Келісіп пішкен тон келте болмас

Түркістан қаласында облыстық сотының ұйымдастыруымен жуырда медиация күні атап өтілді. Облыстық сотының оқу орталығында өткен жиынға облыстық, қалалық және аудандық соттардың судьялары мен жергілікті кәсіби медиаторлар қатысты. Жиынға Түркістан облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Биболов ашып, жүргізді. Ол 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация туралы» Заңы қабылданып, сол жылы 5 тамыз күні заңды күшіне еніп, қолданысқа берілгенін жеткізді. Бұл Қазақстанның бүкіл құқықтық жүйесі үшін маңызды оқиға болғанын және медиация-құқықтық мәденитеттің қажетті элементі, медиацияны қоғамдық қатынастарды реттеуде кеңінен қолдану-азаматтық қоғамға көшудегі маңызды қадам екенін атап өтті. 

image.png

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымын өтікізіген Бүкілхалықтық референдумда Ата заңымыз – Конституциямызда 33-бапқа 56 өзгертулер енгізілген болатын. Оны алдыңғы жылы референдумда халықтың басым бөлігі қолдады. Бұл Конституцияның бұрынғы Крнституциядан ерекшелігінің өзі сонда – еліміздің алдында сыбайлас жемқорлықтан тазарған, әділетті таза қоғам орнату – Жаңа Қазақстанды құру мақсаты тұр. Мұндай қоғам қазақ халқы үшін беймағлұм дүние емес, қайта қазақтың өзінің тарихында жазылып қалған «Алтын ғасыр» атанған – «Билер билігі» дәуірі болды. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» аталған  заңдар Ұлы Даланың Ата заңдары еді. Осы заңдардың ең түйінделген нұсқасы 1885 жылы Абай Құнанбаевтың ұсынған нұсқасымен жасалған «Билер Ережесі».

Ежелден ел тізгінін ұстаған азаматтар осы заңдарды басшылыққа ала отырып,  адам тағдырына қатысты мәселелерді ешқашанда атүсті қарамаған. Ел ішінде қандай да бір дау туындап жатса, ондай дауларды қара қылды қақ жаратын, аузы дуалы, сөзі уәлі ел ішінен сайланған билер дауласушы жақтардың екеуін де ортақ уәжге келістіріп, өзара ризалықтарымен дауды әділ шешіп, бір-бірімен қайтып ренжіспейтін етіп, бітістіріп отырған. Осындай әділ билер ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп отырған. Ол билердің шешімдерін нағыз «Дала демократиясы» деп, толық айтуға болады, - дейді Нұрлан Биболов.

Он тоғызыншы ғасырда еліміз Патшалық Ресейге бағынған соң, Қазақ даласында Хандық басқару жүйесі жойылып, Билер билігі таратылып, бар билік Патшалық Үкіметтің өз құзіретіне көшті.  Ал тәуелсіздік жылдарында елімізде Әділ сот билігі қайта құрылып, адам құқығын қорғайтын небір заңдар қабылданды. Сот билігі-еліміздегі ең жоғарғы билік мәртебесіне ие болды. Күнделікті тірлікте болып жататын әр түрлі болмашы дауды шешуді де тек қана сотқа жүгінуге ел машықтанып алды. 

Түркістан қалалық сот төрайымы Айгүл Жаңбырбаева өз сөзінде қалалық сот қасындағы билер кеңесі әділдік туын берік ұстап, ұлы билер секілді ата-бабаларымыздан қалған дәстүрі – дауласқан тараптарды татуластыруда қосып отырған үлесінің зор екенін айтты. 

- Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев: «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту қажет. Бұл ұстаным Мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін таныта білуде» деп атап көрсеткен болатын Жолдауында.

Жобаның басты мақсаты – азаматтардың арасында болып жататын әртүрлі келеңсіздіктердің бәріне бірдей «қылмыс ретінде» қарамай, аса ауыр іске жатпайтын азаматтық істерді ардагерлер ішінен іріктеліп сайланған, ел ішінде аса беделді, өздерінің өткен өмір жолдарында халыққа жағымды, ел басқарған азаматтардан құралған Билер кеңестерінің қарауларына тапсырып, сол билерлің  шығарған шешімдерінің негізінде істі сотқа дейін шешу жолдары кеңінен жүзеге асырылуда.    

Түркістан қаласының Билер кеңесі де 2019 жылдан  бастап құрылған болатын. Екі жылға сайланған Билер  құрамы 2023 жылдың қараша айында есеп беру-сайлау жиынында өзгеріп, Түркістан облысы мен Түркістан қаласына белгілі, ел арасында аса беделді, 7 еңбек ардагерінен тұратын   жаңа құрамда сайланып, қарқынды жұмыс істей бастады. Қалалық Билер кеңесіне Түркістан қалалық сотының ішінен арнайы үлкен жақсы кабинет жасақталып берілді. Бүгінгі күні Түркістан қалалық соты мен Билер кеңесі өзара әріптестік жағдайда жұмыс жүргізіп келеді.

Сонымен, биыл Түркістан қалалық Билер кеңесінің қатысуымен Қалалық сотта екі жүзге жуық іс қаралып, оның ішінде сотта татуласқаны жүзден асады. Билер кеңесінде татуласып, кері қайтарылғаны -100 болып отыр. Тікелей Билер кеңесінің өзінің қарауында болып, сотқа дейін татуласқаны жиырмаға жуық. Өздеріңіз байқап отырғандай, Билердің ел ішінде болып жататын әртүрлі дау-дамайларды шешуге белсене қатыса отырып,олардың арасындағы болмашы бір ұсақ-түйектен шығып, туындап, соңы  дауларға айналып жататын жайларды байсалдылықпен қарап, тараптар арасын татуластыруды ешқандай ақы-пұлсыз-ақ әділ шеше алатындықтарына көзіміз әбден жетті.  Оның басты себебі – Билер кеңесінің құрамы әртүрлі саланың майталман мамандарынан құралғандығында. Әсіресе, жас отбасылардың арасында болып жататын отбасылық істерге ағалардың араласып, ақсақалдық ақыл-кеңестерін айтып, тараптардың өзара бір-бірлерімен тіл табысып, татуласуларына көпті көрген, аузы дуалы, сөзі уәлі қариялардың ақылдары қателескен жастардың өз қателіктерін түсініп, бір-бірлерін кешірісулеріне өте зор ықпал жасап отыр. Бұған дәлел – жоғарыда жартыжылдық есепте көрсетілген мәлімет айғақ, - дейді қалалық сот төрайымы Айгүл Махмұтқызы.

Осы  істердің ішінде  арнайы маңыз беретін мәселелер – жастардың ажырасулары мен бірге жұмыс істейтін адамдардың арасында бір-біріне қарыз беріп, содан үстеме ақы талап етуі-етек алып бара жатқан келеңсіз істер болып тұр.

Жас отбасылардың ажырасу мәселелеріне де үстірт қарайтын фактілеріміз баршылық, көбіне арызданушы тараптардың адвокаттарының ығына икемделіп, істі тезірек жабуға тырысып, жас отбасыларын болмашы реніш үшін ажырасып кетулеріне жол берілетіндіктерінің куәсі болудамыз. Ал, сол ажырасулардың артында қаншама жас сәбилердің жетімдік өмірлері тұрғандығына онша мән берілмейді. Ал, бұл дегеніміз – біздің еліміздің болашағының ауыр қасіретіне айналып бара жатқан үлкен дерт! Сондықтан, алдағы уақытта жас отбасыларды сақтап қалу үшін, «Ажырасу жайлы» арыз атаулының барлығын алдымен Билер кеңесінің қарауына беріп, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Билер кеңестерінің құрамдарына халық алдында абырой-беделі зор, көпке сыйлы құрметті кісілерден болуларына зор маңыз беріп, Билер кеңестерінің шешімдеріне Сот, құқық қорғау органдары, билік иелері құрметпен қарайтындай мәртебе берілсе, ол арнайы Заңға енгізілсе, Билер кеңестерінің ролі де, беделі де артар еді.          

Іс-шара барысында қатысушылар медиация рәсімдерін қолдану аясын кеңейту және медиацияны халық арасында насихаттау жөнінде бірқатар ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Жиын соңында облысымызда татуластыру рәсімдерінің көрсеткіштерін көтеруге еңбек еткен судья-медиаторлар мен кәсіби медиаторлар, саланың дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс хаттарымен марапатталды. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер