«Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Оның кепілі – заңдылық», дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев.
Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – Ата Заңымыздың басты талабы. Дегенмен оны бұзатын, отбасында балалары мен жұбайына зорлық-зомбылық көрсететін жекелеген адамдар өкінішке орай ортамызда бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүргенін айтты. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек» дейді Президент.
Соңғы жылдарда отбасылық зорлық-зомбылық туралы жиі айтатын болдық. Өкініштісі сол, соңғы он жылдықта еліміздегі бұл санатағы қылмыс саны артып келеді. Оны әйелдерге арнап ашылып жатқан дағдарыс орталықтарының көбейуінен аңғару қиын емес. Қазіргі таңда елімізде 50-ге жуық дағдарыс орталығы, екі аналар үйі бар. 2000 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 22367 болса, 2022 жылы 166 мың болған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдер қоры таратқан дерегі бойынша, Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болған әйелдердің саны бір жыл ішінде 500-ге жетеді екен. Әйел затын ерекше бағалайтын, қызды қатты қастерлейтін қазақ қоғамы қайда барады өзі?
- Отбасындағы зорлы-зомбылық біздің елде ғана бар нәрсе емес, ол әлемнің барлық елінде бар. Онымен барлық мемлекет қал-қарекетінше күресіп бағуда. Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген. Бүгінгі таңда отбасы аясындағы құқық бұзушылықтар бойынша түскен шағым-арыздар, хабарламалар бойынша учаскелік полиция инспекторлары оқиға орындарына жедел шығып, тиісті шара қабылдап отырады. Өткен жылы Түркістан қаласында отбасы шырқын бұзған 30 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жолданды. Бұдан бөлек, басқа да осыған ұқсас хабарламалармен қоса жалпы 124 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріліп, алдын-алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Отбасының шырқын бұзған жиырмаға жуық азаматқа сотпен ерекше талап қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріліп, алдын-алу жұмыстары жүргізіліп отырады, - дейді Бауыржан Жанаев.
Әйел отбасында қандай зорлық көрсе де, көп жағдайда отбасының тыныштығы үшін бәріне төзуге әзір. Бірақ қоғамда ер адамдардың дені бәрібір әйелдердің өздерін кінәлайды. Бұған енді сала мамандарының, психологтар мен имамдардың да айтар уәжі бар. Соңғы жылдары осындай оқиғалардың соңы әйел өліміне де алып келуде. Қанша қорлық көрсе де, шағымдануға дәті бармай жүрген қаншама әйел бар? Ашумен арыз жазып қойған әйелдердің өзінің 90 пайызы шағымдарын кері қайтарып алады екен.
Президент Жолдауында көтерілген тағы бір мәселе – нашақорлықпен күресті күшейту. Есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында қаламызда олармен алдын-алу жұмыстары жүргізілуде. Профилактикалық есепте ішімдікке салынған – жүзге жуық, есірткіге әуес – қырықтан аса, бұрын сотты болған – 22, жүйке ауруымен ауыратын – 127, мерзімінен бұрын шартты түрде босанғандар, қорғау нұсқамасы шығарылғандар, сотпен ерекше талап қойылғандар, шартты түрде сотталғандар, әкімшілік қадағалауға жататын жүзден аса азамат пен отыздан аса жасөспірім есепте тұр. Есепте тұратын маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді, - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев.
Қалай десек те, жоғарыда айтқанымыздай, маскүнемдікке, нашақорлыққа салынып, жұбайын ұрып соғу сынды отбасындағы жағдайдың бала тәрбиесіне тигізер зияны көп. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей бала ата-анасынан қандай тәрбие алса болашағы да, өмірі де солай болады. Сондықтан баланың тәрбиесіне бей-жай қарауға болмайды.