Бейнекамералар қылмыстың алдын алуда таптырмас көмекші

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идиологиясын терең орнықтыру қажет екеніне басымдық берді. 

Screenshot_40.jpg

Бүгінде Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көптеген жобалар жемісті жүзеге асуда. Мәселен, цифрландыру жүйесі негізінде көптеген көшелер мен аулаларда бейнекамералар орнатылуда. Айталық, қазіргі таңда бір ғана Түркістан қаласының түкпір-түкпірінде орнатылған бейнекамералар қоғамдық тәртіпті қатаң бақылауға алған. Осылайша, тәртіп сақшылары көне шаһардың әрбір нүктесінде болып жатқан қым-қуыт тіршілікті күні-түні қадағалауға қауқарлы болып тұр. 

Бүгінгі таңда қалалық полицияға қарасты жедел басқару орталығында екі жүзге жуық бейнебақылау камерасы мен танып-талдау функциясы бар жүзге жуық камера үздіксіз жұмыс істейді. Тәулік бойы қызмет атқаратын бұл қондырғылар шен тағып, шекпен киген қауіпсіздік саласындағы қызметкерлердің жұмысын әлдеқайда жеделдеткені айтпаса да түсінікті. Жылдан жылға қала аумағы кеңейіп, халық саны өскендіктен, бейнекамераларға деген қажеттілікте арта түсетіні анық. Осы себепті, жергілікті полиция қызметі компьютерлік техникамен жарақтандырылуда. Бұл жұмыстар еліміздегі ішкі істер органдарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы іс-шаралары аясында қолға алынуда. 

Түркістан қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметовтың айтуынша, қазірдің өзінде жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жақсарып, полицейлер барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Мәселен, қауіпсіздік күзетіндегі офицерлердің барлығы дерлік жүз пайыз қызметтік темір тұлпарларды тізгіндеп, оргтехникамен толық жабдықталып отыр. 

Жолдауда айтылған цифрландыру жүйесі полиция жұмысын жеңілдете түскені анық. Атап айтсақ, соңғы уақытта бейнетаспалардың көмегімен көптеген қылмыстың жолы кесіліп, талай ұры қолға түсті. Тіпті, сыртқы бақылау камераларының арқасында көшелермен қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтардың 70 пайызының ізі суымай ашылып үлгерді. Ал, осы жылдың 9 айында бас-аяғы жүзге жуық қылмыс анықталып, тонау, ұсақ құқықбұзушылық пен автокөлік ұрлығы бойынша заңбұзушылық тіркелген. Бұдан бөлек, 60 адам әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жаза тартылған. жалпы бүгінгі күні автоматтандырылған жүйенің жәрдемімен түрлі құқықбұзушылықтарға тосқауыл болуға мүмкіндік мол. 

– Қазіргі таңда департамент балансында әкімшілік құқықбұзушылықтың бірыңғай тізілімі (ЕРАП) жүйесіне арналған мыңға жуық мобильді планшеттер мен термопринтерлер бар. Түркістан қаласындағы жүзден аса көппәтерлі тұрғын үйдің мыңнан аса кіреберісіне «Қазақтелекомның» «Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында екі мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылып, жедел басқару орталығына орталықтандырылды. Сонымен қатар, «Кілемдік жабын» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде мектепке дейінгі және жалпы білім беретін барлық мектепте бейнекамералар іске қосылды. Бұдан бөлек, шаһардағы барлық орта оқу орындары да бейнебақылау камерасымен қамтылды. Бұл күндері осы қондырғылардың жедел басқару орталығында байланыс арналарын ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал, «Қауіпсіз қала, жол қозғалысын талдау мен қауіпсіздіктің зияткерлік жүйесі» жобасы бойынша шаһар аумағында мыңнан аса бейнебақылау камерасы мен тас жолдағы автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін фотосуретке түсіретін 40 бекеті орнатылған. Сондай-ақ, қосымша талдау функциясы бар жүздеген бейнебақылау камерасы мен қосалқы бөліктерден тұратын серверлік құрылғылар сатып алынды. Мониторингке сәйкес, қала ішінде бейнетаспалардың артуы түрлі қылмыстың дер кезінде ашылуына мүмкіндік беріп отыр. Өз кезегінде мұның бәрі қарапайым халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлеріне қойылған міндеттерді мінсіз атқаруға оң ықпал етеді. Қорыта айтқанда, азаматтардың амандығы мен қоғамның тыныштығын сақтау құқық қорғау қызметкерлерінің басты міндеті. Сондықтан, алдағы уақытта аймақтағы түрлі қылмыстардың алдын алу, заңбұзушылықтарды болдырмау үшін қажетті бейнебақылау жүйесі орнатылатын болады. Өйткені, дәл қазір ашылып жатқан қылмыстардың дені сол бейнебақылау жүйелердің көмегімен анықталуда, – дейді Алмас Мырзахметов.

Атап өтерлігі, жедел басқару орталығындағы барлық жазбалар бір ай мерзімге дейін сақталады. Ал, қылмыстық оқиғалар мен құқықбұзушылықты айғақтайтын жазбалар дерекқорға жолданады. Бұл жазбаларды қажет кезінде сот төрешілері, қорғаушылар мен тергеушілер пайдалана алады. Полицейлер бұрынғымен салыстырғанда қала ішінде жол ережесін бұзатындардың саны азайып, камера болғандықтан жүргізушілердің жан-жағына сақтықпен қарайтынын әдетке айналдырғанын да жеткізді. 

Бұл – жедел басқару орталығындағы өз қызметін мінсіз атқаруға тырысатын қыз-жігіттердің ерен еңбегінің жемісі. Олардың жұмысқа тиянақтылығы мен өз мамандығына деген шын ықыласын көргенде сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. Өкінішке қарай, қала көшелеріндегі көлік кептелісіне жол сақшыларын кінәлайтын кейбір тұрғындар көше бойын бақылап тұрған бейнекамералармен бейнебақылау операторлары тәулік бойы тапжылмастан пульт басында отыратынынан мүлде бейхабар.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер