Қоғам тыныштығын сақтауда тәртіп сақшыларының атқарар міндеті көп. Қоғам дамуында елдің ішкі саясаты нық, ішкі тәртібі бекем болуы аса маңызды. Полиция қызметкерлері, сол тәртіпті қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінгі таңда Түркістан қалалық полиция басқармасының жеке құрамымен ағымдағы жылдың алты айында қала аумағында құқық бұзушылықтардың алдын-алу, ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспары жұмыстар атқарылып, ұйымдастырылды. Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, бұл кезеңде орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына талдау жасалды. Оған барлық жеке құрам мүшелері жұмылдырылды. Іс-шара барысында жеке құрамның қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын-алу, орын алған қылмыстарды ашуға бағытталды.
Қалалық полиция басқармасы басшысының мәліметі бойынша, жалпы қылмыстың тіркелуі 10 пайызға төмендеген. Соның ішінде қасақана кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, қоғамдық орындарға жасалған қылмыс, көшеде жасалған қылмыстар, жасөспірімдер жасаған қылмыстарда да төмендеу бар. Жалпы ұрлық қылмыстары 38,2, пәтер ұрлығы 45,2, ал мал ұрлығы 46,6 пайызға төмендеген. Соңғы үш айдың көлемінде екі-үш ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Істері сотқа жөнелтілген. «Халық малын жайылымға жібереді, қарамайды. Ұрланса, уақытында арыз жазбайды. Егер уақытында ізін суытпай арызданса, ұрланған малы табылады. Осы жағдайға байланысты малдарға чип, таңба, белгі салу керектігін ескертеміз. Басқа көрші облыстарда осы істі мал дәрігерлеріне жүктеп қойған» дейді басқарма басшысы.
Бүгінгі күні полиция қызметкерлерінің барлығы бейнежетонмен қамтылған. «Енді Түркістан қаласы облыс орталығы болған соң полиция кешендерінің барлығында кеуделеріне бейнежетондар орнатылды. Бір атап өтерлігі ол өшпеу керек. Егер өшкен жағдайда оны сыбайлас жемқорлық орын алып отыр деп түсінеміз. Біз күн сайын сараптама жасап, полицияның бүкіл жүріс-тұрысын, сөйлеген сөзін қадағалап отырамыз. Мұның бәрі полиция қызметкерлері жұмысқа шықпады, дөрекі сөйледі деген сөздердің алдын алу үшін жасалады. Халықпен ілтипатты жұмыс істеуі керектігі жайында тәлім-тәрбие жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Елбасының цифрландыру тапсырмасы бізге осыны міндеттейді» дейді полиция өкілдері.
Жергілікті полиция қызметінің жұмысы бойынша, қала көлемінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы бойынша полиция қызметкерлері мен және учаскелік инспекторларымен бірге Елбасының тапсырмаларын орындау барысында көшелерде, қызметтік орындарда, ластаған орындарда бұзақылық жасаған, тағы басқа құқық бұзушылыққа жол берген мыңнан аса азамат анықталып, оларға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.
- Жедел басқару орталықтарын құру бойынша қала әкімдігіне қаржы бөлу мәселесін қарастыру, қоғамдағы қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысының алдын алу – аса маңызды аспекті болып табылады. Жалпы жастардың, жасөспірімдердің қылмыс жасау мәселесі құқық қорғау қызметкерлерінің ғана емес, отбасының, барша мемлекеттік ұйымдардың біріге жұмыс атқаруын талап етеді. Жастар арасындағы қылмыс қашанда ел қауіпсіздігі мен ұлт болашағының әрі қарай өркендеуіне кері әсер ететіні анық. Қала көлеміндегі кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен қалалық Amanat партиясының «Жас Отан» жастар қанаты» ұйымымен, қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып арнайы іс-шаралар өткізілді.
Сонымен қатар қала көлеміндегі ауыл округтерінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық құқық бұзушылықты болдырмау, мал ұрлығымен қатар басқа да қылмыстарға жол бермеу, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына дұрыс көзқараспен қарау, олардың азаматтық құқықтары мен бостандықтарын сақтау мақсатында қала көлемінде тұрақты жұмыс істейтін полиция пункттерін салып беру, оларды қазіргі заманға сай материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз ету ұсынысымен «Самал», «Отырар» шағынаудандарда, теміржол вокзалында пункттер және стационар пункттер салынды. Қалалық полиция қызметін жақсарту мақсатында полицейлер қолға алып жүретін радиобайланыс құралдарымен, қызметтік арнайы автокөліктермен, бейнежетондармен, әкімшілік құқық бұзушылықты тіркейтін электронды планшеттермен, әуеден бақылап жүретін арнайы дрондармен және қызметтік кабинеттер компьютерлермен қамтамасыз етілді. Сол сияқты қала көшелері мен көпшілік орындарда қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бейнекамералар орнатылды, - дейді полиция басқармасының басшылығы.
Сондай-ақ қалада «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – Түркістан қаласы тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздік деңгейін арттыру, сондай-ақ қылмыстық әрекеттер мен құқық бұзушылықтардың санын барынша азайту болып табылады. Жоба қаланың тіршілік қызметін талдау бойынша жүргізілген операциялардың басым бөлігін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері өзінің кәсіби біліктілігін моральдық және іскерлік қабілеттілігін жоғары деңгейде көрсетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар тағы басқа да қылмысқа қарсы күресте алдына қойған кез келген міндетті абыроймен атқаруда.