Билер кеңесін дамыту дау-дамайсыз татулыққа бастайды

Түркістан қалалық сотында «5 тамыз – Медиация күні» аясында «Билер институтын дамыту» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Оған облыстық және қалалық соттың судьялары, ардагерлер кеңесі мен медиаторлар қатысты. Қалалық сот төрайымы Айгүл Жаңбырбаеваның айтуынша, жалпы Түркістан облысында 6 айда 1074 қылмыстық іс қаралған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,9 пайызға кеміген. Жалпы облыста медиация тәртібімен шешілген істер саны 49 пайызды құраған.

image.png

Басқосуда даулы мәселелерді шешуде сотқа дейін билер кеңесімен нәтижелі жетістікке жету жолдары айтылды. 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» Заңы қабылданып, сол жылы 5 тамыз күні заңды күшіне енгенін жеткізді жиын төрағасы. Бұл Қазақстанның бүкіл құқықтық жүйесі үшін маңызды оқиға болғанын және медиация-құқықтық мәденитеттің қажетті элементі, медиацияны қоғамдық қатынастарды реттеуде кеңінен қолдану-азаматтық қоғамға көшудегі маңызды қадам екенін атап өтті. 

«Бұл бағыттағы жұмыста басты мақсатымыз, әділдік туын берік ұстап, ұлы билер секілді ата-бабаларымыздан қалған дәстүрі – дауласқан тараптарды татуластыру!» деді сөт төрайымы.

Алқалы жиынды сот төрайымы Айгүл Махмұтқызы бүгінгі қоғамда «кез-келген дауды тек сот шешуі тиіс» деген қате көзқарас қалыптасқанына назар аудартты. Ал даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар да бар. Мысалы отбасындағы, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасындағы таласты сот таразысына салу қиын. Мұндай жақын адамдардың арасындағы дауларды қарастыруда екі тараптың мүддесін қанағаттандыру мүмкін емес. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі бірігіп, «Дәнекер» пилоттық жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Осы жобаны іске асыру мақсатында Түркістан  қалалық соты мен «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған еді. Меморандум қоғамдық қарым-қатынастардың тұрақтылығын сақтап, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендетуді, билер институтын жандандырып, ұлттық код құндылықтарын қолдану арқылы құқықтық сананы өзгертуді, ел арасындағы дауларды бітімгершілік рәсімдерімен реттеу мәдениетін арттыруды мақсат етеді. 

Жиын барысында ойын ортаға салған Түркістан қалалық сотының судьялары статистикалық мәліметтерге сай, өршіп тұрған даулардың көбі отбасылық шиеленістер, оның ішінде неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру туралы талап қоюлар екенін айтты. Соттар ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатында ауқымды жұмыс атқаруда. Бірақ, оң нәтиже шығарып, тараптарды татуластыру үшін оларға билердің кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың жүйелі көмектері қажет. Ал жер, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңу үшін ымыраға келмей, соттың есігін тоздыруда. Әрине, сот істі мәнісімен қарайды. Алайда, бір тарап жеңіліп қалғандықтан, дау ары қарай өз жалғасын тауып, түбегейлі аяқталуға мүмкіндік бермейді. Ондай дау-дамайды бір ауыз сөзімен жөнге сала алатын «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалының ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Түркістан қаласы Билер кеңесімен бірге жұмыс қарқынды жүзеге асып жатқаны рас. Алдағы уақытта да бұл жұмыс тиісті деңгейде жүзеге асатынына сенім мол. 

Сөз кезегін алған «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалыныңтөрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов қолға алынған игі бастаманы жүзеге асырудағы билер кеңесінің ұтымдылығын сөз етті. Билер кеңесінің мүшелері Түркістан қалалық сотында тиісті кесте тәртібімен сотқа келген тараптарды татуластыруда айтарлықтай жұмыс атқарып отыр. Билер кеңесінің құзыреті Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Медиация туралы» заңы мен қазақ халқының дәстүрлі құқық аясында кеңес ережесімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Қалалық Билер кеңесі ел ішінде адалдығымен танылған, беделді, абыройлы, сөз бен жанжалды ажырата алатын, өмірлік тәжірибесі мол он тұлғадан тұрады. «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында Түркістан қалалық сотының бастамасымен Түркістан қаласы әкімдігінен барлық округ аумақтары туралы ақпарат алынып, әрбіріндегі беделді, абыройлы азаматтар іріктеліп, оларға «Би» мәртебесі көрсетілген куәлік берілген. 

- Жуырда Түркістан қалалық өңірлік коммуникациялар алаңында Түркістан облыстық сотының қылмыстық істері жөніндегі сот алқа төрағасының міндетін атқарушы Талғат Оңғарбаев және облыстық соттың әкімшілік істері жөніндегі сот алқасы судьясы Бүркіт Байдуллаев облысымыз бойынша атқарылған жұмыс барысына тоқталған еді. Сонда ол Түркістан облысы соттарымен 2024 жылдың 6 айында жалпы 20549 іс қаралғанын, бұл былтырғыға қарағанда 41,2 пайызға көбейгенін айтты. Сондай-ақ, өңірде азаматтық істер бойынша 13605 арыз түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 14,8 пайызға артқан. Түркістан облыстық сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрлан Биболовтың айтуынша, мұның ішінде 12203 азаматтық істің өндірісі аяқталғанын баяндады. Сонымен қатар ол татуластыру рәсімдерін қолдану бойынша да біршама алға жылжу бар екенін айтты. Дәлірек айтсақ, биылғы жылы 2298 іс осы рәсім арқылы аяқталған. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 49 пайызға артқан, - дейді Жарқынбек Құлбайымбетов.

Жиынға қатысушылар дөңгелек үстел басында пікір алмасып, халық арасында ата-бабамыздың сара жолымен ағайынаралық дауларды бітімгершілікпен шешу рәсемдерін қалыптастыруға атсалысуға дайын екендерін айтты. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер