Биыл Түркістанға келген туристердің саны көбейді

31.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитінде туризм саласының әлеуетін арттыру мәселесіне тоқталып:

Қазақстан  туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Біз Орталық Азия елдері мен күллі түркі әлемі үшін қасиетті саналатын Түркістан қаласын белсенді дамытып жатырмыз. Тек 2020 жылдың өзінде қаланың инфрақұрылымына, Түркістанның туризмі мен логистикасына құйылған ішкі инвестиция шамамен 1 миллиард долларды құрады. Түркістан Қазақстанның ТОП-10 туристік бағытына кірді. Бұл сіздердің елдеріңіздің инвесторлары мен туристері үшін тартымды өңір болмақ, – деген болатын.

Ал мұның алдында Мемлекет басшысы:

- Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі заман талабы. Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8% жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн ал, ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек . Туризм өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар керек. Сол себепті біз туризм мамандарын дайындайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадық» , деген болатын. 

 Туризм – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан индустриялардың бірі. Зерттеулер 2030 жылға қарай әлемде 1 миллиард 800 миллион адам өз елінің шекарасынан асып, шет мемлекеттерде демалу мен саяхаттауға шығатынын көрсетіп отыр.

Қазірдің өзінде бұл сала бірқатар дамыған және алдыңғы қатарлы дамушы елдердің экономикасының негізгі тірегіне айналып, мол табыс әкеліп отырғанын көрудеміз. Алысқа бармай-ақ Түркияның өзіне жылына 40 миллионға жуық турист саяхаттап барады екен. Осының арқасында Түркия жылына шамамен 40 миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс тауып отыр. Тіпті, әлемдегі қазіргі шиеленіскен геосаяси ахуалдың өзі бауырлас елдің бұл саладағы табысының кемуіне анағұрлым әсер ете қойған жоқ. 

Ал, іргеміздегі көршілес Өзбекстан өзінің мол тарихи-мәдени мұрасын шетелдіктерге танытып, соның арқасында тарихи-сакралды туризмді қарқынды түрде дамытып келеді. Өзбекстан үкіметінің мәліметтері бойынша, 2019 жылы 6 миллион 748 мың шетелдік турист барған. Соның арқасында өзағамыз 1 миллиард 313 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Әрине, бүкіл әлемді шарпып, адамзатты әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясына байланысты 2020-2021 жылдары көрші елдің туризм саласындағы көрсеткіштері біршама құлдырады. Есесіне, биыл Өзбекстанға саяхаттап барушылардың саны бұрынғыдан да арта түсті. Осы елдің статистика комитеті таратқан ресми деректер бойынша, 2022 жылдың тек мамыр айында Ташкент, Самарқанд пен Бұқараны көру үшін шет елдерден 600 мыңнан астам турист саяхаттап барған. Міне, осының өзі тарихи және этнотуризмнің потенциалы қандай екенін көрсетіп отырғандай. 

Қазақстан, соның ішінде Түркістан облысы да киелі орындар мен тарихи-мәдени ескерткіштерден кенде емес. Басқасын айтпағанның өзінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің өзі отандастарымыз бен шетелдік саяхатшыларды қасиетті Түркістан қаласына шақырып тұрғандай. Ортағасырлық сәулет өнерінің осынау қайталанбас туындысын тамашалау үшін Әзірет Сұлтанды қадір тұтатын түбі бір түркі елдері мен бүкіл Ислам әлемінен туристер келеді. Тек соған лайықты жағдай жасалса, болғаны. 

Түркістан облысы қайта құрылған 4 жылдың ішінде мемлекет мұндайғы туризмді дамыту үшін көптеген жұмыс атқарды. 2019-2021 жылдардың аралығында бұл жерде 26 нысанның құрылысы жүргізілді. Олардың арасында «Керуен сарай» туристік кешені, қолөнер шеберлері орталығы, Ұлы Дала елі мен Яссауи музейлері, амфитеатр, әмбебап кітапхана мен драма театры және шығыс моншасы секілді елеулі, жұртшылық үшін тартымды нысандар бар. 

Туризмнің дамуында көлік инфрақұрылымының маңызды рөл атқаратын белгілі. Өйткені, қала саяхатшылар үшін қаншалықты қызықты болғанына қарамастан, егер ол жерге жететін жайлы, жылдам әрі қауіпсіз көлік пен сапалы сервистік қызмет болмаса, ол жерге саяхатшылардың ағылып баруы екіталай. Осыны ескерген жергілікті билік, ең алдымен, Түркістан қаласына ірі халықаралықәуежай ашылуына күш салды. Түркістан халықаралық әуежайы барлық әлемдік стандарттарға сай етіп салынған. Оның аумағы 905 гектарды құрайды. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 3300 метр, ал, ені 45 метрге тең. Осының арқасында Түркістаннан Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен еліміздің өзге де өңірлеріне және бірқатар шетелдерге тікелей әуе қатынасы орнады. 

Түркістанда туризмді дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелері де көріне бастады. 2020-2021 жылдары карантиндік шектеулер орнағанына қарамастан бұл салада ілгерілеу байқалып отыр. Атап айтар болсақ, Түркістан облысында туризм саласын дамытуға 2021 жылы 102 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Егер 2021 жылғы өңірдегі негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 660 миллиард 300 миллион теңгені құрағанын ескерсек, демек, өңірдегі барлық инвестицияның шамамен 15,4 пайызы туризм саласына бағытталып отыр деген сөз. Және бұл көрсеткіштің жылдан жылға артып, болашақта өз жемісін беретін анық. Оған қоса, Қазақстан барлық өңірлерін салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, туризм саласына тартылған инвестицияның көлемі жөнінен түркістан облысы республикада 1-ші орында тұр. 

Инвестицияның құйылуы жаңа нысандардың көбеюіне ықпал ететіні белгілі. Осылайша 2021 жылы Түркістан қаласында «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінде бірқатар демалыс орындар және туристік нысандары іске қосылды. Атап айтқанда, Ramada by Wyndham, Emir Plaza, Rich Hotel, Grand Villa, Golden Ray Turkistan Hotel және Этно Парк Резорт секілді нысандар қонақтарға жоғары дәрежелі әрі сапалы қызмет көрсетеді. Осының нәтижесінде шектеулер мен карантиндік шараларға қарамастан 2021 жылы Түркістан облысында туризм саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 3 миллиард 850 миллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш 2019 жылғымен салыстырғанда нақты көлем индексі 209 пайызды құрағанын айғақтап тұр. Яғни, 2 жылдың ішінде туристерге көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 2 еседен астам артқан. 

Осының барлығы, әрине, Түркістанға келушілер санының көбеюіне ықпал етіп отыр. Мәселен, 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Түркістан қаласына бір күндік келушілер саны былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 мыңдай адамға артып, 297 мың адамға жетіп отыр. Сондай-ақ, мереке және демалыс күндері Түркістан қаласындағы қонақүйлердің нөмірлік қоры толықтай сатылып кетсе,2022 жылдың 5 айында қонақүйлердің орташа жүктемесі 41 пайызға жеткенін де айта кеткен жөн. 

Ел Үкіметі тарапынан жыл соңына дейін Түркістанға бір күнге келушілердің санын 1 миллион 300 мың адамға жеткізу міндеті жүктелген. Туризм саласы табысты көбірек әкелуі үшін саяхатшылардың бір күнде қайтып кетпей, осында қонуы, тамақтанып, демалып, түрлі іс-шараларға қатысып, бірнеше күн қалаға тоқтауы керек. Осыған орай биыл Түркістанға қонатын туристердің санын 261 мың адамға, соның ішінде шетелдік туристерді 7200 адамға жеткізу жоспарланған. 

Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Түркістан түрлі мәдени іс-шараларды көптеп өткізген абзал. Осыған орай Түркістан облысының әкімдігі «Керуен сарай» туристік кешенінде көптеген мәдени шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Түркістан облысның әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, Түркістанда мереке күндері «Керуен сарайда» атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, республикамыз бен шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді. 

Түркістан облыстық туризм басқармасының мәліметі бойынша, жыл соңына дейін Қазақстанға танымал әншілер мен эстрада жұлдыздарының және халық арасында кеңінен белгілі топтардың қатысуымен 17 іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы тарапынан 25 іс-шараны өткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта туризм басқармасы «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және «Керуен сарай» көпфункционалды туристіку кешені іс-шаралар тізбесін пысықтап шықты. Іс-шаралар тамыз айында өткізіле бастады. 

Әрине, тек іс-шаралар мен концерттік бағдарламалар өткізу арқылы туризмді дамытып жіберу қиындау. Сондықтан туризм саласының қарқын алуы үшін Түркістан қаласын одан ары қарай дамытудың  2-ші кезеңіне басталады. Облыс әкімдігінің деректері бойынша ол 4 аумақта жүзеге асырылатын болады. Аэропорт аумағында 12 жоба іске асырылады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, 3 самолетке арналған ангар өзге де нысандар салынады. Ал, әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны салу жоспарлануда. Атап айтқанда, теннис орталығы, мұз сарайы, ат-спорт кешені, демалыс орындары және инженерлік инфрақұрылымы. Мұның барлығы қаланың туристер үшін тартымдылығын арттыра түсері сөзсіз. 

Үшінші аумақ Б.Саттарханов даңғылының бойында спорттық кешен, Яссы желілік саябағы, ірі сауда орталықтары, 182 гектарлықуниверститеттік ботаникалық бақ және «Парк Лайн» коттедж кешені бой көтереді.

Ал, ең негізгі төртінші аумақ, яғни, мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру қолға алынбақ. Мұнымен қоса «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Керуен Сарай тұрғын үй кешені, Аманат коттеджі қалашығы, Medina Palace қонақ үйі мен Қылует мәдени-рухани орталығы салынуда.    Жалпы,    Түркістан    қаласын    дамытудың 2-ші кезеңінде инвестициялардың көлемі 1 триллион 300 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Оның ішінде 1 триллион теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар болып табылады. Яғни бюджеттен бағытталған 1 теңгеге жеке инвестициялардың 3 теңгесі тиесілі.

Өңірде туризм саласын дамыту үшін Түркістанның туристік өнімдерін халықаралық нарықтарда ілгерілету үлкен маңызға ие. Мұндағы ең тиімді жол – Өзбекстанға келген шетелдік туристерді Түркістанды да тамашалап қайтуға тарту. Сондықтан туристік саланы халықаралық деңгейде дамыту мақсатында Өзбекстан мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының форумы аясында Үкімет басшыларының қатысуымен Ташкент, Самарқанд, Бұхара облыстары мен Түркістан облысы құрамдастырылған турларды әзірлеу және оларды әлемдік нарықтарда ілгерілету бойынша төрт жақты келісімге қол қойылған. Жуырда Түркістан, Шымкент және Ташкент арасында жоғары жылдамдықты теміржолдың жобасы жүзеге асырылатын болады. Бұл жобаны іске асыру екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен туризмді дамытуға оң әсер береді деп күтілуде. 

Тек Түркістан қаласы ғана емес, жалпы облысымыздың барлық  аймақтары тарихи және мәдени нысандарға, табиғи демалыс орындарына бай екені мәлім. Айталық Түркістан мен Кентау қалалары және Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмді дамытуға мүмкіндік мол болса, ал, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру туризмі өркендеген. Оған қоса Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді. 

Соның бірі ретінде туризмді дамытудағы алар орны ерекше «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені» жобасын айтуға болады. «Қасқасу» тау-шаңғы базасы Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Қасқасу шатқалында салынып жатыр. Жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП – 50 нысанның тізіміне енгізілген. Бұл жоба Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына енгізілді. Жобаның сыртқы инженерлік-инфрақұрылым соммасы – 3 миллиард 600 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытта «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығын» салу жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жобаны іске асыру кезеңі 2021-2023 жылдарға арналған. Жоба толығымен жүзеге асырылып, тау-шаңғы базасы мен курорт іске қосылған кезде мұнда 5000-ға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жалпы, 2025 жылға дейін Түркістан облысына келетін туристердің санын 2 миллионға жеткізу көзделген. Бұл мақсатқа жетер болсақ, туризм саласы Түркістан облысы экономикасының драйверіне айналатын күн де алыс емес. 





Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер