Бірлігімізді бекемдей түссек, берекелі ел боламыз

5.jpg

«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.

Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы». Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деген болатын. 

Тәуелсіз Қазақстанға әркімнің қосқан үлесі бар. Соның ішінде мәслихаттар да биліктің бір бұтағы, қоғамдық өмірдің ажырамас бір бөлігі ретінде өзінің үлесін қосты. Солардың бірі бүгінде Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған Түркістан қаласының мәслихаты. 

  Мемлекеттің қоғамдық-саяси жүйесіндегі жергілікті өкілді органдардың рөлі, халықтың әл-ауқатын арттыру, сайлаушылармен өзара іс-қимылды нығайту жұмыстарын жетілдіру – мәслихаттардың негізгі ұстанымы екендігі белгілі.

Түркі дүниесінің рухани орталығы болып келген қасиетті Түркістанның дәрежесі ресми түрде Түркістан облысы болып құрылып, орталығы болып белгіленнен соң жаңа белестерге қадам басты. Бұл күндері Түркістан әлем назар тіккен ерекше қалаға айналды.

Қаланың осы дәрежеге жетуімен халық санының артуы, құрылыстардың қарқынды жүруі, жалпы өмір тынысының күрделене түсуі заңдылықты.

-Осы орайда жергілікті өкілді орган – қалалық мәслихаттың алар орны ерекше. Бүгінгі таңда Түркістан қалалық мәслихатында 16 – депутат қызмет жасауда. Оның 15 – депутаты «AMANAT» партиясынан болса, 1 – депутат   «Ақ жол» партиясынан. Депутаттар мәслихат қабырғасында және халық арасында өзекті мәселелерді шешуде белсене қызмет атқаруда,-дейді Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы.  М.Таңғатаров

Мәслихат жергілікті жерде туындаған күнделікті мәселелерді және қордаланған жағдайларды дер кезінде шешіп отыруды басшылыққа алуда.

Қазіргі таңда қалалық мәслихат депутаттары осы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауынан туындаған келелі мәселелерді қала және облыс әкімдігімен бірлесе отырып қалада орналасқан 6 тұрғындар алқабында арнайы түзілген кестеге сәйкес тұрақты түрде халықпен кездесе отырып талқылаулар өткізді. Атап айтқанда кездесулерде экономикалық даму, мемлекеттік басқару ісіне жаңғырту, өнеркәсіпті күшейту, білім және ғылым, мәдениет, бизнес салаларына кеңінен тоқталып отырды.

Жолдауды насихаттаудың, қолдаудың нақты шаралары ретінде мәслихат депутаттарының «AMANAT» партиясының президенттік сайлаудағы бағдарламаларының жүзеге асуын кеңінен түсіндіру жұмыстарына белсене қатысқанын атап айтқан жөн. Осы бағытта мәслихат депутаттары халықпен кездесулерде ең өзекті деген жағдайларға баса назар аударды. Кездесулермен қатар депутаттар өздері мүше болып табылатын партияның филиалдарында тұрақты түрде жеке қабылдаулар өткізіп өтініштердің орындалуына ықпал жасап келді.

2022 жылы Түркістан қалалық мәслихатының  депутаттары туындаған мәселелер мен қалыптасқан жағдаяттарды шешу мақсатында 119 қоғамдық қабылдаулар өткізіп 475 мәселе көтерілген. Оның ішінде әлеуметтік қорғау, материалдық көмек, инфрақұрылым мәселелері көтеріліп, тиісті салалармен бірлесе шешу жүзеге асырылып келеді. Осы қабылдауларда жолдауда айтылған басты принциптер басшылыққа алынып отырды. 

Әрбір азаматтың көкейінде жүрген мәселені шешуге арналған жаңа жолдау – ел дамуы, халықтың әл – ауқатының артуы, олардың өміріндегі жаңашылдықты көрсетті.

Түркістан қалалық мәслихаты депутаттары 2022 жыл көлемінде, сонымен қатар жолдау жарияланған кезеңдерді қамти отырып 162 сауал, сұраныс хаттар жолдаған, оның 141 сауалы қала әкімдігіне, 21 сауал басқа мемлекеттік органдарға жолданған. Жолданған сұраныс хаттар мен сауалдардың басым бөлігі дер кезінде шешіліп, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табуда.

Жолдаудағы басым бағытымыз халқымыздың игілігі, қоғамдық – саяси тұрақтылықты сапалы да, жүйелі іс – қимылдармен, нақты шешімдермен негіздей отырып жүзеге асыру басты міндет. 

Осы орайда 2022 жылы мәслихат қабырғасында 9 сессия өткізіліп, маңызды 62 шешім қабылданған. Қабылданған шешімдерде қаланың негізгі – әлеуметтік экономикалық көрсеткіштердің қарқынын қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, шағын және кіші кәсіпкерлікті қолдау бағыттары қамтылып отырды.

Президент жолдауының бастамасы – саяси мағынасының басым болуымен ерекшеленеді. «Саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс» деген мемлекет басшысы әлеуметтік тұрғыдан мүлдем аз қамтылған осал топтарға қолдау көрсету өте өзекті екендігін баса айтты. Шағын және орта бизнестің дұрыс бағытта дамуы қажет екендігін мәлімдеді. Президент жолдауының бірінші бағытында шикізатқа тәуелділіктен мүлдем арылу, цифрландыру ісін кедергісіз жолға қоя отырып, дамыта түсу және адам капиталына баса мән беріп, ерекше көңіл бөлу айрықша аталды. Мемлекет басшысы бұл жолдауда «Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету» атты ерекше қағидаға екпін берді.

Қалалық мәслихаттың жұмысының басты бағытының бірі әлеуметтік сала. Бұл күндері қалада экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 62773 адамды құрайды. Жұмыссыздар саны 5023 адамды құрап, жұмыссыздықтың деңгейі 5 пайызды құрады. Ал, өздігімен жұмыспен қамтылғандар саны 24628 адамға жеткен. Осы орайда жұмыссыздықты жоюда шағын және орта бизнесті дамыта отырып жетістікке жетуге болатындығын насихаттау мақсатында қаланың депутаттар корпусы қалада орналасқан жиһаз шығару, аяқ киім тігу шағын цехтары, құрылыс материалдарын өндіретін жеке азаматтардың жұмыстарымен танысып, мұқтаждарын тыңдап, өтініштерін тиісті салаларға енгізе отырып қолдау көрсету шараларын үйлестіруде.

Мәслихат бүгінгі таңда «Ауған соғысы ардагерлері», «Чернобыль, Семей апатын жоюға қатысқан ардагерлерді», көп балалы аналарды қоғамдық көлікте тегін жүруге, студенттерге 50 пайыздық жеңілдікпен жол жүру мәселелерін шешу туралы ұсыныс енгізіп, бүгінгі таңда қала әкімдігінде қаралуда.

Жолдауда көрсетілгендей бұқаралық спортты дамыту, халық денсаулығын шыңдау бағытындағы жұмыстар депутаттар тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Атап айтқанда танымал тұлғаларды еске алуға арналған республикалық, облыстық жарыстардың өткізіуіне үлкен демеушіліктер танытып келуде. Сонымен қатар қалада кіші футбол лигасын дамыту мақсатында жергілікті бюджеттен спорт саласына қажетті қаржылай қолдау білдіруге ықпал етті. Қазақстан Әуесқой футбол лигасының республикалық біріншілігінде үздік ойын үлгісін көрсетіп, Түркия елінің Анталия қаласында өткен Европа деңгейіндегі жарысқа жолдама алған Түркістан қаласының «Marka.kz», «Яссы-Город» командаларына жан-жақты қаржылай қолдау көрсетті. 

Мәслихат депутаттары бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тарапынан шығындарды жоспарлау барысында абаттандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғын үйлердің ахуалы, тазалық, ауыз су, жол мәселелерін назардан шығармау, басшылыққа алуды үнемі бақылауда ұстап келеді. Яғни депутаттардың ұсыныстары тұрақты комиссияларда жіті талқыланып, шешілу бағытында басымдық берілуде. Осы тұста айта кететін жағдай құрамында қалалық мәслихат депутаттары бар арнайы делегация осы жылдың маусым айында Түркия Республикасы Ыстамбул қаласы Конья муниципалитеті Мэрінің шақыртуымен, «Түркі әлемі қалаларының бірлігі одағының» (TDBB) пленарлық отырысына қатысып қайтты. Бұл сапар танымдық және тәжірибе алмасу сипатында өтті. Делегация Түркия қалаларында әлеуметтік қолдау шараларының қай бағытта дамып жатқандығынан хабардар болды. Атап айтқанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау жүйесінің бізді қызықтырған тұстарын назарымызға алып, қаламызда да осындай жүйеде жұмыс үйлестіру жолдарын қарастырып, нәтижесінде қала әкімдігінің және депутаттардың қолдауымен Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылуына қол жеткіздік. Осы бағыттағы қолдау шараларының бірі – қалада жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі азаматтарды транспорттық тасымалдау қызметіне қосымша екі автокөлік (инватакси) бөлінуіне ұсыныс енгізіліп шешімін тапты.

Президент өз жолдауларында азаматтық қоғаммен, қоғамдық ұйымдармен, қорлармен тығыз байланыста жұмыс жасай отырып елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ете алатындығымызды баса айтып кеткендігі белгілі.

Осы орайда қалалық мәслихаттың депутаттық корпусы қоғамдық ұйымдармен және әкімдіктің бөлімдерімен бірлесе отырып бірқатар спорттық, мәдени, қайырымдылық шараларының өтуіне қолдау көрсетіп келді.

Атап айтқанда «Сыбайлас жемқорлық және Заң» газеті редакциясымен өткізілген «Барыс бала» жобасына демеушілік жасалды. Жеке азаматша Әсел Бимырзаеваның «Армандар орындалады» атты авторлық жобасымен өткен акцияға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар «Шұғылалы таң» қайырымдылық қоры, «Шапағат» қоры ұйымдастырған қайырымдылық шараларының басты демеушілері қатарында қалалық мәслихат депутаттары жүрді. Ал, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Түркістан филиалының «Зекет» қорына да депутаттар үлкен үлес қосып тұрғын үйге мұқтаж жандарға 6 пәтердің кілті табысталды. Сонымен қатар «Құрбан айт», ораза айы мерекелерінде депутаттар көптеген демеушілерді тарта отырып мұқтаж жандарға азық-түліктей, заттай, қаржылай қолдау білдірулерді жүргізіп келді.

Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің ұйымдастыруымен өткізген «Мейірімді жүрек» балаларға арналған қайырымдылық акциясына демеушілік жасалды.

 Қалалық мәслихат білім саласындағы көптеген шараларға, өзекті мәселелерге дер кезінде көңіл бөліп, қолғабыс жасап келеді. Осы салада өткен «Мектепке жол» акциясына депутаттар белсене қатысып, қолдау күткен қаншама бүлдіршінді қуанышқа бөледі.

Білім саласында жолдауда айтылғандай «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Бұл бағытта мәслихат тарапынан қаламыздағы №14 мектептің орналасқан жер аумағын кеңейту жөніндегі өтінішінің орындалуына атсалысты. Күн санап халқы, оқушы саны өсіп жатқан мектептеріміздегі үш ауысымдық оқытуды болдырмау бағытында бірқатар ұсыныстар жасады.

Жолдауда жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметтік өзгертуге айрықша назар аудару қажеттігі айтылды. Сонымен қатар тұрғын үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керектігі, ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылым қызметі азаматтардың көңілінен шықпайтындығы сөз болды. Яғни осы бағытта әлі де жұмысты атқарушы билікпен ширата түсу уақыт талабы.

-Бұл күндері күн санап бой көтерген қаламыздағы көпқабатты үйлердің барлық талапқа сай болып, халықтың көңілінен шығуы бағытындағы жұмыстардың күшейе түсу қажеттігін түсінеміз. Депутаттарымыз тұрақты комиссияның көшпелі жиындарында, жұмысшы топ басқосуларында талқыға түсіп келе жатқан осы мәселелерді жалғастыра түсуіміз қажет. Президентіміздің жолдауда айтылған бастамалары Қазақстанның болашағын айқындайды. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз деп, нық сеніммен айтты. Ел президенті алдымыздағы нақты бағыт-бағдар және олардың шешілу жолдарында көрсетіп берді. Біз осы бағыт бойынша жұмыстар жүргізіп, халқымыздың бірлігін нығайтып, еліміздің жарқын болашаққа бастау алар даңғыл жолына түсу бағытында еңбек ететін боламыз және бұл мақсатқа жетеміз деп нық сеніммен айта аламыз,-дейді мәслихат хатшысы. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер