Президентіміздің тапсырмасымен елімізде әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді. Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жуырда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгертулер енгізілген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына осы жылдың 15 сәуірінде заңға қол қойылып 16 сәуір күні ресми жариялады.
Осы Заң ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілді. Жаңа заң бойынша әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді, - дейді ол.
Енді сол нормаларға тоқталсақ:
- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;
- неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;
- отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады;
- тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;
- өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;
- 16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;
- кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
- білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;
- 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
- Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1 бабы, яғни денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және 73-2 бабы ұрып-соғу деген баптары осы кодекстен алынып тасталып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 108-1 және 109-1 баптары болып енгізілген. Сондықтан, әр адам басқа тұлғаға қатысты қандай да бір құқық бұзушылық жасауынан бұрын, өзінің іс әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық емес, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын ескерулері қажет.
Одан басқа, әр әкімдіктердің, мемлекеттік органның және мекемелердің басшылары, өздері басшылық жасап отырған органдар мен мекемелерінде, құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында қызметкерлері мен жұмысшыларына және халық арасында тиісті түрде жаңа Заң өзгерістерін түсіндіріп, насихаттау жұмыстарын ұйымдастырулары қажет деп санаймыз, - дейді Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев.