Түркістан қаласында пробация есебінде тұрған азаматтардың қозғалысын анықтау мақсатында «Есептегі элемент» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, 29 шілде мен 3 тамыз аралығында өткен жедел-профилактикалық іс-шара барысында Ішкі істер органдарында есепте тұратын 2314 тұрғын тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Нәтижесінде 50 адамның сот органдары белгілеген шектеулерді бұзғаны анықталды.
- Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі болып табылады. Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді. Яғни, сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек.
Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге жібермей, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай адамдарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды. Бірақ соның өзінде белгіленген заң тәртібін бұзатындар да жоқ емес. Мәселен, жедел-профилактикалық іс-шара кезінде әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы бұзудың 12 жағдайы анықталып, хаттама толтырылды. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандармен 12 құқық бұзушылық, мінез-құлқына белгіленген ерекше талаптарды бұзудың 10 жайты белгілі болды. Өз кезегінде полиция өкілдері пробацияесебінде тұрған азаматтарға сот белгілеген шектеулерге немқұрайлы қарамауға шақырады, - дейді Бауыржан Жанаев.
Жалпы пробация қызметінде есепте тұратын азаматтардың әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету¬де¬гі негізгі бағыттардың бірі – оларды жұмысқа орналас¬¬¬тыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, психо¬логиялық көмек беру. Пробация қызметінің кешенді стратегияның мақсаты – бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды кешенді әлеуметтендірудің ұлттық жүйесін жетілдіру, сондай-ақ қайта қылмыс жасау деңгейін төмендетуге ықпал ететін тиімді жағдайларды жасау.
Кейде пробация қызметінде есепте тұрған азаматтар сот белгілеген талаптарды орындамай жататыны да бар. Мәселен, пробация қызметінің есебіне алынған «Б» есімді азамат жаза өтеу барысында сотпен жүктелген міндеттерді бірнеше рет бұзып, өз бетінше түзелуге мүмкіндік берген соттың ізгілікті қаулысын түсінбей, өзіне жүктелген міндеттерді сақтамай, Түркістан қалалық пробация қызметімен жасалған ескертулерден еш нәтиже шығармай, қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын құқық бұзушылықтарға жол берген. Яғни ол бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуді қаскөйлікпен бұзған. Сөйтіп соттың қаулысымен сотталған тұлға бас бостандығын шектеу жазасынан бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Жалпы облыс бойынша, сот органдары белгілеген шектеулерді бұзған 100 тұрғын анықталған. Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері пробация қызметімен бірлесіп, ішкі істер органдарында есепте тұрған 5 мыңға жуық адамды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары сот органдарымен белгіленген шектеулерді бұзған 100 адамды анықтады.
Оларға қатысты тиісті әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 19 адам ҚР Әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының аумағында рецидивтік қылмыстың алдын алуға, құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды анықтауға және оларды профилактикалық есепке қоюға, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша одан әрі тексеруге бағытталған «Есептегі тұлға» шарасы жүргізілуде. Сондай-ақ полицейлер әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мақсатында түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізуде.