«Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.
ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында осылай деп жазған болатын.
Ал Президент биыл жолдаған Жолдауында:
- Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек.
Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн,-деді.
Түркістанда бүгінде өзінің жеке ісін дөңгелетушілердің саны артып келеді. Соның бірі кеңестік дәуірден бері аяқ киім шығарумен айналысып келе жатқан «Дружба» фабрикасы. Фабриканың негізін Абдуразаков Абдусадык қалаған. 60 жыл уақыт аралығында аталмыш фабрика түрлі құлдыраулардан өтіп, бүгінгі таңға дейін өз өнімдерін ұсынуда. Түркістан қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы бастаған депутат Тәжібек Қалманұлы мен қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлы, қалалық саяси кеңестің мүшесі Бақдәулет Тұрманов Абдусадык ағамыздың фабрикасының жұмысымен танысты.
Қазіргі таңда шеберханада ер адамдарға арналған қыстық аяқ киімдер топтамасы бар. Шеберхана қолда бар өнімді тұтынушыларға ұсынып отыр. Жалпы мұнда аяқ киімнің көптеген түрлері тігілген. Бүгінде аяқ киім тігушілердің жоқтығына байланысты өндіріс тоқтап тұр. Абдусадык ағамыздың сөзінше жастардың қызығушылығы бұл салаға өте аз дейді. Сол себепті ауырлық пен жауапкершілікті сезіне білетін «екі қолға бір күрек» іздеп жүрген азаматтарды осы іске баулуды мақсат тұтып отырғандығын жеткізді. Қалалық мәслихат депутаттарына бұйымтайын айтқан аяқ киім шеберінің мәселесін қала әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімінің басшысы бірлесе шешетін болды. «Дружба» фабрикасы таза былғары өнімдерін пайдалана отырып, жоғарғы сапада таза тері өнімдермен аяқ киім шығарады. Шағын шеберхана 4 ұстаны жұмыспен қамти алады. Аяқ киімдер бағасы нарықтан әлде қайда төмен, көпшілікке қолжетімді. Мәселен, қысқы етіктер 18 мың теңге болса, кроссовкалар 13 мың теңгені құрайды. Өнімді тұтынушының бірі қаланың бас имамы Мұхаммеджан Ергешбайұлының айтуынша өнімнің сапасы жақсы, аяқ киім былғарыдан ішкі жағы қойдың жүнінен тігілген. Аяқты терлетпейді, ыңғайлы әрі сапалы дейді. Алдағы уақытта үйренуге ниетті қызығушылығы бар жастар келетін болса Абдусадык Абдуразаков оқу жұмыстарын толық үйрететін болады. Нәтижесінде кәсіпорынға тапсырыстар қабылданып, шикізаттарды Шымкент қаласынан, Түркия Республикасынан тасымалдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаттары қаламызға сапалы өнімімен танымал Ахметжан Динов ақсақалдың шағын шеберханасында болды. Ахмеджан ақсақал таза былғарыдан қыстық жылы мәсі шығарумен айналысады. Атакәсіп болған бұл шеберлікті қазіргі таңға дейін айналысып келеді. Өнімдерін Республиканың көптеген аймақтарына сұраныс бойынша әзірлейтіндігін айтады. Бір жұп мәсіні толық тігіп бітіру үшін екі күндік еңбегімді талап етеді дейді. Жасаған бұйымыңды ақы үшін емес ықыласыңмен алғыс алу үшін жасасаң, сол кезде өз ісіңнің қадірін аңғарасың дейді ақсақал. Отбасы мүшелеріне жалғап, үйретіп келе жатқан өз ісінің шебері балдарыныңда бұл салаға жаңашылдық алып келгенін айтады. Тарқата мәлімдейтін болсақ, ортопедиялық аяқ киім шығарумен және түрлі бел, иық, омыртқаларға арналған корсеттер мен белдеулер шығаруда. Шағын бизенстерін жетілдіру мақсатында отбасы мүшелері Өзбекстан Республикасынан аяқ киім тігу әдісін арнайы үйреніп келген. Өнімді көру арқылы кәсіптің қыр-сырын толық білетін мамандар екендігі аңғарылады. Бизнес аяқтан нық тұрып, екпінді айналым алып кетсе, кәсіптерін кеңейту жоспарларында бар екен.
Аяқ киім – халыққа қажетті өнім. Иісі де, бағасы да «бұрқырап тұрған» шетелдік өнімдерге ұрынбай, «алыстан арбаламай, жақыннан дорбалаған» жақсы. Отандық кәсіпкерлерді қолдап, сапалы өнімдермен өз сөрелерімізді толтырайық!