Шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының басым бағытына айналып келеді. 2019 жылы халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек. Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын,-деген болатын.
Түркістан қаласында кәсіп ашамын деген азаматтарға қолдау көп. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өз кәсібін ашамын деп жүрген ниеттілерге қолдау көрсететін бағдарламалардың барын айтуда. Мәселен жаңадан ашылған "Ғажайып" фабрикасы қамырдан консервіленген немесе мұздатылған өнімдерді, оның ішінде макарон өнімдерін, жартылай фабрикаттарды өндіруді көздеп отыр. Осы мақсатта кәсіпорын "Атамекен" кәсіпорлық палатасының ықпалымен құрылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының көмегіне жүгінген. Бағдарлама арқылы жаңадан ашылғалы тұрған кәсіпорын 40 млн. теңге алған.
Макарон, кеспе, жайма және ұн өнімдерін шығару серіктестік үшін жақсы бастама, себебі бұл іс Түркістан қаласында енді дамып келе жатқан кәсіптердің бірі. Түркістан көркейіп, бірте-бірте еліміздің көкжиегіне жол тартып келе жатқан жас қала. Қалада кәсіп ашу қазіргі уақытта тұрғындар үшін ең ұтымды шешім болмақ.