Ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, ұлағаты ұстаз атына сай болған «Оқу ағарту ісінің үздігі», Қазығұрт, Төлеби аудандары мен Леңгір қаласының Құрметті азаматы атанған Зетбек Ташевтің елге еткен еңбегі өз алдына бір мәселе. Ал оның өнегелі ісін бүгінгі ұрпаққа қаншалықты танытып отырмыз, абзал азаматтың есімін қаншалықты ардақтадық, бұл екінші мәселе. Біздің қозғағалы отырған тақырыбымыз екіншісіне қатысты.
Зетбек Ташевке Леңгір қаласынан көше атын беру туралы құжаттар 2019 жылы қабылданып қойылғанымен, оның осы уақытқа дейін орындалмай отырғаны бұған дейін жергілікті басылымдарда, әлеуметтік желіде жазылды. Жуырда «Рейтинг» газетінің редакциясына марқұмның жұбайы Ұлбосын Ташева хабарласып, осы мәселеге қатысты журналистік зерттеу жүргізуімізді сұранғандықтан Төлеби ауданына арнайы жолға шықтық.
Алдымен құжаттарды «сөйлетсек». Зетбек Ташевтің атын өзі тұрған Леңгір қаласы №2 және №3 мөлтекаудандардағы орталық көшеге беру туралы ұсыныс 2018 жылы көтерілген. Осыған байланысты 2018 жылдың 10 ақпанында аталған көше тұрғындарының жиналысы өтеді. Оған 118 тұрғын қатысып, ұсынысқа келісімдерін берген.
-Зетбек Ташев ел үшін еңбек еткен азамат еді, оған қандай құрмет көрсетсе де жарасады,-деді біз сөйлескен, осы бастаманың басы-қасында жүрген көше тұрғыны Орынбасар Саудашов. Оның айтуынша, Ташевтің аты ұсынылған көше бұған дейін ешкімнің атында болмаған.
2019 жылдың 12 желтоқсанында Төлеби аудандық мәслихаты мен Төлеби аудандық әкімдігі Ташевтің атын №2,3 мөлтекаудандардағы орталық көшеге беру туралы ұсынысты Түркістан облысының ономастика комиссиясының қарауына жіберу туралы бірлескен қаулы мен шешім қабылдайды. Ұсыныс сол жылдың 26 желтоқсанында аталған комиссияның қарауынан өтіп, оған оң қорытынды берілген. Сонымен бірге бізге ұсынылған құжаттардың ішінде 2019 жылдың 25 қазанында Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтің Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке жолдаған хаты да бар. Хатта «Ленгір қаласындағы атауы жоқ көшеге «Оқу ісінің үздік қызметкері» төсбелгісінің, Қазақ ССР Құрмет Грамотасының иегері, қоғам қайраткері Ташев Зетбек Көлбайұлының есімін беру туралы мәселені облыстық ономастикалық комиссия қарауына енгізуге келісім білдіруге болады деп санаймыз. Осы ретте Түркістан облысы әкімі аппаратына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті жұмыстарды жүргізуді сұраймыз» деп жазылған.
Алайда Президент әкімшілігі, Түркістан облыстық ономастика комиссиясы, Төлеби аудандық әкімдігі мен мәслихаты қолдаған ұсыныс 5 жылдан бері әлі іске аспаған. Неге?
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші даулы жағдай 2020 жылдан басталған. Ташевтің есімін №2,3 мөлтекаудандағы орталық көшеге беру туралы ұсынысты Төлеби аудандық Қоғамдық кеңесі қолдамайды. 2020 жылдың ақпанында кеңес төрағасы Бұхар Оралбеков Ленгір қаласың әкіміне жазған хатында №2,3 мөлтекаудандардағы орталық көше 2003 жылы Ленгір қаласы әкімінің шешімімен Қапал батыр көшесі деп бекітілгенін, қаланың бас жоспарында және осы көшеде орналасқан нысандардың құжаттарында Қапал батыр көшесі деп көрсетілгенін жазады.
-Осыған байланысты бір көшеге бөліп жарып, екі атау беруді қолдамаймыз,-делінген хатта одан әрі Ташевке атауы жоқ басқа көшелерге беру жөнінде ұсыныс көрсетілген. Былтыр қарашада бұл мәселе Қоғамдық кеңестің қарауына тағы түседі, жоғарыдағы себептерді алға тартқан кеңес ұсынысқа тағы да келісімін бермеген.
Сонда қалай, аудан әкімдігі, мәслихат, облыстық ономастика комиссиясы Зетбек Ташевтің есімін Қапал батырдың атымен аталатын көшеге бермек болған ба? Әлде кеңес төрағасы Оралбеков елді шатастырып отыр ма? Осы сұраққа жауап табу мақсатында біз Ташевтің аты беріледі деген және оған жақын жатқан Қапал батыр көшесіне барып, мән-жайды өз көзімізбен көріп қайттық.
Құжаттарға қарағанда, Қапал батырдың аты көшеге 2003 жылы сол кездегі Леңгір қаласының әкімі Т.Сәулембаевтың шешімімен берілген екен. Шешімде «Ленгір қаласы 6-мөлтекауданы (№2, 3 емес, №6-шы мөлтекаудан. Редакция) Интернациональная көшесі «Қапал батыр» атындағы көше болып өзгертілсін» делінген. Қапал батыр көшесі қаладағы бірнеше мөлтекауданды кесіп өтетін ұзын көшенің Тәуелсіздік саябағы орналасқан бұрылысынан басталады. Осы жердегі тұрғын үйлерге «Қапал батыр-1», «Қапал батыр-2» деген тақтайшалар да ілінген. Ол екі жарым шақырымға дейін созылып, TS жанармай бекетінен аяқталады. Ал Ташевтің есімі беріледі деген атаусыз көше жоғарыда айтылған Тәуелсіздік саябағындағы бұрылыстан жоғары қарай, Біркөлік демалыс аймағына шығатын тас жолға дейін созылады. Құжат жүзінде бұл көше ешкімнің атына берілмеген. Көше бойындағы үйлерге «№2 мөлтекаудан», «№3 мөлтекаудан» деген тақтайшалар ілінген. Дегенмен кейбір коммерциялық нысандар мен мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында «Қапал батыр көшесі» деген тақтайшылар да кездеседі. Бірақ бұл қисынға келмейді. Мәселен көшенің кіре беріс бөлігінде орналасқан қалалық ауруханаға «Қапал батыр 2» деген тақтайша ілінген. Оның қасындағы дәріханада «Қапал батыр 27» деген жазу тұр. Ал «Қапал батыр-2», «Қапал батыр-27» деген үйлер Тәуелсіздік саябағынан кейін басталатын тұрғын үйлерде тағы қайталанады. Сонда бұл неғылған жүйесіздік, тәртіпсіздік. Атқамінерлердің өзін адастырып отырған да осы тәртіпсіздік емес пе?
Леңгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаевты таба алмадық. Оның орынбасары Қуаныш Татыбаевқа жолығып тілдескенімізде осыған қатысты жауапты кейінірек хат арқылы жіберетінін мәлім етті. Хатты сол күні кешкісін электрондық нұсқада алдық. Онда тек Ташевке көше беру мәселесін аудандық Қоғамдық кеңестің қолдамағандығы ғана жазылған.
Жасыратыны жоқ, көтеріліп отырған тақырып үшін Төлеби аудандық мәслихаты мен Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрлан Қойбағаров пен Бұхар Оралбековтің пікірі маңызды еді. Алайда арнайы іссапармен барғанымызда екі азаматты да жолықтыра алмадық.
Ал аудандық мәслихатта көше атауы мәселесін талқылаған біріккен комиссиялардың жиынында төраға болған, депутат Хабидулла Нышанбаевпен тілдескенімізде ол бұл мәселенің жуырда мәслихат сессиясына шығарылғанын, алайда күн тәртібінен түсіп қалғанын айтты. Себебі құжаттар заңға сәйкес болмай шыққан көрінеді.
-Сондықтан көше атауы берілсін, берілмесін деген жерге әлі жеткеніміз жоқ. Құжаттар дұрыс болмаған соң, бұл мәселені қарау кейінге қалдырылды,-деді төраға.
Нышанбаевтың айтқанынан түсінгеніміз «дұрыс емес» деген құжаттарды түзету, реттеу онша көп қиындық туғызбайды. Ең бастысы, көше тұрғындары келісімдерін, ономастикалық комиссия қорытындысын берді емес пе?
«Егер бұл қателіктер түзетілсе, Ташевке сұрап отырған көше атауы беріле ме?». Бұл сұраққа келгенде төраға ономастикалық комиссияның қорытындысында Ташевтің есімі «№2-3 мөлтекаудандардағы атауы жоқ көшеге» беру қарастырылғанын алға тартты. Сондықтан Ташевтің атын мөлтекаудандағы атауы жоқ басқа көшеге беру ұсынылуы мүмкін екендігін, егер орталық көшеге атын берсе адамдардың қарсылығы туындайды деген әңгімелердің барын да жасырған жоқ.
«Ау,сонда әуел баста аудандық мәслихат пен әкімдіктің Леңгір қаласындағы №2,3 мөлтекаудандағы орталық көшеге Зетбек Ташевтің атын беруге келісіп бірлесе жолдаған ұсынысы қайда қалды? Ал қарсылықты нақты кімдер білдіріп жатыр?». Қабырғасынан қойылған бұл сауалға Хабидулла Нышанбаев «Нысанбек елді мекенінің жігіттері қарсылық білдіріп жатыр» деген әңгімелерді естігенін мәлім етті. Сонда қалай? Аудандағы басқа ауылдық округтегі басқа ауыл адамдарының Леңгір қаласындағы көше атауына араласып, қарсылық білдірді дегені қаншалықты қисынға келеді? Әлеуметтік желіде Ташевке көше атын беру мәселесінің созабалаңға салынғаны туралы бұған дейін бірнеше пост жазылды, жергілікті газет «Төлеби туы» журналистік зерттеуін жариялаған болатын. Алайда мұны назарына алып, санасып жатқан жатқан кім бар? Леңгір қаласының әкімдігі мәселені консултативтік орган саналатын Қоғамдық кеңеске тіреп отыр. Сол қоғамдық кеңесті құратын, кеңес төрағасынан бастап мүшелеріне дейін тізіммен бекітетін, қысқаша айтқанда бүтіндей билігі жүретін мәслихат көше атауына қатысты құжаттардағы екі түрлі деректің себебінен елді екіге бөлетін дауды ушықтырмай бір жағына қарай батыл шешім қабылдаудың орнына созбалаңға салып отыр. Құжат сөйлейтін заманда адамдардан арыз түссе, не соны көрсетпей, не қарсылық білдіруші белсенді топтағылардың атын атап түсін түстемей, төраға Нышанбаевтың «андай әңгіме естідік, мындай әңгіме естідік содан қоғамдық пікір туындауда» деп көшенің әңгімесін көлденең тартқанын түсінбедік. Сол қоғамдық пікір де қолдан жасалып отырған жоқ па деген күдіктің де құлағы қылтиғаны осыдан.
Әлде даудың артында тасада тығылып қолтыққа су бүркетін диспетчерлер тұр ма? Егер олай болмаса, елдің қарсылығын ашық қоғамдық талқылауда нақты дәлел-дәйекпен айғақтап беріп батыл шешім қабылдануы қажет. Екі түрлі құжатты екі жаққа тартқылаған ат төбеліндей топтың өзара келісімге келе алмауы елді де екіге бөлмесе, бұған дейін сырт көз сүйсініп жүрген төлебиліктердің ішкі сыйластығы мен бірлігіне сызат түсірмесе дейміз. Біздікі біреуінің сөзін сөйлеу, жақтасу емес, біздің басты қаупіміз, алаңдаушылығымыз осы. Туғанына жақпаса да турасын айтқан Төлеби бабымыздың атын иемденген ауданда Тоқаев айтқан заңның үстемдігі сақталып, Әділетті Қазақстан әдірем қалатын әрекетке жол берілмеуі керек.
Кешегі күні біз Ташевтің туыстарымен сөйлескенімізде олар бес жылдан бері шешілмеген мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін енді сот төрелігіне жүгінуден басқа амалдың қалмағанын мәлім етті.