Ешкімге жасырын емес, бүгінгі күні интернет-алаяқтардың белсенділігі артып келеді. Оны айналамызда болып жатқан оқиғалардан, адамдардың өзара әңгімелерінен байқауға болады.
Қала берді ұялы телефоныңызға бейтаныс адамдардың қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратындар да көбейген. Түркістан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығының орынбасары Ердәулет Амантаевтың айтуынша, Түркістан облысында өткен жылы интернет-алаяқтық бойынша 567 іс тіркелген. Оның 219-ы сотқа жолданған. Интернет-алаяқтыққа қарсы облыстық полиция департаменті базасында «CyberPol» тобы құрылған. Құрамында 6 жедел уәкіл, 3 тергеуші, 1 криминалист және 1 ІТ-маман жұмыс істейді.
Жалпы елімізде 2024 жылы интернет-алаяқтар 11 765 адамды алдап, 18,2 миллиард теңгені иемденіп кеткен. «Интернет-алаяқтық амалдары күннен-күнге әккілене түскен. Қазіргі кезде қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстыруы жиілеген. Осы тәсілмен жәбірленушінің жеке шотындағы және депозиттегі қаражатын түрлі айламен иемденіп кетеді. Ол аз болса, несие рәсімдеп алады. Расында, банк немесе полиция қызметкерлері ешқашан дербес деректерді хабарлауды сұрамайды және телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді» дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді. Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударса, жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын пайымдай беруге болады.
Бұрындары адамдар «қорадағы малым жоғалды» деген шағым айтушы еді, қазір «шотымдағы қаражатымнан қағылдым» деп полиция ғимаратының табалдырығын тоздыратындар көбейген. Цифрландырудың жаңашылдығы өмірімізді жарқын еткенімен, интернет алаяқтықтың белең алуына жол ашып отыр. Осылайша, интернеттегі алаяқтық жағдайлары жиілей түсті, ал оның құрбаны өте көп.
- Ғаламтор дамыған бүгінгі заманда алаяқ біткен оңай олжаға кенелудің түрлі тәсілдерін ойлап табуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс екенін айтқан болатын. «Мен бүгін қоғамда өзекті болып тұрған тағы бір мәселеге тоқталғым келеді. Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде», - деді Президент. Сондықтан құқық қорғау органдарының алдында алаяқтықтың кез келген түріне ымырасыз күрес жүргізу міндеті тұр. Ал қылмысқа қарсы күрестің ең тиімді тәсілі – оның алдын алу, яғни түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы халықты сақтандыру.
Ішкі Істер Министрлігінің бастамасымен интернет-алаяқтыққа қарсы облыстық полиция департаменті базасында «CyberPol» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Осы бағытта Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып, анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіден құрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың интернет-алаяқтық қылмысына (56 дерек) қатысы барын дәлелдеген. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттары сотқа жолданған, - дейді Бауыржан Жанаев.
Мәселен, Бауыржан Жанаевтың айтуынша, бұл топтың жедел уәкілдері облыстың бірнеше тұрғынын алдап, олардың атынан онлайн несие алған жас жігітті ұстаған. «Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол өзін көлігіне жолаушы болып отырған жас жігіт әңгімеге тартып, сеніміне кіріп, телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасын пайдаланып, оның атына 1,6 миллион теңге несие рәсімдеп алғанын жеткізді. Ақпарат алысымен арнайы құрылған топ қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауда жан-жақты жұмыс істеді. Нәтижесінде күдікті ретінде Сарыағаш ауданының тұрғыны, жұмыссыз жас жігітті анықтады. Оның 6 бірдей жүргізушіні алдап, оларға жалпы 6 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені белгілі болды. Несиеге мақұлдау алған алаяқ танысы ақша салып жібергенін айтып, жүргізушінің телефоны арқылы арнайы терминалдардан қаражатты шешіп алып отырған. Қазір күдікті қамауда, оған қатысты материалдар айыптау актісімен сотқа жолданды» дейді ол.
Айта кетсек, киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері болған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып келеді. Жалпы күнделікті өмірде қазақ тілінің интернет-алаяқтардан жақсы қорғайтынын көріп жүрміз.
Интернет алаяқтарға алданған жанның бірі түркістан қаласының тұрғыны Сезім (Есімі өзгертілген). Сезім онлайн платформа арқылы концерт билеттерін сатып алмақ болған. Ол сенімді болып көрінетін сайтты тауып, төлем туралы мәліметтерді енгізу арқылы тапсырыс берген. Осыдан кейін сайтта оның тапсырысы техникалық мәселелерге байланысты өңделмегені туралы хабарлама пайда болған және төлемді қайталауды сұрайды. Ол билеттерін жоғалтып аламын деп қорқып, келіседі. Алайда осыдан кейін оның несие картасынан ақша бірнеше рет алына бастаған. Билет те, концерт те жоқ. Бұл жағдайда ол фишингтік алаяқтықтың құрбаны болды. Алаяқтар ресми платформа ретінде жалған веб-сайт құрған және несие карта туралы деректерді ұрлады. Бұл мысал онлайн транзакцияларды жасау кезінде абай болу және әрқашан сіз кіретін сайттардың сенімділігін тексеру қаншалықты маңызды екенін ұғындырады.
Интернет алаяқтық сауда-саттық саласында да белең алды. Онлайн зат сатып аламын деп не тауары, не ақшасы жоқ болған жандардың да қарасы көп. Арзан бағада ең соңғы модельдегі телефон аламын деп ақшасынан айырылып, несие картасының деректері белгісіз сайттарға тарап кеткен Самат та сол интернет алаяқтықтың құрбаны. Ол онлайн-дүкен арқылы соңғы үлгідегі модельге жақсы ұсыныс тауып, несие картасымен ақшасын төлеп, тапсырыс берген. Алайда бірнеше күн күтсе де, смартфон жеткізілген жоқ. Ол сатушыны іздеп көріп еді, ол да үшті-күйлі жоғалған. Осыдан кейін лд өзінің несиелік картасы бейтаныс сайттарда күтпеген транзакциялар жасау үшін пайдаланылғанын анықтайды. Оның картасы туралы ақпарат жалған интернет-дүкенде сауда жасаған кезде ұрланған.
Бұл жағдайдан біз сатып алудан бұрын онлайн-дүкендердің беделі мен қауіпсіздігін мұқият тексерудің маңыздылығын және PayPal немесе қауіпсіз төлем жүйелері сияқты сенімді төлем және қорғау әдістерін қолдануды түсінуіміз керек. Бұл тек алданған 1-2 адамның оқиғасы ғана. Ал осындай алаяқтардың арбауына түсіп жатқандар қаншама. Алаяқтықтың алдын қалай аламыз? Қалай қорғанамыз? Мамандар қандай кеңес береді?
Біріншіден, веб-сайттардың сенімділігін тексеріңіз: жеке ақпаратты енгізбес бұрын немесе онлайн сатып алулар жасамас бұрын, веб-сайттың қауіпсіз және сенімді екеніне көз жеткізіңіз. Сайтта қауіпсіз байланыс бар-жоғын тексеріңіз (https:// браузердің мекенжай жолағында) және басқа пайдаланушылардың рейтингтері мен пікірлерін зерттеңіз.
Екіншіден, жеке ақпаратқа абай болыңыз: Құпия сөздер, несие карталарының нөмірлері немесе әлеуметтік сақтандыру сияқты жеке ақпаратты ешқашан сенімсіз байланыс арналары немесе сенімсіз веб-сайттар арқылы бермеңіз. Құпия сөздерді құпия сақтаңыз және әртүрлі тіркелгілер үшін әртүрлі және күрделі құпия сөздерді пайдаланыңыз.
Үшіншіден, қаржылық деректерді сақтаңыз: онлайн сатып алу кезінде қорғалған төлем әдістерін қолданыңыз. Екі факторлы аутентификация сияқты қосымша қорғаныс деңгейлерін ұсынатын несие карталарын немесе төлем жүйелерін қолданған жөн.
Төртіншіден, фишингтен сақ болыңыз: күдікті электрондық хаттарды, мәтіндік хабарламаларды немесе жеке ақпаратты немесе қаржылық деректерді сұрайтын қоңырауларды алған кезде мұқият болыңыз. Ешқашан күдікті сілтемелерді баспаңыз немесе сенімсіз көздерден тіркемелерді жүктемеңіз.
Бесіншіден, бағдарламалық жасақтаманы жаңартыңыз және антивирустық бағдарламаны қолданыңыз: осалдықтардың алдын алу және оларды зиянды бағдарламалардан қорғау үшін құрылғылардағы операциялық жүйелер мен бағдарламалық жасақтаманы үнемі жаңартып отырыңыз. Қауіпті шабуылдардан қорғау үшін антивирустық бағдарламалық құралды орнатыңыз.
Алтыншыдан, интернеттегі алаяқтық туралы біліңіз: интернеттегі алаяқтықтың әртүрлі әдістері және олардың алдын алу жолдары туралы хабардар болыңыз.Білу және хабардар болу алаяқтардан қорғаудың негізгі элементтері болып табылады.
Осы қарапайым ережелерді сақтау арқылы алаяқтардың құрбаны болу қаупін едәуір азайтуға болады.
Мәлімет үшін: интернеттегі алаяқтыққа фишинг, кибералаяқтық, несие карталарын алдау, онлайн аукциондық алаяқтық және тағы басқалар кіреді. Фишинг – парольдер, несие карталарының нөмірлері және тағы да басқа сияқты құпия ақпаратты алу үшін шабуылдаушылар өздерін сенімді ұйымдар немесе адамдар ретінде көрсететін алдау әдісі болса, кибералаяқтыққа интернет арқылы жүзеге асырылатын, мысалы, әлеуметтік медиа, онлайн аукцион, зиянды бағдарламалық жасақтама және тағы басқалар жатады. Несиелік карта бойынша алаяқтықты карта иесінің келісімінсіз кәдеге жарату үшін пайдаланады.