Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жылдың бірінші қыркүйегінде «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.Әсіресе білім саласына қатысты айтқан тапсырмалары өзекті. Аталған Жолдауда Президент дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін баса айтқан болатын. Бұл дарынды балаларымыздың білімге, өнерге деген құлшынысын, ізденісін арттыратыны сөзсіз. Балаларға білім берген ұстаздарын да материалдық тұрғыдан ынталандыру дұрыс болатынын айтты.
Бүгінде түрлі бағытта қарыштап дамып келе жатқан Түркістан қаласында білім саласына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Білім ошақтарының тек материалдық сапасына ғана емес сонымен қатар оқушылардың сапалы білім алуына, ізденуіне, ғылым мен шығармашылықпен айналысуларына үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Бұл қамқорлықты сезіне білген түркістандық оқушылардың да жеткен жетістіктері аз емес.
Жақында ғана түркістандық оқушылар Түркия елінде өткен олимпиадада жүлдемен оралды. Бұл қала оқушыларының жеткен биік белестерінің бірі. Осыған орай Рухани астанамыздың әкімі Нұрбол Тұрашбеков оқушыларды шақырып құрмет көрсетті.Қаладағы №28- мектеп ұжымына алғыс білдірді.
Түркістандағы Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты №28 мектеп 2021-жылдың қыркүйек айында ашылған. Сол уақыттан бері аталған білім ордасы оқушылардың сапалы білім алуына күш салды. Нәтижесі де көп ұзамай көрінді. Түркияның Анталья қаласында өткен халықаралық олимпиадаға аттанған 13 оқушының 6-ы жүлдемен оралды.
Осы жылы қатысушылар саны да айтарлықтай көп болған. Шаһардағы №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Нысанқұлова мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Абайқызының жетекшілігімен барған оқушылар өздерінің шын жүйрік екендіктерін көрсете білді.
«Бұл туризм академиясы болғаннан кейін бұл жан-жақты олимпиада. Пәндік олимпиадамен бірге мұнда балалар өз өнерлерін де паш етуі керек. Дала практикасы да бірге жүреді.Себебі бағыты туризм болғандықтан географиямен байланысты болғандықтан осы салаға көбірек көңіл бөлінген. Сол жерде біздің балаларымыз орыс тілінен бірінші орынды еншілеп қайтты. Бес мемлекеттен келген дарынды балалардың ішінен суырылып, бірінші орныға шығу оңай болған жоқ. Екінші орныды ағылшын тілі бойынша алдық»,- дейд №28 мектеп –лицейінің директоры Ләззат Нысанқұлова.
«XIV INTERNATIONAL OLYMPIAD IN ANTALYA» деп аталатын Халықаралық олимпиада 2009 жылдан бері мектеп оқушыларының арасында жаратылыстану бағытындағы пәндерден өтетін білім жарысы. Доданың басты мақсаты – үздік білім мен тәжірибе, шынайы дарын иелерін тану және табысқа жету жолына серпін беру. Биыл бұл сайыс 14-ші рет ұйымдастырылды.. Бұл жарыста оқушылар 16 пән бойынша бақ сынайды. Осы жылы қатысушылар саны да айтарлықтай көп болған. 5 мемлекеттен 56 мектеп қатысқан сайыста Қазақстаннан барған өрендердің де бәсі биік болды.
«Әрине сайыстың өзіндік қиындықтары болды. Төрт тур ұйымдастырылды. Мен үшін әсіресе орман алқабында өткен сайыс қызықты болды. Шынымды айтсам бірінші орын аламыз деп ойламадық. Бірақ біліміміздің арқасында осындай өзгелерден озып шықтық»,- дейді №28 мектеп –лицейінің оқушысы Әбдуәлім Дәулеталин.
Жарыста 5 мемлекеттен 56 мектеп оқушылары өзара бәсекеге түсті.
«Байқау қорытындысы бойынша 6-сынып оқушылары Сымбат Смайлова мен Альтайыр Нариманов орыс тілі пәні бойынша жүлделі 1 және 3-орындарды қанжығасына байлады. Ағылшын тілі пәні бойынша 6-сынып оқушысы Жанасыл Жандосұлы 2-орынға лайық деп танылды. Жүзден жүйрік шыққан 9-сынып оқушысы Абдуәлім Даулеталин «Мистер Олимпиада» номинациясына ие болды. Ал, география пәнінен командалық жарыста жүлделі 1-орынды жеңіп алды», деді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы.
Осы сайыс аясында ұйымдастырушы тарап пен №28 мектеп -лицейі арнайы меморандум түзген. Енді осы мектеп халықаралық сайыста облысымыздың намысын қорғауға тағы да баратын болды.
Айта кетейік, аталған білім ордасында 1500-ге жуық оқушы бар. Білім ошағында үздік ұстаздар ұжымы топтасып қана қоймай, облыста, тіпті республика көлеміндегі білім бәсекелерінде үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мектеп оқушылары да ауыз толтырып айтарлықтай белестерді бағындыруда.