Ел экономикасын дамыту үшін бүгінде көптеген жобалар іске асырылуда. Сондай жобалардың бірі – 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету жобаның негізгі мақсаты болып саналады. Сондай-ақ ұлттық жоба тұрғындарды ауыз су, кәріз жүйесімен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткішін ұлғайту көзделген.
Ұлттық жобаның аясында бүгінде Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе халықтың қолайлы өмір сүруі үшін алдымен инфрақұрылым жұмыстарына, қаланың тазалығына аса мән берілуде.
Қазіргі таңда Түркістан қаласына сағатына 80 000 м3/ табиғи газ келіп тұр. Қыс ауасына байланысты жеке абоненттер мен мекемелердің газ тұтыну көлемі көбейгендіктен, қалада газдың қысымы төмендегені байқалды.
Қалыптасқан жағдайға байланысты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан облысы өндірістік филиалы және Түркістан қаласы әкімдігі бірлесіп, газ қысымын ұлғайту туралы келісімге келіп, нәтижесінде тұрғындардың табиғи газға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында, АГТС-15 – тен газ көлемі ұлғайтылды.
Сонымен қатар, 3 желтоқсан күні Шауғар секторы, "Ремзавод" аймағындағы 7 көшеде (200 абонент) газдың қысымы төмендеген. Көгілдір отынның қысымын тұрақтандыру мақсатында, аталған аймақта газ құбырларының құрылысын жүргізген мердігер «Отау Строй» ЖШС, «ИнтерГаз Центральная Азия» АҚ және Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникация бөлімінің мамандары шұғыл зерделеп, диаметірі 110 мм. газ құбырында кептеліс пайда болғанын және газ құбырының соңғы нүктесі болуына байланысты газ қысымының төмендегенін анықтаған.
Анықталған ақауды жою үшін, "Ремзавод" мөлтек ауданындағы газ құбырын орта қысымды екінші газ құбырына қосып, біріктіру (закольцовка) туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда, мердігер «Отау строй» ЖШС-гі есебінен қажетті жабдықтар алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Түркістан қаласында табиғи газға қосылған абонент саны - 35 294. Әсіресе, қараша айында табиғи газ тұтынушылар қатары өсті. Жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында газ инспекциясы мамандары тарапынан 25 851 жеке тұрғын үй, 672 көше араланып, акт түзілді.
Заң талаптарына сәйкес, газ жабдығын дұрыс қолданбаған жеке тұрғын үйлерге ескертулер берілді.
Аралау, бақылау барысында бірқатар техникалық талаптарға сәйкес келмейтін пешті 16 жеке тұрғын үйлер қолданып отырғаны анықталып, газ жүйесінен ажыратылды. Кәсіпкерлік нысандардың ішінен техникалық талаптарға сәйкес келмейтін 4 қазандық анықталып, ескертулер берілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 145 газосигнализатор әкімшілік тарапынан орнатылды.
Сонымен қатар, 1-2 мөлтек аудандарындағы көп қабатты үйлерді рейдтік тексеру барысында 322 пәтердің пропан газ баллонын қолданғаны анықталып, қолданыстан алынды.
Түркістан еліміздің туристік аймақтарының бірі. Сондай-ақ шаһар бүгінде іскерлік байланыс орталығына да айналып келеді. Сондықтан туристер мен қонақтары үзілмейтін қаланың тазалығын сақтау күн тәртібінен түскен емес.
Жыл бойы Түркістан қаласының санитарлық тазалығын «Түркістан Жарық Тазалық» және «ШымкентСпецКомплекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қамтамасыз етіп келеді.
Салаға жауапты мамандардың мәліметінше жалпы қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше болса, оның 787 көшесіне санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі. Қалған көшелер - қаланың ең шеткі аумақтарында орналасқан жаңа құрылыс аумақтары. Оларда тазалық жұмыстары үйлер толық салынып, көше қалыптасқан кезде басталады.
СОНЫМЕН...
787 көшенің 136 көшесі механикалық жолмен тазаланса, қалған 651 көшенің қоқысы қол күшімен алынады.
Механикалық жолмен тазаланатын 787 көшенің 39-ы - орталық маңызы бар көше.
«Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС қаланың орталық көшелеріне қызмет көрсетсе, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-гі әкімшілік іскерлік орталығы, рухани мәдени орталық және шеткі көшелерді тазалайды.
«Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-мен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-сы, көшелерді тазалау жұмыстарын «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ тарапынан бекітілген кестеге сәйкес, 1 санаттағы көшелерді - күнделікті, 2- санаттағы көшелерді - аптасына 2-3 рет, ал шеткі көшелерді аптасына 1 рет жүргізеді.