Есірткінің бір түрі – насыбайға тиым болмай тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында насыбай таратушылар үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершіліктің тым төмен екенін айтқан еді. 

Screenshot_43.jpg

«Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. Насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынған. Бірақ, әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатыр. Құқық қорғау мекемелері ешқандай шара қолданып жатқан жоқ», – деді Президент.

Жалпы, насыбай – құрамында есірткі бар алқа тұқымдасына жататын темекі өсімдігінен жасалатын, құмарлық үшін тұтынатын зат. Ресеймен, Қытаймен етене араласып, сауда-саттық жасаудың нәтижесінде қазақ даласына темекі келіп, насыбай жасау етек жайғаны белгілі. Темекінің құрғатылған жапырағынан мүштікке салып тартудың пайда болуы тәрізді, темекіні ұнтақтап, оған түрлі заттар қосып насыбай дайындауды көшіп-қонып жүрген қазақтардың әу баста өзгелерден үйренгені хақ. Ұлттық болмысымызға жат насыбай ату әдетінің ел арасында кеңінен тарағаны соншалық, біздің тілімізде «Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген мәтел де бар. Осылайша, насыбайдың зияндылығы естен шығып, ел азаматтарына қолжетімді болды. Тіпті түнде жылқы баққан немесе жолға шыққан атты кісілер, ауыл-аймақты күзеткендер де, көңіл-күйін көтергісі келгендер де насыбай атты. Себебі, насыбай ату – қан қысымын көтеріп, ұйқыны қашырады.

Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергеновтың айтуынша, бүгінгі таңда ел жастарын еліктіріп, есінен тандырып тұрған екі зиянды өнімнің бірі – насыбай. Болашағынан зор үміт күттіретін жасөспірімдер есірткімен қоса, нәубеті мол насыбайға елітіп жүргені жасырын емес. Жастардың бірі оны саудалайды, бірі пайдаланады. Ең сорақысы, мектеп түлектері мен мұғалімдердің де бұл қылмысқа қатыстылығы әшкереленуде. Осыдан-ақ, адам баласының санасын улап, жадын өшіретін өнімнің тұтастай қоғам үшін қандай қауіп төндіріп тұрғанын аңғаруға болар. Осы ретте Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкерлері сауда орындарында насыбай саудасына тиым салып, бұл есірткі затының мектеп оқушыларына сатылуына тосқауыл қойған. Заңсыз жолмен балаларға насыбай өткергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны ескертілген.  

Жалпы, дәрігер мамандардың айтуынша, насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп. Оның құрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе обырына ұшырататын әртүрлі радиоактивті қоспалар қосылады. Әрі насыбай ату адамның өмір сүру жасын қысқартады. Оны пайдаланатындар ауыз қуысы, ас қорыту жүйесінің қатерлі ісігіне ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге деген ынта-ықыласты азайтады. Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді. Онколог және нарколог дәрігерлер насыбай қолданғандардың өмір сүру ұзақтығы кем дегенде 10-15 жылға кемитінін, астыңғы ерін ауыз қуысы, өңеш, асқазан, тері обырына себепкер бірден-бір зиянды зат екенін баяғыда-ақ дәлелдеп қойған.

– Әсері бірден миға шабатындықтан, ми тамырларының қысылуынан инсульт және инфаркт болу қаупі басым. Құрамындағы әкті жұтатындықтан, гастрит, асқазан жарасының да пайда болуы мүмкін. Санитарлық талаптарға сай емес, үй жағдайында дайындалатынын ескерсек, ішек инфекциясы да тез байқалады. Жануарлар тезегі қосылатындықтан, өкпеде құрт пайда болуы мүмкін. Ең ауыры – әйелдер бала туудан қалып, еркектер белсіздікке ұрынады, – дейді наркологтар. 

Өкінішке қарай, бұл күнде қала ішінде орналасқан кез келген базардан насыбайды оңай тауып алуға болады. Мәселен, орталық базар маңында бұл өнімді көптеп кездестіруге болады. Мұндағы сатушылар темекі, шемішкемен бірге еш қымсынбай- ақ насыбайды ашық түрде сатып тұр. «Бәрі сатып жатыр ғой. Мұның не зияны бар? Ата-апаларымыз бұрыннан бері атып келеді емес пе? Егер тыйым салатын болса, сатпаспыз», – дейді базарда тұрған апалар. 

Айта кетейік, насыбай салынған кішкентай полиэтилен жасыл қапшықтардың біреуі – 180-200 теңге тұрады. Бұл шамамен екі бөлке нанның бағасына жуықтайды. Өнімді сатып алушылар көп. Әйтеуір, жас та, жасамыс та насыбай алуға құмар. Сонымен, насыбаймен күрес мемлекеттік деңгейде жүргізілуде. Заң бойынша бұл өнімді сатсаң да, сатып алсаң да жауапкершіліктен құтылмайсың. Бастысы, ұлттың денсаулығына қауіп төндіріп, тұрғындарды тәуелділікке алып келетін насыбаймен күресте құзырлы органдар дәрменсіздікке бой алдырмаса болғаны. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер