Түркістан қаласында полиция алаяқтық қылмысқа қарсы профилактикалық іс-шараны күшейтті. Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, тұрғындар арасында интернет алаяқтардан сақтану мақсатында түсіндіру іс-шаралары қолға алынған. Яғни, Түркістан қаласының полицейлері өңір тұрғындарына интернет алаяқтардан абай болу керектігін ескертіп, жаднамалар таратып, қоңамдық орындарда жасөспірімдерден бастап, егде жастағы тұрғындармен тілдесіп, алаяқтардың айласымен таныстырып, одан сақтану әдістерін айтты. Қарапайым қауіпсіздік шараларын қолданып, дербес деректерді, карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге кеңес берді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресу аса маңызды міндет екенін айтты. Бұл ретте ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатқанын да айтып өтті. Мемлекет басшысы жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – алаяқтық әрекеттерге де арнайы тоқталды. Президентіміз: «Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал, Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы Түркістан қаласында алғашқы бірінші тоқсанда 159 алаяқтықтың дерегі тіркелген болса, оның басым бөлігі осы интеренеттен жасалған, - дейді Бауыржан Жанаев.
Жалпы, ғаламтордың тілін жетік меңгерген интернет алаяқтары ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, қитұрқы әрекеттерімен қақпанына түсіреді. Мәселен, өткен жылы Түркістан қалалық полиция қызметкерлері алаяқтық қылмыс бойынша үш жүзден аса деректі тіркеуге алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама төмендеген, дегенмен жасалған қылмыс түрінің небәрі тең жартысы ғана ашылған. Бұған себеп – аз уақытта миллиондаған табыс тапқысы келетін азаматтар алаяқтардың арбауына оңай алданып, кейіннен полиция бөліміне арызданатын көрінеді. Алайда, алаяқтардың ізін табу оңай шаруа емес. Бірі шетелде отырып жымысқы әрекетін жүзеге асырса, бірі ізін жасырып үлгереді екен.
Рас, күн өткен сайын сіз бен біз адамнан қулық артылмайтындығына куә болып келеміз. Бірер жыл бұрын кез келген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы несие алатын алаяқтар шыққанын естігенде бәріміз таң қалып едік. Ал, қазір олар да заман талабына сай дамып, ендігі кезекте өзіңізге қоңырау шалып, банк есепшотыңыздағы қаражатты оп-оңай ғана шешіп алуға әрекеттеніп жүр. Бұл мәселеде кейбір «сәтті шыққан операциялар» да жоқ емес. Ендеше, оңай олжаны мақсат еткендердің схемаларын тізіп көрелік. Интернет алаяқтары Olx, Market, Kolesa сынды алу-сату желілерінде және басқа да түрлі жолдармен өздерінің қитұрқы әрекеттерін іске асыруға күш салуда. Иә, желілер әртүрлі, бірақ схема бір. Мәселен, сізге кезекті сатып алушы болып хабарласып, тауардың жағдайын сұрап, басқа қаладан екендігін және сізге курьер жіберіп қойғанын алға тартып, келісімшартқа өзіңіздің мәліметтеріңізді толтыруыңызды өтініп сілтемені жібереді. Ал, сіз еш күдіктенбестен сұраған мәліметтің барлығын толтыра саласыз. Осылайша, алаяқтардың өз мүдделерін іске асыруға сіз де байқамай атсалысып кетесіз. Бірақ, әр мәселеге сыни көзқараспен қарайтын әрбір азамат бұл арбауға бірден түсе қоймас.
Осылайша алаяқтардың арбауына түсіп қалған азаматшаның бірі – түркістандық Құралай есімді азаматша. Оның айтуынша, оған орыс тілді ер азамат қоңырау шалып, Алматыдан хабарласып тұрғанын және оның атынан несиеге өтініш беріліп жатқанын жеткізген. О баста мұндай мәліметке аса сене қоймаған ол өзін банктің бас маманымын деп таныстырған ер адаммен сөйлескен сәтте қақпанға қалай түскенін сезбей қалған.
– Ол өзін Андрей деп таныстырып, өздерінің Алматыдағы бас кеңседен хабарласып отырғанын айтты. Сонан соң мән-жайды түсіндірмек кейіп танытып, «WhatsАpp» мессенджері арқылы қайта хабарласты. Мені алаяқтардан қорғайтынын, олардың барлық банк жүйелеріне қолжетімділігін үзетінін, сонымен қоса менің шоттарыма қауіпсіздік қызметін жүргізгелі отырғанын түсіндірді. Осыдан соң, «ForteBank» атынан хабарлама жіберді. Маған төрт жыл бойы келіп жүрген хабарлама қайта келді. Яғни, ол банкте өзімнің төлеп жүрген несием болатын. «Күмәнданбауыңыз үшін «ForteBank» ресми сайтынан хабарлама жіберем, ол жерде құпия код болады, осылайша менің алаяқ емес екендігіме көз жеткізе аласыз», – деп сендірді. Артынша маған «мы не можем одобрить вам кредит», деген тағы бір хабарлама келді. Мұны ол кісі алаяқтарды әшкерелеу барысында болып жатқан жайт екенін айтып, одан соң олардың айтқандарын жасап отырсам әккілерді әшкерелейтінімізді жеткізді. Осылайша, шүбә келтірмей айтқандарын жасап, кодтарды айтып отырдым. Кейіннен, «Халық банктен» бас-аяғы 1 миллион, «Еуразия» банкінен 2 миллион теңге онлайн форматта рәсімдеген. Ал, банктерге барып, тағы көз жеткізбек ниетте сұрағанымда банк менеджерлері алданғанымды айтты. Бұдан кейін барлық органдарға арызданып, арпалысқа түскен жайым бар, – дейді ол.
Шын мәнінде мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады-ақ. Мәселен, жуырда қалалық полиция басқармасына жүгінген жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлаған. Азаматша әлеуметтік желіде Қытайдан арзан бағамен ыдыс-аяқ пен басқа да тұрмыстық керек-жарақтарды сататын интернет дүкенді көрген. Ол өзіне ұнаған тауарларды таңдап, мессенджер желісі арқылы хат жазысқан сатушы әйелдің жеке шотына 150 мың теңге аударған. Алайда, көрсетілген уақытта әйел тауарларын ала алмаған. Сонымен қатар, онымен сатушы байланысқа шықпай, нөмірін бұғаттаған.
Өткен жылы облыста интернет алаяқтықпен айналысқан он азамат ұсталса, олардың 8-і өзге өңірдің тұрғындары екені анықталған. Нақтылай түссек, қитұрқылыққа толы жолмен қылмысқа барғандар Алматы, Шымкент, Семей қалалары мен Алматы және Қызылорда облыстарының азаматтары болып шыққан. Өкінішке қарай, бұл жағымсыз құбылысты тек құқық қорғау органдарының күшімен жою әзірге мүмкін болмай тұр. Бұл істе халықтың да сауаттылығы керек болып тұр.
- Интернет арқылы жасалған істерді қарайтын болсақ, көп жағдайда интернет алаяқ жеке адамның дербес дерек қорына қол жеткізген соң телефон алаяқтары іске кіріседі. Телефонмен жасалатын алаяқтықтың кеңінен тараған схемасы – банктер мен басқа да қаржы ұйымдары байланыс орталықтарының қызметкерлері немесе операторларынан түсетін қоңыраулар. Әдетте, қаскүнемдер қоңырау соғу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефония сияқты бағдарламалық қамтылымдарды пайдаланады. Әңгіме барысында банктердің жалған қызметкерлері сіздің картаңыздан әлдекімнің қаражатыңызды есептен шығаруға әрекет жасап жатқандығы туралы ескертуге тырысады немесе алаяқтардың сіздің атыңызға несие ресімдеп жатқаны туралы «аңызды» айта бастайды. Олардың осындай әрекеттерін тоқтату үшін ағымдағы шоттағы барлық ақшалай қаражатты дереу резервтік не сақтандыру шотына аудару қажет. Алаяқтар мәселені тез арада шешу үшін тіпті сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылу бойынша өз қызметтерін ұсынуы да мүмкін.
Сондай-ақ, алаяқтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан да қоңырау соғулары мүмкін: «Қайырлы күн, мен құзырлы органның қызметкерімін. Сіздің атыңызға шағым түсті және «ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Сізге дереу полиция бөлімшесіне келу керек» немесе «Сіздің балаңыз, досыңыз не туысыңыз полиция бөлімшесінде отыр. Ол көлігімен адам қағып кетті, одан есірткі құралдары табылды немесе жаппай тәртіпсіздікке қатысты», – деп түрлі айла-тәсілдері арқылы қақпанға түсіруге әрекет жасайды. Осылайша сіздің үрейіңізді ұшырған олар арыз ресімделмей тұрғанда мәселені шұғыл түрде шешу үшін сізге белгілі бір шотқа қаражатты аудару қажеттігін айтады. Нәтижесінде алаяқтардың мұндай құрығына негізінен жақын адамын құтқару үшін бар ақшасын беруге дайын тұратын қарт адамдар түсіп жатады. Тұрғындар үшін тағы бір стресстік фактор, әдетте абоненттің қоңырау соғу үшін қолжетімді болмауы. Айта кетейік, қаскүнемдер адамдардың психологиясын жақсы біледі. Олар кәсіби терминдерді қолданып, тез әрі сенімді сөйлейді, кейде қысым жасайды. Тіпті, шешім қабылдауға асықтырып, қорқытады, көбіне қызу жұмыс істеп жатқан офис не полиция бөлімшесінің әсерін беретін дыбыстарды қосып қояды және басқа да тәсілдерді қолданады. Сондықтан да мұндай жағдай орын алған кезде, телефон соғушыдан күдіктенсе азаматтардың бірден полицияға хабарласқаны жөн. Сол арқылы интернет алаяқтарды құрықтау полиция өкілдеріне де оңай болар еді, - дейді басқарма басшысы.
Оған қоса Түркістан қалалық полициясы іс-шара барысында шаһар тұрғындарына күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға және спам хабарламаларға сенбеуге шақырды. Көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс есіктеріне, сауда орталықтарына, жалпы адамдар көп шоғырланатын аумақтарға ескерту қағаздарын іліп, жадынамалар таратты. Басты міндет – қылмысты ашумен күрескенше, оның алдын алып, тосқауыл қою.