«Түркістан қауіпсіз қала»

2.jpg 

Биыл халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына біраз тапсырмалар жүктегені белгілі.

- Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. 

Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек.

Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде.  Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі  10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып  жатыр.  Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.

Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет,-деді президент.  

 Жуырда Түркістандағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Түркістан – рухани қауіпсіз қала» тақырыбында форум өтті. Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің бастамасымен, Түркістан облысының қоғамдық даму  басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған форумға полицейлермен бірге әкімдік қызметкерлері, прокуратура өкілдері, Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен депутаттар, жергілікті тұрғындар, оның ішінде мұғалімдер мен оқушылар, студенттер, БАҚ пен әлеуметтік желі белсенділері қатысты.

Форумның шымылдығын көрермендерге ой саларлық театрландырылған көрініс ашты. Сахнада әйелін ұрып жатқан күйеу, баласын тастап кеткен көкек ана, өрімдей қазақ қыздарының жеңіл жүрісі, жастардың есірткіге елітіп, құмар ойынға құмартып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін  жеткізуі сынды оқиғалар көрсетіліп, соңында заң бұзушылық жасамау қажеттілігі ұғындырылды.  Түркістан қаласы полиция басқармасының басшысы Б. Жанаев баяндама жасап, форумның мақсаты мен полицейлердің жыл басынан бері атқарған жұмыстарын тілге тиек етті.  «Жыл басынан бері отбасындағы жанжал бойынша  580 шақырту түссе, оның 360-ы ішімдік ішкендермен болған. Мас халдегілермен 11 қылмыстық іс тіркелсе, 153 дерек көлік тізгіндеумен байланысты. Демек қылмыстардың орын алуына ішімдіктің едәуір әсер ететінін ескеріп, Түркістанды қауіпсіз әрі ішімдіксіз, рухани қала етуге жұмыла ат салысуымыз», – деп атап өтті басқарма басшысы. Сондай-ақ Бауыржан Жанаев қалада «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қылмыстар саны төмендегенін айтты. Тәртіп сақшылары «Керуен сарай» сауда әрі ойын-сауық кешенінің басшылығымен және «Бірлік» мөлтек ауданындағы кафе иелерімен кездесіп, қауіпсіздікті сақтау бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісімге келген. Сервистік полиция моделін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп, рейдтер ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар өз жемісін беруде.  

– Түркістан шаһарында тұрғындармен ашық әрі тығыз байланыс орнату, «сервистік полиция» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Түркістан облыстық полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау жұмыстары күшейтіле түсті. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрақтылықты ту ету басты орынға шықты. Шаһарда «Азаматтарға арналған қабылдау» фронт-кеңсесі жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтың ашылуы арқылы полиция қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Кеңес беріп, жаңа форматта жұмыс істеуде. Соның бірі – арыз, шағымдарды бейнежазу арқылы қабылдау. Арнайы техникамен жарақталған бөлме бар, сол жерде шағымданушының сөзін, айғақ заттарын таспаға басып алуға болады. Бұл өз кезегінде іс қағаздарының бұрмаланбауына әсер ететін бірден-бір фактор, – деді қаланың бас полицейі.

Аталмыш форумға спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, медиаэксперт, журналист Өркен Кенжебек, сарапшы, журналист Нұрділда Ораз, кәсіпкер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Олжас Сүлейменов, әнші, спортшы  Ескендір Ибрагим арнайы спикер ретінде қатысты. Сахна төріне шыққан спикерлер рухани астана атанып келе жатқан облыс орталығын қауіпсіз қала ету төңірегінде өздерінің пікірлерін жеткізіп, көрермендермен пікір алмасты.  Форум соңында Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы тұрғындарды қоғам тыныштығын бірлесе қамтамасыз етуге шақырды.  «Түркістан – руханият орталығы әрі қауіпсіз қала. Біз осы ұстанымды жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бұл ретте, киелі шаһардың тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген міндеттер мен Президент, министрлік тапсырмаларын бұлжытпай орындауға күш салып келеді. Біз үшін басты құндылық – адам мен оның құқығы. Барша әріптестерімізді, Түркістан тұрғындарын бізбен бірлесе жұмыс істеп, қоғам тыныштығын қамтамасыз етуге шақырамын. Қоғам мен мемлекеттік мекемелер өзара үйлесімді байланыс орнатса ғана мемлекетіміз дамиды», – деді Б. Жанаев. 

Айта кетелік, бүгінде Түркістан қаласының полиция басқармасында 500-ден аса қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 103 учаскелік полиция және 214 патрульдік инспекторлары қоғам тыныштығына үлес қосуда. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер