мәдени және туристік орталық ретінде насихаттау. Туристер санын арттыру да – назарда. Осы деректерге тоқталған басқарма басшысы көне түркі жазуын, Түркі әлемінің даңқты перзенттерін де насихаттау жоспарда бар екенін жеткізіп, осы бағытта ұсыныстар әзірленіп жатқанын атап өтті. 

Айта кетейік, мұның алдында Түркістан об­лысының әкімі Дархан Сатыбалды мен Түркі мәдение­тін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездескен болатын.

Тараптар күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанды жаһанға паш ету жолындағы тың жобаларды талқылады. Түркі әле­мінің ынтымақтастығын арттыру­ға арналған маңызды жобалар­дың іске асырылғаны айтылды. Об­лыс басшысы халықаралық ұйымның маңызды қызметін ай­рықша атап өтті.

— Түркі мемлекеттерінің өз­ара байланысын арттыруда ТҮРКСОЙ-дың миссиясы зор. Түбі бір түркі ха­лықтарының мә­дениетін дә­ріп­теп, мәдени құнды­лықтарын сақтау жолындағы ең­бектеріңіз ерен. Күл­лі түркі әле­мінің рухани астанасы ретінде біз де мәдениет пен өнер саласындағы мәселелерге баса мән береміз. Бұл бағыттағы бастамалар мен тың жобаларға қуана қолдау білдіреміз. Ұлттық тағылымы мол, жаңа та­нымдық жобаларға және әдебиет пен ғы­лымды дамытуға ба­­­ғыт­талған бас­тамаларға айрықша назар ау­да­рамыз,— деді Дархан Сатыбалды.

Кездесу барысында 2021 жылы ресми түрде түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған Түр­кістан қаласының әлеуетін да­мытуға ерекше көңіл бөлінді. Өз кезегінде, ТҮРКСОЙ-дың бас хат­шысы түркі әлеміне ортақ ша­ралардың бірқатарын атап өтіп, келер жылы Түркістанда жастар арасында өтетін этнофестиваль мен халықаралық форумның ма­ңыздылығын атап өтті. ТҮРКСОЙ желісі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін іс-шаралар мен жобалар туралы хабардар етті.

Кездесуде Түркістан музыка­лық драма театрындағы балет труппасының шеберлігі мен мүм­кіндігі нәтижесінде ел назарын аударған «Қорқыт туралы аңыз» ат­ты пластикалық спектакльдің түр­кітілдес елдеріне турне жасауы туралы мәселе көтерілді. Сондай-ақ Turkistan телеарнасын түркіге ор­тақ ақпарат алаңына айналдыру мәселесі сөз болды. Халықаралық телеарнаның ақпарат алмасу мен медиа кеңістік қалыптастыруға бағытталған алтын көпір болу жо­лында түркітілдес елдерде бөлімше ашу жайы да айтылды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер