Туризм – әлемдегі экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Қазіргі кезде туризм әлемдік экономикадағы қарқыны төмендемейтін саланың біріне жатады. Соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналғаны да ақиқат.
Біздің еліміз де 1993 жылы Дүние жүзі туристік ұйымының мүшелігіне еніп, экономиканы нығайтудың маңызды саласы – туризмді дамытуға баса назар аударылып келеді. 500-ден астам туристік фирмалар қызмет ететін мемлекетіміздегі бұл саланың дамыған аймақтары қатарына Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарымен бірге біздің Түркістан облысы да жатады. Әсіресе Ресей, Қытай, Германия, Корея, Польша, Түркия елдерінен келушілердің қатары қалың.
Ал жаңадан құрылған Түркістан облысында туризмнің дамуына Президенттің бұл салаға басым сала ретінде көңіл бөлуі түрткі болып отыр.
Жалпы Ұлы Жібек жолының жаңғыруы өңір туризмінің дамуын дұрыс жолға қойып, еліміздің басқа елдермен байланысы нығайтып, көне қалалары көп аймақтың жаңа бет-бейнесін қалыптастырып келеді. Қазіргі заманғы туризм индустриясын құру да рухани астананың беделін көтеріп, туристік тартымдылығын арттыра түсуде. Қазақстан әлемде туристік бағытта әлі де болса белгісіз ел. Сондықтан да Қазақстанның туристік бейнесін көтеру үшін барлық аймақта, әсіресе Түкістанда кең көлемді шаралар жүзеге асуы қажет. Негізгі шаралардың бірі ретінде туристік фирмалар мен агенттіктердің халықаралық туристік жәрмеңке, көрме, конференцияларын т.б. өңірде жиі өткізуді атап көрсетуге болады.
Шындығында Оңтүстік өңірінің туристік шаңыраққа айналуына мүмкіндік мол. Өйткені тарихы тереңде жатқан Түлкібас, Сайрам, Отырар т.б. сияқты көркем өңірлер де, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб кесенесі сияқты мәдени, тарихи мұралар да осы аймақта орын тепкен. Расымен де Түркістанды түлетуде туризмнің өсіп-өркендеуі зор ықпалын тигізетінін жоққа шығаруға болмайды. Жылдағыға қарағанда өңірде туристік агенттіктер арқылы аймаққа ат басын бұрған туристердің саны да өсіп келеді. Ішкі маршруттық көрсеткіштер де артып, облыс әкімшілігі туризмнің дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Туризмді жемісті өрістетуге қолайлы облыстардың санатына Алматы, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының кіргізіліп, әр аймақтағы турбизнестің ерекшелігі де ескеріліп, туризмді дамытуға ден қойылып отырғаны қуантады бізді.
Ал ақиқатын айтсақ, біздің өңір көне ескерткіштердің көптігімен сипатталады. Мысал ретінде, Қазақстанның «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан туристік орталықтарын айтсақ болады. Сонымен қатар «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризмнің инфрақұрылымын жасау» атты мемлекеттік бағдарламаның баяндылық табуы да туризм индустриясын көтеруге сеп болып отыр.
Осы тұста статистикалық деректерге де жүгіне кетсек, қазіргі кезде әлемде туризм индустриясында 212 миллион жұмыс орны бар, ал келешектегі он жылда оның саны 338 миллионға дейін өсуі ықтимал.
Еліміздегі көрікті жерлер мен тарихи нысандардың көптігі де бұл саланы басты назарға алуды талап етеді. Еліміздің ішкі туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жарияланғалы бері 2023 жылға қарай Қазақстан Республикасының ЖІӨ жалпы көлеміндегі туризмнің үлесін кем дегенде 8 % деңгейінде қамтамасыз ету қарастырылуда. Демек туризм саласын Түркістан өңірінде қарқынды дамытуға да жол ашық. Осы бағдарлама туристер қызығатын орындарды дамыту және еңбек ресурстарын туризм саласына жаппай тарту, сыртқы және ішкі туристік ағынды түбегейлі өсіру, қолайлы туристік климат жасау арқылы туристік салаға инвестицияларды ұлғайту, ішкі және халықаралық нарықтарда Қазақстанның туристік әлеуетін танымал ету, елдің туристік саласын толыққанды институттандыру арқылы туристік қызметтер мен өнімдердің қолжетімділігін және сапасын, сондай-ақ республика халқының өмір деңгейін арттыруға бағытталған.
Ал БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымының (UNWTO) бағалаулары бойынша 2030 жылға қарай танымал курорттарға және тарих пен мәдениет ескерткіштеріне шамамен 1,8 млрд. адам барады деп болжануда. Туризмнің ең жылдам өсуі Қытайда, Үндістанда және Ресейде байқалады десек, Қазақстан да туризм бойынша әлемде өз орнын алуы керек-ақ.
Ал Азиялық сапарлар мониторингінің болжамдарына сәйкес, 2050 жылы ең қарқынды дамитын туристік нарықтар Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Мексика, Оңтүстік Корея, Малайзия, Тайландта болады екен.
Біздің Қазақстанның, оның ішінде оңтүстік аймақтың да туристік инфрақұрылымы жыл сайын тұрақты түрде өсіп келеді. Олай болса, тұрақты туристік ағынды қамтамасыз ету қажет. Туристік ресурстардың даму деңгейін арттыру да кезек күттірмейтін іс. Қолдағы бар деректерге қарасақ, ТОП-10-ға енген ең перспективалы бағыттар ретінде Қазақстанның мына туристік аумақтары қарастырылған екен:
Алакөл көлі – әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист (ағымдағы ағын – бір жылда 772 000 турист);
Алматы өңірінің тау кластері– әлеуеті бір жылда 2 500 000 турист (ағымдағы ағын – 500 000);
Щучинск-Бурабай курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 2 000 000 турист (ағымдағы ағын – 750 000);
Баянауыл курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 450 000 турист (ағымдағы ағын – 200 000);
Имантау-Шалқар курорттық аймағы – әлеуеті бір жылда 400 000 турист (ағымдағы ағын – 130 000);
Балқаш көлі – әлеуеті бір жылда 400 000 турист (ағымдағы ағын – 130 000);
Шарын каньоны – әлеуеті бір жылда 1 000 000 турист (ағымдағы ағын – 100 000);
Түркістанның тарихи-мәдени туризмін дамыту – әлеуеті бір жылда 1 500 000 турист (ағымдағы ағын – 500 000);
Маңғыстаудың жағажай туризмін дамыту – әлеуеті бір жылда 750 000 турист;
Астана қаласы МІСЕ туризмін дамыту – әлеуеті бір жылда 1 000 000 турист.
Демек Түркістан өңірінде туризм даму үшін айналасындағы елдерде де бұл сала дамуы керек. Универсиада өткізіп, ЭКСПО сияқты әлемдік деңгейдегі шаралардың ұйымдастырылуы да шыны керек еліміздің туристік тартымдылығын арттыруға сеп болғаныы анық. Дей тұрсақ та туризм жалпы бірден дамитын сала емес. Кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқаны, инфрақұрылым мәселесінің шешімін табуы, жолдардың салынуы, рухани астанадағы халық санының арта түсуі т.б. бұл саланың болашағы жарқын екенін айғақтай түседі
Кез келген елдің туризмнен түсіретін табысы мемлекеттің бұл салаға қаншалықты көңіл бөліп, қамқорлық жасап отырғанына тікелей байланысты. Сол себепті де туристік қызметті мемлекеттік деңгейде реттеу мен қолдау жүйесін дамыту бағытында көптеген нақтылы шараларды жүзеге асыруға баса мән беріліп келеді. Туризмді өркендетудің туризмді дамытуға бағытталған мәдениеттен басталуы керектігін де қаперде ұстаған жөн. Ішкі туризмнің дамуына әсер ететін бірнеше ұсынысымды айта кетсем, туристік бет-бейнені қалыптастыру үшін туристік хабарлама орталықтарын ұйымдастыру, сондай-ақ шет елдердегі Қазақстан елшілігіндегі өкілетті тұлғаларды араластыру жұмыстарына көңіл бөлуі керек. Еліміздің туристік қуатын жарнамалауда ұлттық әуе қатынасын және басқа да транспорттық кәсіпорындарды пайдалана білу қажет. Шет елдерде Қазақстан туралы жоғары сапалы полиграфиялық үнтаспаларды уағыздау жұмысына көңіл бөлуі, сонымен бірге Қазақстанда әлемдік деңгейде әр түрлі мәдени, спорттық, туристік шараларды өткізу қажет.
Түркістандағы туризм саласының насихатын күшейту де өз нәтижесін беруде. Әсіресе, ғаламторға киелі қалаға саяхатты үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді, жазба материалдарды ағылшын, орыс, француз, қытай, араб тілдеріне аударып салу керек. Сондай-ақ Түркістан өңірінің көркем жерлерін шетелдік туристерге таныстыру мақсатында фотосурет, қысқаметражді түсірілімдер байқауын өткізіп, туристік орындардың басты ерекшелігін, салт-сана, мәдениетке қатысты материалдарды сапалы дайындау да салаға тың серпін беруі тиіс деген ойдамыз. Сондықтан туризмді дамыту үшін туристік өңір туралы романтикалық түсініктердің қалыптасуына айрықша мән беру керек.
Яғни ішкі туризмді біртұтас индустрия ретінде қалыптастыру туризмді дамытуға, қызмет ету саласының өрісін кеңейтуге септеседі. Қазіргі таңда облыс орталығында да қатынас саласының кірісі артып, жаңадан бой көтерген қонақүйлердің, көңіл көтеру орындарының, дәмхана, мейрамханалардың, сауда-саттық орындарының саны арта түсуде. Соңғы жылдары халықаралық туристік индустрияда көзқарастың оң өзгеру тенденциясы байқалып, яғни халқы тығыз емес және өзіндік мәдени ерекшеліктері бар елдерге қызығушылық байқалып отыр.
Туризмнің әлеуметтік мәдениетке әсері зор. Туризм индустриясын дамыту жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, шетелдік валютаның мемлекетке түсуінің өсуіне, ірі және кіші мекемелердің дамуына, жергілікті транспорттық инфрақұрылымның жаңаруына, оның ішінде байланыс және сервистің дамуына алып келеді. Осы дамуымен жергілікті, аймақтық және халықаралық, экономикалық, саяси байланыстарды жақсартады.
Туризм қоршаған ортаның едәуір жақсаруына да әсерін тигізеді, себебі туризм қоршаған ортамен тығыз байланыста.
Фирмалардың көп бөлігі шығу туризміне жұмыс істесе, кейінгі кезде келу туризміне жұмыс істеуші фирмалар санының көбею тенденциясы байқалады.
Ал туристік әлеуеті жоғары Түркістан облысында да бұл тарапта атқарылып жатқан ілкімді істер аз емес. Мәселен, Түркістан қаласында бүгінгі күні ең үлкен саналатын жасанды көлдің құрылысы аяқталып, «Тұңғыш Президент саябағы» пайдалануға берілді. Қала іргесіндегі 28 га жерде орналасқан «Дендросаябақ» та туристер жиі аялдайтын орын. Статистикаға сүйенсек қазір Түркістандағы туристік аумақта 2 мыңға жуық автотұрақ бар екен. Олардың санын арттыру мақсатында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Түркістан тұрағы» жобасы аяқталса, бұл мәселе толықтай шешімін табатыны да айқын.
Түркістан облысына 2019 жылы келушілер саны 1 миллионнан асса, биылғы жылы «жасыл аймақта» болған өңірге келгендер саны 5,5 есеге артты. 2018 жылмен салыстырсақ, облыста 148 қонақ үй болса, бүгінгі таңда облыста 40 қонақ үй салынды, оның 188-і 8000 орындық, яғни күніне 8000 турист қабылдайтын мүмкіндікке ие. Сонымен қатар, жаңа қонақүйлердің құрылысына инвесторлар тарту, туристердің келуіне оңтайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізілуде.
Осы ретте айта кетсек, облыс туризм саласын үздіксіз дамыту арқылы 2025 жылы туристер ағыны мен келушілер санын 2,5 млн. адамға арттыруды жоспарға алып отыр.
Ал, қаланың кіреберісінен салынып жатқан зәулім мешіт Түркістанға Өзбекстан мемлекеті тарапынан жасалған тарту. Шығыс үлгісіндегі Ислам орталығының аумағы 20 мың шаршы метр, айналасында 400 орындық медресе, кітапхана, асхана, неке сарайы және басқа да қосымша нысандар салынады. Сондай-ақ бір мезетте 10 мың туристті қабылдай алатын Орталық Азиядағы ең ірі
«Керуен – сарай» көпфункционалды туристік кешенін «Turkistan Tourism City» компаниясы қолға алып, кешен құрылысы 2019 жылы желтоқсан айында басталған болатын. Нысан Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буферлік аймағында 20,5 га аумақта орналасқан. Мұнда 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Кешенде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Бұл ретте, барлық құрылымдар су арнасы арқылы байланыстырылған, онда судағы «қайық шеруі» театрландырылған шоуы өткізіледі. «Керуен-сарай» кешенінің Орталық Азияда баламасы жоқ және ол Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейін өңірге туристер мен инвестицияларды тартатын басты орталыққа айналуы тиіс. Демек Түркістандағы туризмнің болашағы зор. Таяу жылдарда табысты салаға айналатын өңір туризмін өркендету сол себепті де басты міндет болып қала бермек.
С.Сарсенбекова,
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің
1-курс студенті.