Түркістан қаласында тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 600 орындықты мектеп пайдалануға беріледі

image.png

«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», - деген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма берген болатын. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен  Түркістан қаласында білім ошақтарының саны артуда.  Түркістан қаласы жыл сайын халық саны ұлғайып келе жатқан қалалардың бірі. Әсіресе, облыс орталығы атанғаннан кейін қалаға көшіп келушілердің саны да күрт артты. Осы орайда бала санының өсуі де заңдылық. Бұл мектептеріміздегі орын санының жетіспеушілігіне де әсер етпей қоймады. Қазіргі таңда қаламызда жалпы білім беретін 34 мектеп болса, 4 мектеп үш ауысымда оқытылуда. Солардың бірі - "Бірлік" мөлтек ауданында орналасқан Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектеп. 

Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектеп қаламыздағы тарихы терең білім ошақтарының бірі. 2012 жылға дейін 1960 жылдары асар жолымен салынған ыңғайластырылған мектеп ғимаратында оқып келген оқушылар 2012 жылы мемлекет тарапынан салынған 300 орынды жаңа мектепте оқытыла бастады. Дегенмен, оқушысы бірнеше есе көп мектепке бұл ғимарат та тарлық етті. Қазіргі таңда 1700-ден астам оқушы үш ауысымда білім алуда. Сондықтан 2010 жылы апатты деп танылған ескі ғимаратты да пайдалануға мәжбүр болып отыр. 

Жуық арада, яғни Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бұл мәселе де шешілуге жақын. Мөлтек ауданнан асар жолымен салынған қосымша ескі мектеп ғимараты жанынан кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 600 орынды мектеп ғимаратын салып отыр. Бұл орайда да бізге жеке кәсіпкерлеріміз көмектесіп отыр деуге болады. Тәуелсіздігіміздің 31 жылдығы қарсаңында ашылуы болатын "Арман - М School" мектебіне Е.Иззатуллаев атындағы мектептен 600 оқушы ауысып, сабақтарын жаңа мектеп ғимаратында жалғастыратын болады. 

Бүгін аталған мектепте болған Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова жаңа мектеп ғимаратының құрылыс барысымен, оқушыларға жасалған мүмкіндіктермен танысты. Жеке кәсіпкерлер Тәжібек Мұсаев пен Ержан Мұстапаевтар мектеппен толық таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мектепте жайлы сыныптар мен асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медицина бөлмесі сияқты маңызды бөлмелермен қамтамасыз етілген. Сонымен қоса, жеке пәндерге арналған арнайы кабинеттер де жабдықталуда. Мектеп ғимаратын 15 желтоқсан күні пайдалауға беру жоспарланып отыр.

Жалпы соңғы жылдары қалада жаңа мектептер көптеп салынуда. Айталық  Отырар мөлтек ауданында орналасқан Ахмет Байтұрсынов атындағы №1-ші жалпы орта мектебі. Білім ұясы 900 орынға лайықталған. Заман талабына сай салынған ғимаратта пәндік кабинеттер, мәжіліс пен спорт залдары, асхана, медициналық бөлме бар. Барлығы қажетті құрал - жабдықтармен толық қамтылған.  Үш қабатты білім ұясы көгілдір отынмен жылытылады. Толығымен орталықтандырылған су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. 

Сондай-ақ  қаладағы  жаратылыстану-математикалық бағытта олимпиада резервін дайындайтын №28 мектеп-лицейі де жаңа ғимараттардың бірі. 900 балаға лайықталған.  Бұл мектеп-лицей оқушылардың заманауи білім алуларына жол ашады. Мұнда барлық заманауи пән кабинеттері қарастырылған. Оқушыларға білікті ұстаздар тереңдетіп білім беруде.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мектеп салуға жеке инвесторларды да көптеп тарту керектігін баса айтқан болатын. Осы ретте Түркістан қаласында инвесторлар тапарынан бой көтерген білім ұялары көбейіп келеді.  Солардың бірі - "A.Q. ORDA " зияткерлік мектебі.

Жаңа білім ұясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген. Онда 1-6-сынып оқушыларына дәріс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ ағылшын тілі де тереңдетіліп оқытылады. Мектепте пәндер тереңдетіп оқытылумен қатар хореография, вокал, робототехника, қаржылық сауаттылық сынды түрлі үйір¬мелер де жұмыс істейді. Тіпті, домбыра және шахмат жеке пән ретінде енгізілген. Оқу ордасында өз саласының білікті ұстаздары сабақ береді. Мектептің тағы бір ерекшелігі, кәсіби, тәжірибелі мамандарды жан-жақтан тартып, білім сапасына мән беруінде. Арасында шет елдерде білім алғандар да бар.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер