Балалар арасындағы буллингтің алдын алу маңызды

Ел болашағы жарқын болуы үшін балалар мен жасөспірімдердің бүгіні бақытты әрі кемел тәлім алғаны аса маңызды. Барлық бала бақытқа лайық, бірақ қайта оралмас балалығында қорлық көретіндер кездеседі. 

Screenshot_42.jpg

Әсіресе, әлдекімдерден әлімжеттік көру баланың болашағына балта шабатыны жанға батады. Буллингтің алдын алу, тіпті орын алған жағдайда жолын кесу үшін атқарылып жатқан жұмыстар бар. Осы бағытта арнайы жобалар да жүзеге асырылуда. Бірақ, ел ішінде буллингке тап болған балалар бар екенін зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр.

Түркістан қаласында буллингтің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан екі пилоттық жобаның бірі «Komek Stop Bullying» телеграм каналына 200-ден астам хабарлама түскен. Оның 70-і жазбаша хабарлама болған. Олардың 14-і буллинг, 14-і бопсалау, 9-ы тиісу орын алатыны туралы болса, 2-уі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы. Ал, 20-сы мұғалімдерге, 7-уі ата-аналарға шағымданған, 13-і көңіл-күйлерін білдіру түріндегі жазбалар, 53-і ойлары толық жеткізілмеген хабарламалар. 

Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергеновтың айтуынша, буллинг, бопсалау, тиісу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мұғалімдер мен ата-аналарға шағымдану жөніндегі бірнеше шағым бойынша жедел түрде полиция бөлімдеріне хабарланған. Полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстарында, комиссияларда қаралыпты. Ондаған оқушы мектепішілік есепке алынып, ата-аналарына ескертілген.

Жалпы бұл іске білім, полиция қызметкерлері ғана емес, ата-аналар да жауапты болса, бала үшін қауіпсіз қоғам құру әлдеқайда жеңілдер еді. Осы оймен біз баланың буллингке ұшырағанын ата-ана неден байқауы керек және нені ескеруі тиістігін психолог маманнан сұрадық.

– Әдетте буллингке тұйық, момын, көнгіш балалар жиі ұшырайды. Себебі, интроверт балаларды басқару, ұрып-соғу оңай әрі олар ата-анасына жиі шағымдана бермейді. Одан бөлек, оқу үлгерімі жоғары оқушылар да, бет әлпетінде, дене бітімінде қандай да бір ерекшелік бар, мысалы бетінде меңі бар немесе көзілдірік тағатындар да, отбасылық жағдайы төмен балалар да жиі буллингтің құрбаны болады. Оқушылар бір-біріне қалай қысым көрсетеді? Ақша талап етеді, ұрлық жасауға еріксіз итермелейді, топтасып көздеген оқушыны аяусыз ұрып, соққыға жығады. Жағымсыз әдеттерді жасауға күштейді, мәселен шылым шегу, кәмелет жасқа толмай ішімдік ішу деген секілді немесе буллингке ұшыраған оқушының жекеменшік заттарын иемденіп, күштеп тартып алады. Отбасындағы адамдарды да кемсітіп, зиян келтіреді. Сатылымға тыйым салынған заттарды заңсыз сатып алуға итермелейді. «Буллингке ұшыраған балаға не болады?» дегенге келсек, біріншіден – психологиялық тұрғыдан әрдайым қорқынышта жүреді. Сабақ үлгерімі нашарлайды, мектепке бармау үшін жиі сылтау айта бастайды, сабаққа жиі кешігеді. Сондай-ақ, бұл балалар үзіліс кезінде емін-еркін жүре бермейді және үнемі күйзелісте, қорқынышта жүрген балада көптеген созылмалы ауру пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, тәбеті күннен-күнге нашарлайды. Ұйқы режимі бұзылып, тұрақсыз бола түседі. Адамдардан оқшауланып, көпшілік ортадан тез кетуге тырысады. Баланың бойындағы агрессия мөлшері жылдам артып, ата-анаға немесе өзгелерге қол көтеріп, жиі шу шығарады. Жиі өтірік айтуды әдетке айналдырады. Түр-әлпетіне, киім-кешегіне мұқият бола бастайды. Киімдерін өзі жуып, ешкімге көрсетпеуі мүмкін. Мектептен әртүрлі қысымды көрген бала бұл жайында ата-анасына айтуға, шағымдануға батылы жетпейді. Сол себепті ата-ана өз мансабына емес, бала тәрбиесіне, оның күнделікті көңіл-күйіне мән беруі қажет. Бала буллингке ұшыраған жағдайда ата-анасы баламен тыныштықта сөйлесіп, арнайы психолог мамандардың көмегіне, кеңесіне жүгінгені абзал, – деген психолог Марал Исакулова кәсіби көмегіне жүгініп келген балалардың ішінде буллингке тап болғандар жиі кездескенін айтты.

 – Соңғы айларда біз жүргізген коррекциялық жұмыстардағы бірер жағдаятты айта кетейін. Бір бала ішкі қорқынышқа байланысты психологиялық көмекке жүгініп келді. Бойында агрессия басым болып, үйінде өзінің кішкентай бауырларына күш көрсететін жағдайға жеткен. Оның себебін, жөнге салу жолдарын ата-анасы анықтай алмай, алып келді. Әуелі баланың агрессиясын анықтауға арналған түрлі әдістемелер жүргізіп, содан соң арт-терапиялық жұмыстар жүргізгенде бойындағы өзгерістің өз қатарластарына қатысты орын алғанын білдік. Сұхбаттасу барысында өзіне дос санағандар оған әлімжеттік көрсетіп, түрлі жағымсыз сөздер айту арқылы жігерін мұқатып, тіпті ақша талап ете бастаған. Соның салдарынан бала мектепке бармаймын деп қиғылық салған. Осыларды анықтағаннан кейін, баланың психикасын қалыпқа келтіруге біраз жұмыстар жүргіздік. Ата-анасы да мектебін ауыстырды. Өзі де жаңа достар тауып, психикасы да қалыпқа келді. Ондағы тағы бір мәселе – қорқыныштың салдарынан бала энурез ауруына шалдыққан, яғни ұйықтағанда төсекке кіші дәретін жіберіп қоятын болған. Шүкір, жүргізілген жұмыстардың көмегімен баланың жағдайы жақсарды. Барлық ата-аналарға айтарымыз – егер балаңыз іні-қарындастарына күш көрсетіп, жиі ашуланып, мектепке барудан бас тартса, оның салдары буллинг болуы мүмкін, – дейді психолог Марал Хантөреқызы.

Қорқып-үрку мен өтірікке бейімділікті бойға сіңіру толыққанды дамыған тұлға қалыптастыруға мүлдем кереғар. Осыны естен шығармай, келешегіміздің бақыты үшін бүгінгімізге мұқият болайық дегіміз келеді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе, өз тарихыңа деген сыйластықтықтан басталады
  • Әйелін ұрып, баласын жылатқанды заң басынан сипай қоймайды
  • Адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет
  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер