Жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу маңызды

Түркістан қаласында жасөспірімдер арасында жасалатын қылмыс саны азайып келеді. Дегенмен бүгінгі бала ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын атпал азаматқа айналары анық. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі бәрінен маңызды болуы заңдылық. Осыған орай, Түркістан қаласының аумағында кәмелетке толмағандар және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың, өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу мәселелері бойынша кешенді шаралар қолға алынған.

Screenshot_22.jpg

Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын қылмыстардың санын азайту мақсатында бірқатар жұмасытар жүргізілген. Атап айтқанда, биыл полициямен біріккен рейд барысында құқық бұзушылыққа бейім 552 кәмелетке толмаған жасөспірім, ал бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 349 қолайсыз отбасы ішкі істер органының есебіне алынған.

Жалпы бүгінгі күні Түркістан өңірінде 400 мыңнан астам отбасыда 900 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. Оларды зорлық-зомбылықтан және қатігездіктен қорғау, түрлі қылмыстың алдын алу маңызды мәселе. Түркістан қаласында облыстық Полиция департаменті ғимаратында кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғауда атқарылған жұмыстар жөнінде комиссия отырысы өтті. Оған қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған отбасылармен жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Балалардың қауіпсіздігі мақсатында өткен жылы Түркістан өңіріндегі 938 білім беру мекемесі 100 пайыз дабыл батырмаларымен қамтылып, осы жедел басқару орталығына қосылған болатын. Оның 909-ы мектеп, 25-і колледж және 4-еуі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымы толық лицензияланған күзет қызметіне өткен. Техникалық мүмкіндік жоқ 145 мектепті қоспағанда жедел басқару орталығына 764 мектеп қосылуға тиіс болған. Оның 617-сі қосылды. Енді орталықта көрінбей тұрған 147 мектепті тезарада қосуды тапсырылған. Құқық қорғау органдарына соңғы 5 жылға талдау жасауды ұсынған болатынмын. Бұл жерде басымдық сандарға емес, анықталған фактілердің себеп-салдарына беріледі. Биыл қараусыз, қиын жағдайда немесе толық емес отбасында, туыстарында тұратын оқушылардың отбасыларын арнайы мамандар тобы аралауда, – деген Бейсен Дәулетұлы әлеуметтік осал топтағы отбасылар мен құқықбұзушылыққа бейім оқушыларды «ArtSport» бағдарламасына қатыстыруды күшейтуді тапсырды. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев өз сөзінде кәмелетке толмаған жасөсіпірімдерге қатысты келеңсіз жағдайлардың алдын алу шараларына тоқталды. Оның айтуынша білім беру ұйымдарында жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алуға бағытталған, мектептегі бес маманның жұмысы қамтылған «Бестерек» жобасы өткен жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергеновтың айтуынша, жеткіншектер арасындағы қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытын дұрыс ұйымдастыру.

– Патриоттық тәрбие мәселелерімен барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде полиция органдары айналысатыны белгілі. Айта кетейік, полицияның негізгі қызметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу шараларымен шектелмейді. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары қызметкерлерінің бірінші мақсаты – өскелең ұрпаққа құқықтық, патриоттық тәрбие беру деңгейін көтеру және оны дұрыс жолға бағыттау. Осы мақсатта осы жылдың өткен кезеңінде 36 спорттық сайыс және түрлі профилактикалық тақырыптарда 1500 дәріс пен сұхбат өткізілді. Оның ішінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша – 951, саламатты өмір салты бойынша – 617, діни экстремизм мен сепаратизмнің алдын алу бойынша – 82, түрлі профилактикалық тақырыптарда 45 дөңгелек үстел және 29 акция өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 287 кездесулер мен пікірлер ұйымдастырылды, – дейді ол. 

Алайда, осы атқарылған кең көлемді іс-шараларға қарамастан, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзушылық жасаған бір мыңнан аса кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілген. Олардың ішінде спирттік ішімдіктерді пайдаланғаны, ұсақ бұзақылық жасаған және түнгі уақытта қараусыз жүргендер бар. Нәтижесінде Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына жүзге жуық жасөспірім орналастырылған. Осылайша қазіргі таңда полиция басқармасында профилактикалық есепте екі жүзге жуық жасөспірім тұр екен. Сондай-ақ, бірнеше рет құқық бұзушылық жасағаны үшін девиантты мінез-құлқы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке алты жасөспірім орналастырылып, отызға тарата ата-ана мен қамқоршы ата-ана құқықтарынан айырылған. Ал, осы жылдың жарты жылдығында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аздап артқаны байқалады, десе де, ауыр қылмыстар саны едәуір төмендеген.

Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер арасында дертке айналып отырған жайттың бірі – суицид. Өкінішке қарай, суицид жасау фактісі өткен жылға қарағанда бір дерекке артып отыр. Сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауға бірнеше жасөспірім ұмтылған. Олардың ішінде мектеп оқушылары да, студенттер де бар. Ал кешегі күні Түркістан қаласында 34 жастағы ер адам өз-өзіне қол жасамақ болды. 

Тіркелген деректерді талдау кезінде аталған жағдайларға ең әуелі жұмыссыз халықтың санының өсуі, интернет желілердің қолжетімділігі, ата-аналар тарапынан өз балаларының қауіпсіздігі мәселесіне аз көңіл бөлуі, олардың байланыстары мен бос уақытын бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болып отырғаны анықталған. Жыныстық сипаттағы қылмыстардың ең белең алып тұрғаны – 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу. Түркістан қаласы аумағында осы жылдың бес айында мұндай жайттың бір-екі дерегі тіркелген, олардың барлығы өзара келісім бойынша болған. Бұл ретте сотқа дейінгі іс жүргізу іс жүзінде қозғалғанына қарамастан, мұндай істердің субъектілері қалыптасқан дәстүрлерге байланысты, сондай-ақ қалыптасқан жергілікті менталитеттен туындаған туыстарының, таныстарының және басқалардың алдында әулеттеріне сын келтірмеу үшін азаматтық некеге отырады.

– Барлық жыныстық қылмыстар бойынша өткен жәбірленушілердің отбасылары туралы мәліметтерді талдау көрсеткендей, жәбірленушілердің 87,5 пайызы толық емес отбасыларда тұратыны анықталып отыр. Бұл ретте осы отбасыларға зерделеу барысында заңды өкілдер тарапынан алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдалануды немесе қоғамға жат әрекеттермен екі ата-ана «бұрын сотты болған», екі ата-ана «қорғау нұсқамасы шығарылған» санаттары бойынша есепте тұрған. Қылмыстар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында жасөспірімдермен және оларға қарсы қылмыс жасаудың бірнеше себептерінің бірі үйден кету деректері болып отыр. Қала аумағында қаралып отырған кезеңде сексенге жуық жасөспірімге қатысты үйден кету хабарламасы тіркелген. Оның 45-і қыз бала болса, 46-сы ұл бала. Оның ішінде мектеп оқушысы – 63, колледж студенті – 24, еш жерде оқымайтыны – 4 жасөспірім, – деген Әдрахман Тоқбергенов қала аумағында ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуге, жасөспірімдердің алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға, олардың бұзақылық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер жасауына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында және түнгі уақытта үйінен тыс жерде болуын реттеуге бағытталған заңнама нормалары кеңінен қолданылатынын баса айтты.

 Сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар мен тәжірибелі психолог мамандардың балалар мен ата-аналарға арналған тренингтер, жеке кеңестер берілетін «Сенім-ай» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Жоба аясында 348 отбасыға психологиялық терапия өткізілген. «Салауатты болашақ» жобасы – онлайн режимде тәуекел тобындағы отбасы балаларының ақпараты қалыптастырылатын жүйе. Бұл жоба шеңберінде тиісті ведомстволар, соның ішінде білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау полиция, прокуратура бірлесіп қызмет атқарады. Сонымен қатар биыл ата-аналармен бірлесе жұмыс істеуге арналған «Саналы ата-аналық тәрбие» атты жаңа 4-ші бағытты іске қосу жоспарлануда. 

Түркістан қалалық Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Абдрахман Тоқбергеновтың айтуынша,  қазіргі таңда, Түркістан қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция тобының қызметкерлері жасөспірімдер арасында қылмыстардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жасауда. Атап айтқанда, әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері мүдделі орган өкілдерін қатыстыра отырып, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Қайыршы», «Жасөспірім - Заң – Қауіпсіздік», «Абайлаңыз балалар», «Зорлық – зомбылықтың алдын алу», «Бақытты балалық шақ», «Назар аудар, балалар» тақырыптарында іс-шаралар ұйымдастырылған.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер