Түркістан қаласында облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы мен Түркістан қалалық полиция басқармасының ұйымдастыруымен мал ұрлығына қатысты жиын болды. Оған облыстық және қалалық прокуратурасы мен қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері және ветеринарлық қызмет пен мекеме, базар басшылары қатысты.
Жиынды облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ердәулет Амантаев ашып жүргізді. «Бүгінгі таңда өзекті болып тұрған мәселенің бірі – мал ұрлығы. Халқымыз үшін де төрт түліктің орны ерекше. Амандасқанда да «мал-жан аман ба» деп хал сұрасамыз. Себебі, ел малмен күн көреді. Ауыл халқы әлі де малмен жан бағып отырғаны белгілі. Өкініштісі оған ел ішінде мал ұрлығына тыйым болмай тұр. Осы ұры-қарлыққа қатысты жазаны ауырлату туралы екі жыл бұрын Мемлекет басшысы бірнеше заңға қол қойып еді. Атап айтсақ, мал ұрлағандар мен мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты заңды қатайтқанын жақсы білеміз. Ал мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына қосқан болатын. Сондай-ақ Заңда ол қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай барымташыларды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру да қарастырылған болатын», - дей келіп, мал ұрлығына қатысты мәселелерге тоқталды.
Қазіргі таңда еліміздегі халықтың 42 пайызы, ал өңірімізде 63 пайызы ауылды жерде тұрады. Олардың көпшілігінің негізгі табыс көзі – қорасындағы малы. Сол себепті, егер қылмыскер қора-жайға, фермаға ұрлыққа түсіп, үлкен мөлшерде шығын әкелсе, ұрылар топтасып болса, бұл ауыр қылмыс санатына өтеді. Заңға енген өзгерістерге сәйкес мұндай жағдайда екі жақтың ымыраға келуі арқылы да қылмыстық іс тоқтатылмайтын болды.
- Биыл қалады бөтеннің мүлкін ұрлау мен мал ұрлығы бойынша қылмыс өткен жылмен салыстырғанда төмендегені байқалады. Бүгінгі күні жыл басынан бері өңірде ұрлық қылмысы жалпы қылмыс санының 12,9 пайызын құраса, мал ұрлығы 1,9 пайызды құраған. Осы жылдың 6 айындағы қорытынды бойынша 50 мал ұрлығы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 47,4 пайызға төмендеген. Жоғарыда айтылған 50 деректің қазіргі уақытта 29-ы ашылып, облыс аумағында мал ұрлығын «кәсіп» еткен 8 қылмыстық топ құрықталды. 18 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Аталған қылмыстық топтың нақты 12 мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Одан бөлек, 5 мал ұрлығын жасаған күдіктілер анықталып, оларға қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді Ерлан Қойшыбек.
Сондай-ақ бүгінгі күні мал ұрлығына қатысты жаза да ауырлай түскен. Атап айтсақ, арқаны кеңге салған кейбір тұрғындар ірі қарасын қараусыз жайылымға жіберіп, оның өрістен қолды болуына сеп болуда. Бұрын мал ұрлау – Қылмыстық Кодекстің 188-бабы ұрлық, яғни, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру қылмысы бойынша қаралатын. Бұл баппен мал ұрлаған адам ұсталып, қылмыстық жауаптылыққа тартылу кезінде малдың иесіне жымқырған малын қайтарып немесе келген шығынды ақшалай орнын толтырса не жәбірленушімен татуласса ҚК-нің 68-ба бының талаптарына сәйкес, қылмыстық жауаптылықтан босатылатын. Алайда, кейін осы мал ұрлаған адамдар, қылмыстық заңның осы осал тұсын біліп алып, әрекеттерін қайта кірісетін болды. Осындай жағдайлар қайталана бергендіктен жаңа заң Қылмыстық Кодекстің 188-1-бабымен мал ұрлау, яғни, бөтеннің малын жымқыру қылмысымен толықтырылып, жазалары қатаңдатылды.
188-1 бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау орташа ауыр қылмысқа жатады. Бұл бап бойынша, мал ұрлаған кезде малдың иесіне жымқырған малдарын қайтарып, немесе келген шығынды ақшалай төлесе де жәбірленуші малдың иесімен татуласса да ол енді заң бойынша жазаланады. Себебі, «ҚК-нің 68-бабының 4-бөлігі 8-тармақшасына сәйкес, бұрын жасаған қылмысы үшін тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылғаннан кейін, осы кодекстің 71-бабының бірінші бөлігінде белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тарту ескіргендіктен қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды», делінген. Ал, 188-1-баптың 2,3,4-бөліктері бойынша мал ұрлау ауыр қылмыстар қатарына жататындықтан, ешқандай да малдың иесімен татуласуға жол берілмейді және ҚК-нің 68-бабының талаптары қолданылмайды, сәйкесінше, адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды, керісінше заңға сәйкес, тиісті жазасын алады.
ҚК-нің 188-1-бабының ескертпесінде, мыналар: ірі қара мал жылқылар мен есектер, түйелер, ұсақ мал қой, ешкі, шошқалар жалпы мал деп түсініледі. Мал ұрлығы қылмысының жасалу сипатына қарай және оған тағайындалатын жаза түрі келесідей: ҚК-нің 188-1-бабының 1-бөлігі бойынша мал ұрлау, яғни, бөтеннің малын жасырын жымқыру мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- Бүгінде қоғамда мал ұрлығы әрбір шаруаның мазасын алған мәселеге айналып отыр. Қыс айларында соғым уақыты таяғанда мал ұрлығының тіпті жиілеп кететіні де рас. Ал сол мал ұрлығының өңірлерде ашылу көрсеткіші қандай деген мәселе де бар. Сонымен қатар адамдарды еңбекке заңсыз жегу сияқты мәселелер де күн тәртібінде өте өзекті. Яғни, ел арасында кейбір шаруалардың шетелдік азаматтарға малын бақтырып қою әрекеті де толастамай отыр. Айтар ойымның түйiнi, бүгiн болмаса ертең әр нәрсенi сұрауы болады. Ұрлық жасап олжаға батамын деп жүріп, қолға түсіп, сотталған қылмыскерлердің «Ұрлық түбі қорлық» деген халық даналығының ақиқаттығына ой тастап, ақыл тоқтатар деген ойдамын. Сотқа жеткен iстi әрдайым әдiл шешiмiн табары анық, - дейді Ерлан Қойшыбек.
Жиын барысында ауылдық округ әкімдеріне, тұрғындарға малды қараусыз қалдырмай, үнемі бақылауда ұстау, пайда арқылы мал бағудың тиімділігін түсіндіріп, арнайы бақташыларды шығару жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ ветеринария мамандарымен бірлесіп, әрбір малдың нақты есебін жүргізу, малды таңбалау, сырғалау, ветеринарлық паспорттар беру жұмыстарын үзбей жүргізу жөнінде тапсырмалар жүктелді.
«Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мал ұрлығына қатысты заңды қатайтқанын құптаймын. Оны дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды деп есептеймін. Бұдан бұлай ұрыға, әсіресе елдің қорасына түсіп, жайылымынан айдап кеткен маңдай терімен тапқан малын ұрлағандарға аяушылық болмауы керек. Ендігі жерде, ұры заңнан ғана емес, ауыл халқының қаһарынан қорқуы керек. Әрбірден кейін мал ұрлығы болған шағын ауданның да учаскелік полиция инспекторын жауапкершілікке тарту керек сияқты. Өйткені ол ондағы барлық адамды таниды, кімнің ұрлық жасауға бейім екенін біледі. Өмірлік тәжірибенің өзі қай ауылдың заң қызметкері жұмыс істемейді сол ауылда мал ұрлығының көп болатындығын көрсетіп отыр. Қалай десек те таяқтың екі ұшы бар. Бір ғана айтарым, қалаға қарасты елдімекендегі құқық қорғау қызметкерлерінің қырағылығын арттырса, ұрлық та тиылады, - деді қала тұрғыны Нұрбай Мықтыбеков.