Адам саудасына қарсы заң күшейтілді

Түркістан қаласында «30 шілде – адам саудасына қарсы күрес күніне» орай ҚР ІІМ қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп «Адам саудасына қарсы күресте біртұтас!» атты апталық өткізілді. Оған Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Түркістан қалалық полиция және еріктілермен бірге, Түркістан қаласында адамдар көп шоғырланатын аймақтарда түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мекемелерде түрлі кездесулер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, «116 16» сенім телефонының нөмірі бар 1000-нан астам жаднама таратты.

image.png

Сонымен қатар Теміржол вокзалы мен әуежайдағы жолаушыларға тақырыптық бейнероликтер көрсетіп, дауыс зорайтқыш арқылы станцияның бүкіл аумағына адам саудасының қаупі туралы айтты. 

Есте болса, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, жаңа заңға қол қойған болатын. Осыған орай, апталық аясында қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия төрағасы, қала әкімі қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жүргізген жиынға комиссия мүшелері, тиісті сала басшылары мен мамандары қатысты.

Онда сөз алған қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев аймақта жыл басынан бері әйелдерге қатысты қылмыстық дерек орын алмағанын, нәзік жандылардың құқығына қолсұғушылық өткен жылға қарағанда 50 пайызға төмендегенін тілге тиек етті. 

Полиция тұрғындарға «қандай да бір жанның құлдықта жұмыс жасап жүргенін байқасаңыз, болмаса адам саудасына қатысты басқа да қылмыстардың құрбаны не куәсі болсаңыз, үндемей қалмаңыз, заңға жүгініңіз!» - деп құқықтық кеңес берді. Яғни жезөкшелікпен айналысуға тарту, сексуалдық қанау, мәжбүрлі еңбекті пайдалану, қайыршылық сұрауға мәжбүрлеу, заңсыз бала асырап алу, трансплантация үшін адам ағзасын заңсыз алу қылмыстары адам саудасына жататын жеткізді.

Мұндай қылмыстардың құрбаны болмас үшін құжаттарыңызды қырағы болыңыз, өзіңізді алдауға жол бермеңіз деп, қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырды.

– Қалада әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар деңгейі айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ, отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдер арызданып келіп, арызынан қайтадан бас тартатын жағдайлар көптеп кездеседі. Әйтсе де, біз оған қарамай, түскен арыз бойынша жұмыстар жүргіземіз. Соған қарамастан, өкінішке қарай, әйелдер өзіне қол жұмсайды. Осыған байланысты бізде көптеген іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы жылдың сәуірінен бастап, шілдеге дейін үш айлық акция ұйымдастырылып, аталған бағыттағы жұмыстар жүргізілді, – деді Бауыржан Жанаев.

Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң 15 маусымнан бастап күшіне енді. Жаңа заң бойынша отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтеретіндерге жаза қатаңдатылмақ. Отандастар қызу талқылаған заңдағы әйел құқығына қатысты өзгерістерге тоқталсақ, ендігінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыпкерлер 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасын арқалайды. Ал, ұрып-соққан болса 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалап, 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 25 тәулікке дейін қамаққа алынады. Бұдан бөлек, азаптау бойынша 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе үш жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Дәл сол секілді денсаулық жағдайына зиян келтірудің деңгейіне қарай үш жылдан сегіз жылға дейін, педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Осы тұрғыда қалалық мәслихаттың депутаты Жамила Сүлейменова елге белгілі сарапшы Жанар Жомартқызының «Шайқалмаған шаңырақ» атты жобасымен таныстырып, ой бөлісті. «Жалпы Қазақстан гендерлік теңдік рейтінгінде 62 орында тұр. Соңғы он сегіз жылда 30 сатыға төмендеген. Бұған әсер етуші фактор – әйелді құрметтемеу. Қосағына қол көтеріп, жұбына жұдырық жұмсайтындар енді үш жылдан сегіз жылға дейін бас бастандығынан айырылады. Жаңа заңға сәйкес, аймақтарда отбасын қолдау орталықтары ашылып, бірыңғай байланыс орталықтары құрылатын болады. Мұндай орталықтарға отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар, оған куә болған үшінші тарап өкілдері жүгіне алады. Қоғам тынышын алған дерттің қаупін осылай ғана сейілте аламыз. Айналаңызда болып жатқан проблемаларға немқұрайлы қарамай, өзіндік үн қосыңыз. Бұл бірдің басындағы емес, жалпыға ортақ мәселе», – деді ол кездесуде. 

Психологиялық кеңес беру кабинетінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші маман, әлеуметтік психолог маман қызмет көрсетеді. Мұнда психологиялық диагностика және жеке адамды тексеру, әйелдер мен балаларға көрсетілген психологиялық қызмет түрі бойынша кеңес беріліп келеді. Сондай-ақ, отбасында жанжал шығарған бірнеше азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Сенім телефонына» хабарласқандарға заң аясында толыққанды жауап берілген. 

Жиында әйел-аналардың қоғамдағы орны, құқықтары мен бостандықтары кеңінен сөз болып, комиссия жұмысының алдағы жоспарлары айқындалды.

Тағы бір атап өтерлік нәрсе, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан заңына қол қойды. Онда бұрын заңнамалық деңгейде белгіленбеген және алғаш рет «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтимал құрбаны», «адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» және басқа да ұғымдар қарастырылған, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Мәселен, заңды әзірлеу кезінде ведомство негізгі тәсілдерді анықтады. Халықаралық тәжірибе – «төрт П» тұжырымдамасы енгізілді: серіктестік, алдын алу, қудалау және жәбірленушілерге көмек, – деп толықтырды ведомство. Мысалы, біріншісі – мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссияларды және халықаралық ынтымақтастық негіздерін қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыру.

Екіншісі – алдын алу тетіктерін жетілдіру, атап айтқанда, тәуекелдерді бағалау және алдын алу шараларын жүргізу. Бұл адам саудасына ықпал ететін себептерді талдауды, кейіннен барынша азайту және пәрменді шаралар қабылдау үшін оның таралу нысандары мен ауқымын зерттеуді көздейді.

Үшіншісі – қудалау. Заңда адам саудасының барлық нысаны, оның ішінде мәжбүрлі еңбек, қайыр сұрау, жыныстық қанау және органдарды алу үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық заңнамаға сілтеме нормасы енгізіледі.

Төртіншісі – көмек көрсету. Адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмектесу көптеген ратификацияланған халықаралық шарттың міндетті нормасы саналады. Заң жәбірленушіге мемлекет тарапынан өз құқықтары мен қорғау шараларын жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Жәбірленушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау кепілдіктері оларды полицияға жүгінуге ынталандырады және істерді сотқа жеткізуге ықпал етеді. ІІМ бүгін қолданылып жүрген адам саудасы құрбандарының барлық құқығы сақталғанын және заңда көрсетілгенін атап өтті.

Заң алғашқы жариялған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер