Заң – біздің қоғамды демократияландыру бағытындағы ең ірі қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына осы жылдың 15 сәуірінде заңға қол қойды. 

Screenshot_20.jpg

Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаевтың айтуынша, елімізде әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейтін жаңа заңның өмірге келгенін қуана қостағандардың қарасы қалың. Яғни, жаңа заңда жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

- Нәзік жыныстылар мен балаларды қорғау туралы құжат елімізде 2009 жылы әуел баста «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» деген атаумен қабылданған еді. Қазақстан ТМД ішінде осындай заң қабылдаған алғашқы ел болды. Мемлекетімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық ең үлкен мәселелердің бірі болып есептелгендіктен, кейінгі жылдары заңнамаға жауапкершілікті күшейту жағынан бірнеше рет өзгерістер де енгізілді. Адамдардың озбырлығының көбеюі, қатыгездіктердің шектелмеуі, қара ниеттіліктің белең алуы заңнаманың шикі тұстарының бәрібір көп екендігін байқатқан еді. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Парламентке «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Сөйтіп, 49 баптан тұратын заң жобасы 2019 жылғы қазанда дайындалып, халық назарына ашық талқылауға ұсынылды.

Онда әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғайтын құжатта тұрмыстық зорлық – зомбылық үшін жазаны қатайту, полиция қызметкерлерінің өкілеттіктерін кеңейту және отбасылық агрессорларға отбасына жақындауға тыйым салу ұсынылды. Сондай-ақ, ақпараттық-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру, заң көмегін көрсету, ведомстволық статистикалық есепті жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтау мен ден қою, медициналық-әлеуметтік оңалту қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етудің нормалары, полиция органдарының ерте араласуы және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесудегі өтініш беру қағидатынан анықтаушыға көшу туралы нормалар белгіленді. Ол бойынша, мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық қатерлері туралы, оның ішінде әлеуметтік желілерде орналастырылған хабарламалар да полицейлердің ден қоюы және жеке профилактиканың алдын алу шараларын қабылдау үшін негіз болып табылады. Бұдан басқа, полицейлердің қорғау нұсқамаларын шығарудағы өкілеттіктерін кеңейту ұсынылды: зардап шеккендермен және балалармен байланысуға, қарым-қатынасқа, олармен кездесулерге және оларды қудалауға 30 күндік тыйым салу шарасы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша да, сондай-ақ осындай қауіпті сәйкестендіру нәтижелері бойынша да шығарылуы мүмкін болды. Өзгерістер мен түзетулер арқылы толықтырылып, дамытылған жоба қоғамда және бұқаралық ақпарат құралдарында биылғы жылға дейін үздіксіз әрі кеңінен талқыланды, - дейді Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев.

Жалпы алғанда, заңға енгізілген өзгертулер мен барлық түзетулер дәйекті рөл атқарады, өйткені олар көптеген мәселелерді, соның ішінде суицидті әлеуметтік қауіпті әрекет ретінде насихаттауды криминализациялауды қамтиды. Олар азаматтық қоғамның одан әрі дамуы үшін негіз болады және азаматтардың санасында қоғамдық қатынастардың жаңа заманауи моделін қалыптастырады, онда адам құқықтары бірінші орынға қойылады, жеке тұлғаның қадір-қасиеті танылады.

Екіншіден, бұл нормалар архаикалық негіздер мен дәстүрлерді бұзады, содан кейін отбасылық және қоғамдық қатынастар саласындағы агрессорлардың қылмыстық белсенділігін төмендетеді. Осылайша, Қазақстанда әлеуметтік теңдік принципі нығаяды және қоғамда жыныстық кемсітушілік көріністеріне нөлдік төзімділік қалыптасады. Ең бастысы, бұл заң – атқарушы билік пен азаматтық қоғам арасындағы консенсус, Президент пен халық арасындағы келісілген әрекеттің нәтижесі.

- Заң – біздің қоғамды демократияландыру бағытындағы ең ірі қадам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде қоғамды демократияландыруға бағытталған формаларды тиімді жүргізіп отырғанын айтуымыз керек. Сайланбалы және партиялық заңнама реформаланды, Парламенттің рөлі күшейтілді, гендерлік теңдікке және адам құқықтарын сақтауға зор көңіл бөлінуде. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ең көп әрі ашық талқыланатын қоғамдық мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес. Алайда, жобаны талқылау кезінде екіге жарылған қоғамның бір тобы заң қабылданғаннан кейін де наразылыққа бой берді. Сарапшылар мен заң авторларының айтуынша, наразылықтың көбі заң тұжырымын халықтың денінің дұрыс түсінбеуінен болған.

БҰҰ-ның дерегінше, біздің елде жылына кемі 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Отбасылық абьюзерлердің қолынан кемінде 80 әйелдің өмірі қиылған. Жалпы, еліміз бойынша жыл сайын ішкі істер органдарына шамамен 30 мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендігін айтып шағымданса, күнделікті полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі. Өткен жылы 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Күн сайын 342 адам отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен, - дейді «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қалалық филиалыныңтөрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов.

Құқықтық статистика комитетінің ресми мәліметінше, елімізде жылына 800-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбаны болады. Мысалы, 2022 жылы елде балаларға қарсы 2000-нан астам қылмыс жасалған. Олардың үштен бірінен астамы жыныстық сипатта болған. 

Өткен жылдың қараша айында қазақстандықтар Otinish.kz сайтында Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жазаны мейлінше қатаңдатуды талап еткен ашық хат жолдады.

Сәуір айында қазақстандық белсенділер мен құқық қорғаушылар құрамындағы бастамашыл топ ел тұрғындарынан Сенатқа заң қолдауымен хат жіберуді сұрап, «Парламентке хат жаз» акциясын іске қосты. Бастаманы 5000-нан астам қазақстандық қолдады.

Ал, Сенатқа жолданған заң жобасын талқылау кезінде 154 мыңнан астам қазақстандық отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы онлайн петицияға қол қойды. Берлин мен Италияда Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды қолдайтын шаралар өтті, оларға 150 адам жиналды. Қатысушылар мұндай жағдайға қоғам бұрынғыдай бейжай қарамайтынын көрсетті.

Мемлекетіміз халық пікірі мен сұранысына құлақ асты, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатты. Баланы асырап алуда, патронаттыққа беруде де кілтипаны бар тараулар түзетілді. Мәселен,  Ұлытау облысында бағам-қағам деп алған балаларына мал бақтырып қойған әйел туралы ақпарат шыққаны жұрт есінде. Одан кейін Шымкентте психикалық ахуалына қарындасы күмән келтіретін адамның балаларды асырап алғаны, олардың теперіш көргені анықталды. Алты баланы жуындырмай, ашқұрсақ ұстаған. Ненің етін жегізгенін айтуға аузың бармайды... Әлгі кісі 6 баланы 2021 және 2023 жылдары алған. Олардың екеуі сот шешімімен әйелі екеуінің асыранды балалары саналса, қалған төртеуі өзінің қамқоршылық тәрбиесінде болған. Міне, заңда осындай сорақылықтарға жол бермеу жағы қатаң қолға алынды.

ҚР Бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, заңда жалпы 70-тен астам позиция бар. Оның 49-ы балаларға арналған түзетулер. «Балаға ұрысуға, нұқуға болмайды, мемлекет тартып алады екен» деген секілді ел арасындағы түрлі пікірлер негізсіз. «Маған қол көтерді, мені шапалақпен сарт еткізді» деген сөздерге бола отбасынан баланы алып кету деген ұғым жоқ. Мемлекет баланы тартып алмайды. Бірақ талап күшейтілді. Бұдан былай педофильдер мен бала өлтіргендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Бұрынғыдай тараптардың кешірімі мен келісімі деген шаралар мүлдем алынып тасталды. Айыпты тұлға бірден жауапқа тартылады.

Жаңа заң неке-отбасы заңнамасы негіздерін дәстүрлі отбасылық құндылықтармен нығайту және насихаттау сияқты жаңа принциптермен кеңейтілген. Онда жергілікті өкілді және атқарушы органдардың неке институтын нығайту жөніндегі құзыретін кеңейту және отбасылық, әлеуметтік-экономикалық қолдау, қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларға, отбасына жан-жақты қолдау көрсетуді анықтау және ұйымдастыру көзделген.

- Жаңа заң бойынша, енді кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді; денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргендерге шектеу жазасын тағайындауға тыйым салынады; бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге өмірлік түрме жазасы беріледі; 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендерге қатаң жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодексте арнайы бап пайда болды.

Жаңа заң қылмыстардың алдын алады. Қылмыстардың алдын алу үшін отбасы институтын нығайтуға, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отбасын қолдау орталықтарын құруға, отбасы мәселелері бойынша «111» байланыс орталығының жұмыс істеуіне, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық жаңалықтар бар. Бұл Заңның негізгі мақсаты жазалау емес, алдын алу. Әрбір азамат Заң мәтінінен, ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін таба алады, - дейді Каукен Нәрікбаев.

Сайып келгенде, әлемдік жүйедегі қоғамның өркениеті оның әйелдерге деген көзқарасымен анықталатынын ешкім ұмытпауы тиіс. Заңның түбірі зорлық-зомбылықтың табиғатын түсінуге негізделген. Мұнда олар оның салдарын емес, себебін жоюға тырысады. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Бүгінгі таңдау – ертеңгі болашақ
  • Сауран секторында кездесу өтті
  • Университетімізде республикалық референдум бойынша дөңгелек үстел өтті
  • АЭС – болашақтың энергиясы
  • Балдырғандар Түркістан қаласының полицейлермен бірге рейд жүргізді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер