Жалған хабарлама қылмыс болып саналады

Еліміздің заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат таратқандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазаланады. Әйткенмен, көпшілік мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетінінен бейхабар сынды. 

Screenshot_21.jpg

Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаевтың айтуынша, елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Сондықтан кез келген адам айтқан сөзіне, әрбір ісіне және әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болуы қажет-ақ. Егер айтқан сөзі мен жариялаған мақаласы жала немесе өтірік болса, оның ақыры өкініш болары анық. Одан кейін қанша бармақ тістесең де, ештеңені өзгерте алмайсың. Алайда, бүгінгі күні ел-жұрттың үрейін ұшырып, «бәлен мекемеге жарылғыш зат қойылған» деп полицияға хабарласатын «телефон террористерінің» де қарасы азаяр емес.

Шүкір, құқық қорғау құрылымдарының тиімді жұмыс жүргізуі арқасында ел іші жарылыстар мен атыс-шабыстан аман. Алайда, жалған хабарлама беріп, жұртты дүрліктіретін бұзақылардың әрекеті тыйылар емес. Рас, соңғы 10 жылда осы санаттағы қылмыстардың едәуір азайғанын байқауға болады. Мысалы, 2011 жылы елімізде 123 дерек тіркелсе, алдыңғы жылы 50 адам «әзілдеп» қоңырау шалған. Ал, былтыр 52 қылмыстық іс тіркелсе, оның 28-і сотқа жолданыпты. Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті 1-басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Талқанбаевтың айтуынша, былтыр жалған ақпарат таратқан 16 адамға қатысты сот үкімі шығарылып, оның ішінде 5-не бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Бұдан бөлек, 8 азаматтың бас бостандығына шектеу қойылған.

– Екі азаматқа қатысты медициналық мәжбүрлеу шарасы қабылданды. 1 кәмелетке толмаған балаға қатысты тәрбиелік бағыттағы шаралар қолданылды. Жалпы, айта кету керек, елімізде террористік акті туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу, яғни 14,5 миллион теңге немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады. Осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да білуге тиіс. Сонымен қатар, сот шешімімен осы істің кесірінен келтірілген барлық шығын өтеледі. Егер оны кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі, – дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство өкілі өз сөзінде бүгінгі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарға қарсы күресу үшін заманауи техникалық құралдармен толыққанды жабдықталғанын айтып өтті. Сөзінше, қоңырау шалған адам өз даусын өзгертіп сөйлесе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, қазіргі құрал-жабдықтар қылмыскерді анықтап ұстауға толық мүмкіндік береді. Оған бұзақылардың 90 пайыздан астамы бір тәуліктің ішінде «ізі суымай» табылып жатуы айқын дәлел. Бұрын таксофон арқылы қоңырау шалған адамды іздеп табу қиындық туғызатын болса, қазіргі ақпараттық технологиялармен жасалған кез келген әрекеттің ізін жасыру мүмкін емес. Осы орайда, сала мамандары «бәлен жерге бомба қойылды» деп жалған хабарлама беріп, бүкіл елді дүрліктіру әзіл де, ермек те, батырлық та емес, ол қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ақымақ әрекет екенін еске салып өтті. «Жалған хабарлама жасалды ма, болды, бұл қылмыс деп саналады.

Жасарын жасап алып, кейін қанша өкінсе де, қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алмайды. Жастар жағы мұндай жауапсыз әрекеттердің өз өмірін бүлдіріп қана қоймай, оның отбасына, ата- анасының абыройына нұқсан келтіретінін есте сақтауға тиіс», – дейді полиция полковнигі.

Сонымен қатар, елімізде діни экстремизмді, этнос аралық алауыздықты тудыруда интернеттің айтарлықтай ықпалы өсті. Яғни, әлеуметтік желілерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды өршіту белең алуда. Бір өкініштісі, әлеуметтік желіге кірген ел тұрғындары өздерінің саяси, діни сауатсыздықтарының салдарынан желіде мақсатты түрде жалған немесе бұрмаланған ақпараттар таратып немесе халықты әдейі арандатып отырған адамдарды қолдап, қолпаштап, «лайк» басып, астына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» пікір жазып, теріс қоғамдық пікір тудыруға үлес қосып отыр. Яғни, ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жалған ақпараттардың таралуына және бүгінгі қазақтың қырықпышақ болып әлеуметтік желіде дауласуына интернеттің ықпалы зор.

Түркістан қаласының бас имамы Ұлықбек Әлиакбарұлының айтуынша, жалған, жалғандық – белгілі бір іс-әрекет немесе құбылыс мәнінің шындықтан алшақтатып, бұрмаланған көрінісі, ақиқатқа қарама-қарсы ұғым. Бір кісінің істемеген нәрсесін істеді деп айту Алланың алдында үлкен күнә саналады. Ислам шариғатында мұндай әрекетке тыйым салынып, үкімін харам деп бекіткен.

 Әсіресе ар-намысын кірлету мақсатында мұсылман әйелге жала жабу – өте ауыр күнә. Жала жабудың жаман әрекет болғаны соншалық, адамдар арасына жайылса, ақиқатын айтып жеткізу, ақтау өте қиынға соғады. Әсіресе арлы, намысты кісілер жайында айтылған жалған сөздер оңайлықпен түзелмейді. Сол үшін шариғатта жала жабуға, адамның ар-намысына тиісуге қатаң түрде тыйым салынған.

- Адам әрдайым Жаратушының бұйрығына бағынып жүрсе, ешкімге жала жаппаса, Алла Тағала мұндай құлын жала бәлесіне ұшыратпайды. Бұған Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың өмірінен мысал келтірсек болады. Мұса пайғамбар Алланың сүйікті құлы әрі елшісі, Оның әмірін орындайтын пендесі болатын. Ол ешкімді ғайбаттамайтын, біреуге жала жаппайтын үлгі тұтар тұлға болды. Алайда оны көре алмайтын дұшпандары болды. Қарун есімді яхуди кісі Мұсаны көпшілік алдында әшкерелеп, жала жабу үшін бір әйелге ақша беріп, жалдайды. Қарун әлгі әйелге Исрайл ұлдары жиналған жиында: «Мұса мені зорлады», – деп айт деп көндіреді. Адам ақша үшін не істемейді?! Әйел Исрайл ұлдары жиналған жиынға уәде бойынша барып, Мұсаны масқара етпек болады. Мұса бұл кезде Алладан келген жаңа үкімдерді қауымына жеткізіп отырған болатын. Пайғамбар зина жасаған адамның ауыр жазаға тартылатынын айтып жатқанда Қарун: «Әй, Мұса! Егер сен зина жасасаң, саған да жаза қолданамыз ба?» – деп әдейі Мұса: «Иә» деп жауап бергенде, әлгі әйелді шақыртады. Сонда әйел көпшіліктің алдына шығып: «Мұса мені зорламады.Маған Қарун ақша беріп, «Мұса мені зорлады» деп айт деді. Бірақ мен олай айта алмаймын», – деп сөзін бітіріп сыртқа шығып кетеді. «Біреуге ор қазба өзің түсесің» демекші, Мұсаны әшкерелемек болған Қарун жұрт алдында өзі масқара болады. Қарун қатты ашуланып, дереу сыртқа шығып әлгі әйелге: «Сен неге менің айтқанымды істемедің?» – деп айқай салады. Сол кездегі әйел: «Мен жұрт алдына шыққанда тіліме еге бола алмадым. Тілім өзінен-өзі сөйлеп кетті», – деген екен. Өйткені Алла сүйікті пендесін елге масқара етпейді. Мұса пайғамбар ешкімді жамандамайтын, өсек айтпайтын, жала жаппайтын еді. Сондықтан Алла Тағала оған өзгелердің жала жабуын қаламады.

Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұловтың айтуынша, жалған ақпараттың үш түрі болады. Оның алғашқысы – Алла Тағала жайлы жалған ақпарат тарату. Бұл – жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Ғалымдар бұған бұған Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда бұл жайында: «Аллаға жала жапқаннан немесе шындыққа қарсы болғаннан артық залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе? («Ғанкабут» сүресі, 68-аят), «Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, адал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдер ме?» – де. Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, Қиямет күні жайлы ойы қандай? Расында Алла – адамдар үшін кеңшілік иесі. Бірақ олардың көбі шүкірлік қылмайды («Жүніс» сүресі, 59-60 аяттар).

Жалған ақпараттың екінші түрі – Алла елшісі жайлы жалған сөйлеу. Пайғамбарымыздың тірі күнінде мүшріктер оған ақын, бақсы, сиқыршы деген секілді түрлі жала жапқанын тарихтан жақсы білеміз. Құранда ол жайында: «Ол – бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер. Сондай-ақ ол – бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер. Ол – әлемдердің Раббысынан түсірілген («Хаққа» сүресі, 41-43 аяттар) делінген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтпаған сөзді оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау да жалаға жатады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе, өзіне тозақтан орын дайындай берсін!» – деген (Бұхари 3461, Ахмад 2/159).

Үшінші түрі – адамдарға жала жабу. Бұған өзге адамның айтпағанын айтты деу, істемеген ісін істеді деп жалған айту жатады. Мүмін адам өзге біреуді дәлелсіз жамандаудан, кемшілігін іздеуден барынша сақ болу қажет. Өйткені өзгенің кемшілігін айтқан адамға сауап жоқ. Керісінше жалақор адамның ауыр күнәға бататыны сөзсіз. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар. Олар – Аллаға серік қосу, сиқыр, біреуді бекер өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда кері қашу, бейкүнә мүмін әйелге жала жабу», – деген. (Бұхари, Мүслим риуаят еткен).

«Әрбір адам сөзіне, ісіне, әлеуметтік желіде жариялаған жазбасына мұқият болу қажет. Егер айтқан сөзі не жариялаған мақаласы жала, өтірік болса мәңгілік өкініште қалады. Кейінгі кездері дін саласында қызмет атқарып жүрген тұлғаларға түрлі жала жабылып жатыр. Мұсылман адам мұндай жаман әрекеттен бойын аулақ ұстау керек. Алла Тағала барша мұсылман қауымын жаладан, бүліктен сақтасын!», - дейді Қуаныш Сәбит әлеуметтік желіде берген жазбасында

Жалған ақпарат тарату арқылы «жарылғыш зат қойылды» деп хабарлайтын қылмыстардың ел ішінде қорқыныш пен үрей туғызатыны өз алдына, одан бөлек мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына кедергі келтіріп, орасан зор шығынға батыратыны белгілі. «Жарылғыш зат қойылды» деп хабарланған ұйымның, әуежайлар мен сауда орындарының жұмыс кестесін бұзып, ұшақтардың ұшу уақытының кешігуіне немесе сауда-саттықтың тоқтауына түрткі болады.

Ал, полицейлердің осындай жалған шақыртуға бір рет шығуының өзіне 200-300 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. Бұдан бөлек, ірі сауда орталықтарының жұмысы тоқтаса, әр сағат сайын миллиондаған теңге шығынға ұшырайтыны тағы бар. Қылмыстық істерді тергеу барысында мемлекетке келтірілген материалдық залалдың өзі жыл сайын 500 мыңнан бастап 2 миллион теңгеге дейінгі соманы құрайды. Ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскенде оның рас не жалған екенін бірден анықтау мүмкін емес. Мұндай «жарылғыш заттарды» қоюға қоғамдық дүмпу тудыру үшін адам көп жүретін қоғамдық орындар мен мекемелер әдейі таңдалады.

Мәселен, сауда орындары, университеттер, мектептер, базарлар, мемлекеттік мекемелер. Сондықтан, болуы ықтимал апаттың және адам шығынының алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарына барынша жедел әрекет етуге тура келеді. Ең алдымен, тәртіп сақшылары адамдардың бәрін қауіпті аймақтан эвакуациялайды. Сосын ғимаратты бірнеше сағатқа жауып, арнайы мамандар хабарламаның рас- өтірігін анықтау үшін ғимараттың ішін түгелдей тексереді. Ол жерге полициядан бөлек, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем күш-құралдары жұмылдырылады.

Осылайша, жарылғыш затты іздеу және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шаралар қабылданады. Айта кету керек, бүгінге дейін елімізде телефон арқылы түскен жалған хабарламалардың барлығы да расталған жоқ. Яғни, өтірік болып шықты. Алайда, «құмыра да мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» деген бар. Мамандар, әрбір келіп түскен ақпаратқа селқос қарамай, жіті тексеруі керек. Өйткені оның артында, ең біріншіден, адам өмірі мен денсаулығы тұр.

Қорыта айтқанда, терроризм – елдің тыныштығын бұзу, қоғамды үрейге бөлеу мақсатында жасалатын қылмыстық әрекет. Ал, террористік актілер туралы жалған хабарлама берудің әсері одан мүлде кем емес. Ендеше, кейбір азаматтарымыз осыны шын түйсінгені жөн болар еді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер