Биыл Түркістанға келген сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті. Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз» деген болатын.
Түркістан бүгінде облыс орталығы ғана емес, туризмнің орталығы. Қасиетті қалаға келген туристер бас сұғатын орынның бірі-Гаухар ана кесенесі.
Шекарасы көкжиекпен шектесетін кең-байтақ Түркістан даласы тылсым сырға толы. Әрбір тасы тарихқа тұнып тұр. Мұнда әулие-әмбиелердің ізі қалған. Ғалымдар, билер, хандар мекен еткен. Талай жыл Қазақ хандығының астанасы болған. Қазақ халқының тарихы Түркістан даласымен тығыз байланысты.
Түркістан өңірінде тек хандар емес, оларға қолдау көрсеткен абыз аналардың ізді сайрап жатыр. Дан а аналарымыздың да тарихтағы алар орны ерекше. Соның бірі – Гаухар ана. Гауһар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің қызы. Гауһар ана жайлы аңыз-әңгімелерге сүйенсек, ол емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Деректерде анамыздың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады. Гауһар ананың қашан қайтыс болғаны жөнінде мәлімет жоқ, тек 1122-1124 жылдары туып, шамамен 1187-97 жылдары дүниеден озған деген жорамал бар.
Гауhар ана кесенесі (ХІІ-ХІV ғғ.) Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан – Шәуілдір автокөлік жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі.
Гауһар ана бейіті 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы қарамағына енгізіліп, қорғауға алынған. Ал 2015 жылы ананың кішігірім бейітіне «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қайта кесене тұрғызды. Кесене аумағы гүлзарлармен абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылған болатын. Туристер мен қонақтарға жайлы жағдай жасау бүгін де күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Бұл орайда, Гауһар ананың қабір жапқышы жаңартылып, кілем мен қонақтарға арналған төсеніштер ауыстырылған. Сонымен қатар, кесене мен құдық суына апаратын аяқ жол бойына арнайы құмыралар орнатылып, гүлдер қондырылған, аула тастардан тазартылған.
«Әзірет Сұлтан» кесенесінде ұзақ жылдар мұражай директоры болған О.Дастанов ақсақалдың ел аузынан естіген аңызы бойынша, Гауһар ана қайтыс боларында «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп өсиет етіпті. Аңызға сенсек, Ибраһимді сүйір деген халық өздері қазған арықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген, яғни бұл Сүйір арығының жағасы болуы керек. Нақақтан-нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары жатыр.
Қожа Ахмет Ясауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді. Ясауи бабамыз қызының мазарына қылуеттен күн шуағына шықпай барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді. Осы кесенеде қарауыл болып істеген қарияның басынан өткен оқиғасы Гауһар ананың емшілік қасиетінің мол екенін дәлелдей түседі. Келушілерді қабылдап, ана рухына құран бағыштап отырған ақсақал зиярат етушілерге өз басынан өткен оқиғаны былай әңгімелеп берген. Ертеректе еңбекпен түзету колониясындағы мектепте директор болып жұмыс істеген ақсақал кейін қатты ауруға шалдығады. Бауыр ісігінен зардап шеккен оның науқасы жанына батыпты. Әрине, бұл кеселдің емі болмай талай адам өмірден өткені белгілі. Алайда, көрер жарығы бар екен, пенденің пешенесіне жазылмаған бұл науқастан айығу осы кісіге бұйырған. Науқасы жанына батып жүрген бір күндері түнде ұйықтап жатқанда түсінде аян беріледі. Оянғаннан кейін «Салу керек» деген сөз есінен шықпай қояды. Нені салу керек?! Өзі де білмейді. Сөйтіп жүргенде Гауһар ана зиратының басын мал таптап жатқандығын көреді. Маған берілген аян осы шығар деп баласының үйін сатып, сол қаржымен зираттың айналасын қоршап, басына шағын мазар тұрғызыпты. Бұл әрекетін Алла қабыл қылса керек, ақсақал ауруынан құлан-таза айығып кетеді. Содан бастап Нұрғали есімді қария осы кесене басына келушілерді қабылдап, шама-шарқынша оларға қолғабысын тигізеді, қарауылдық қызмет жасайды.
Аңыз-әңгімелерде ГауҺар ананың баласы болмағанын айтады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі.
Гаухар ана кесенесі – өте көне ескерткіштердің бірі. Тіпті, патшалық Ресей кезінде ескерткіш мүжіліп, жартысы құлап қалған екен. Кейін ел Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта кесене тұрғызылды.
Бүгінде Гаухар ана кесенесіне келушілер нөпірі өте көп. Олардың көбі дертіне шипа іздеп келеді. Талай жанды емдеп, ауруынан айықтырған қасиетті ананың шарапаты тисе деп тілейді. Тіпті кейбіреулер дертінен құлантаза айығып кетіп жатады. Бұл не құдірет? Табиғаттың тылсым сыры ма?
Осыдан 25 жыл бұрын бір кісі аты жаман ауруға шалдығыпты. Екі жылдай ауруханада ем қабылдаған. Алайда дәрігерлер ем қонбайтынын айтып, "адам болмайды" деген қорытынды шығарып берген екен. Сол кісі кесенеге келіп, зиярат еткен көрінеді. Құдық суын үздіксіз ішкен. Бауыр церрозы ауруынан құлан-таза айыққан ол кейінгі жылдары да кесенеде қалып, шырақшы жұмысын атқарып жүрген. Бүгінде жасы 88-ге келген қария.
Қорықшы түрлі қатерлі ісік дертінен жазылып, "бір өліп, қайта тірілдім" дейтіндер жетерлік деп отыр.
Кесене басына барғанда құдықтан су алып жатқан келушілер қарасы мұнда мол. Республикалық БАҚ өкілдері олармен жиі тілдесіп тұрады. Кесене басына ем іздеп келушілердің бірі — түркістандық Нағима Батырбекова. Жасы 63-те. Зейнеткер шамамен 23 жыл бұрын денсаулығы сыр беріп, құдық суынан шипа іздеп келген екен. Содан бері кесененің тұрақты келушісі.
"Бұл құдық суы түрлі дертке шипа дер едім. Асқазан жолдары мен өкпеге де пайдасы зор. Өзім осыдан қаншама жыл бұрын өтімде құм жиналып, алғашында Арыстан бабтағы құдық суын іштім. Сосын осы Гауһар ана кесенесіне келдім. Шүкір, өттегі құм үшті-күйлі жоқ боп кетті. Арасында қол-аяғым да сынған кездер болды. Маған дәрі-дәрмек дарымайды. Осы құдық суынан шипа іздеймін. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың суығына қарамай осы суды алып кетіп, шомыламын. Қызымды да соған үйреттім. Бұл судың көз жара, сары жара деп жатамыз ғой. Соларға да емі бар. Әсіресе балаларды құдық суымен шомылдырып тұрған абзал", — деді зиярат етуші.
Түркістандықтың сөзін қорықшы Оразғали Сапарбаев та растап отыр.
"Осыдан үш жыл бұрын мынау Шәуілдір жақтан егде жастағы кісі келді. Аяғының саусағына белгісіз жара шығып, жақпаған дәрісі қалмапты. Халық емшісі Гауһар ана кесенесіндегі құдық суына жуынсаң, кетеді деген екен. Әлгі кісі айтады, үш күннен соң жарасы қурап, түсіп қалыпты", — деді қорықшы.
Кесенеге тәу етіп келген Аида деген келіншек басынан өткенін жасырмай айтып берді.
– Тұрмыс құрғаныма он жылдан аса уақыт болды. Біз Түркістанның тұрғынымыз. Осы Гауһар ана жайлы жиі еститінмін. Содан әр келген сайын дұғамды жасап, Алладан бала тілеп жүрдім. Еш жерге емделмедім. Бәрін бір Аллаға тапсырып қойдым.
Егер ана болу бақыты басыма бұйырса, ерте ме, кеш пе, әйтеуір сәбилі болармын деген ой болды. Бірақ Алла – шебер. Сабырмен күттім. Сәбилі болдым, дүниеге қыз келді. Содан есімін үлкендермен ақылдасып, Гауһар деп қойдық. Қасиетті ананың баласы болмаған деседі. Сол себептен көптен күткен қызымыз Гауһар анамыздың есімімен аталып, соның бір баласындай болып жүрсін дедік, – деді анасы Аида. Қазір қызы бес жаста. Аиданың айтуынша, осы киелі мекенге қызы екеуі жиі келіп, Құран бағыштап, демалып кетеді екен.
– Бұл жерге көбіне сәбилі болғысы келетіндер көптеп келеді. Аңызда Гауһар ананың баласы болмаған соң өзге әйел затының сәби сүюіне себепші болатын шығар деп ойлаймын. Өйткені менің де үлкен арманым орындалды. Әуелі Алла, сосын Гауһар ананың қасиеті деп білемін, – деп аяқтады әңгімесін Аида.
Кесенеге келушілерге қойылатын белгілі бір талап жоқ. Бірақ көп жағдайда алдымен Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб кесенесіне зиярат етіп келген дұрыс.
Мұнда келген соң қорықшы жұртшылық арасында "Әулие ана" атанған Гауһар ана туралы ақпарат береді. Кейін кесене ішінде құран оқып, тілек тілейді.
Кесене аумағында қасиетті құдық бар. Оның суы түрлі дертке шипа екен. Кейбір келушілер кесене артындағы тал бұтақтарына арман-тілектерін айтып, шүберек байлап кетеді екен. Қорықшы Оразғали Сапарбаев мұсылман адам қандай амал, әрекет жасаса да, оның мәнін біліп, түсінуі қажет деп отыр. Сондықтан зиярат жасауда ең бастысы — ниеттің дұрыс болуы.
Қорықшы кесенеге ондаған жылдар бойы перзент сүйе алмай жүргендер көп келеді дейді.
"Перзентті болсам деп тілек тілейтіндер көп. Осыдан біраз уақыт бұрын бір әйел келді. Сегіз жыл болған екен бала көтере алмай жүргеніне. Бір қыз, бір ұлы бар қазір. Гауһар ананы жұртшылық өте қатты құрметтейді. Емшілердің пірі деп есептейді. Бастысы, киелі орындарға келгенде шынайы зиярат жасап, шынайы ниет тілеу керек", — дейді қорықшы.