Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық

Қоғамда алдау, сенімге қиянат жасау, біреудің ала жібін аттау, бөтен мүлікті ұрлау кең таралған қылмысқа айналып барады. Оның ішіндегі қоғамға кері әсерін тигізіп жатқан алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет арқылы жасалатын алаяқтық.

Screenshot_21.jpg

Сондықтан тәртіп сақшылары жеке мәліметтерге барынша абай болуды, жеке деректердің қауіпсіздігін бақылап отыру керектігін айтып, тұрғындарды интернет алаяқтарға қарсы бірігіп күресуге шақырады.

Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергеновтың айтуынша, алаяқтың қулығына құрық бойламайды. Қалтасын қампайту үшін ол небір қитұрқы амалдарға барады. Мәселен, Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жақында алаяқтық қылмысын жасаған әйелді анықтады. Күдікке ілінген әйел екі бірдей танысына мамандықтары бойынша мектепке жұмысқа орналастырып беретінін айтып, сендірген. Ол жәбірленушілерден алдын ала қызметі үшін біреуінен 1 миллион теңге, екіншісінен 800 мың теңге көлемінде қаражат алған. Алайда біршама уақыт өтсе де уәдесін орындамай, не ақшаларын қайтармаған. Яғни әйел алған ақшаны бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, істің мән-жайы анықталуда.

Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Түркістан полицейлері жуырда алаяқтық қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы жігітті ұстады. Тексерген кезде арызданушылардың Инстаграмда жалған интернет-дүкен парақшасы арқылы алданғаны анықталды. Инстаграм желісінде күдікті жігіт үй жиһазын жеткізетіндігін айтып, сенімдеріне кіріп, 5 тұрғынды алдап үлгерген. Ол жалған парақшасында жиһаз сатылып, жеткізетінін хабарлап, тұтынушыдан алдын-ала төлем жасауын сұраған. Ақшаны алғаннан кейін, сол күйі кері байланысқа шықпаған. Жәбірленушілерге 1 миллион теңгеден аса шығын келтірген. Ал Кентау қаласының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстары кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен түркістандық бір азаматты қолға түсірді. Белгілі болғандай, күдікті әйел танысын оқуға түсіріп беремін деп сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 600 мың теңгесін алған. Алайда уақыт өтсе де уәдемін орындамай, алған ақшаны жеке бас пайдасына жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары күдікке ілінген әйелдің бұдан бөлек дәл осындай алаяқтыққа қатысты 2 жайтын анықтады. Жәбірленушілерге 3 миллионнан астам шығын келтірілген. Қазіргі таңда күдікті қамауда, іс сотқа өтті, - дейді Әдрахман Тоқбергенов. 

Полицейлер бүгінгі күні адамдардың дауысын айнытпай салу арқылы алаяқтық қылмыстың жаңа түрі пайда болғанын айтып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, соңғы кезде алаяқтық шабуылдың аталған түрі жиілеген. Онда шабуылдаушылар жәбірленушінің туыстары және достарының дауыстарын ұқсатып салып, ақша беруге мәжбүрлейді. Алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзып, хат-хабарлардағы қолжетімді дыбыстық үлгілерді пайдаланып аккаунт иесінің дауысын жасайды және барлық чаттарға ақша жіберуді сұрайтын қысқаша дыбыстық хабарлама жібереді.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл – қауіпті. Өйткені алаяқтар жәбірленушіні анықтаудың бірнеше тәсілін пайдаланады. Яғни аккаунт, дауыс және банк картасын қолдану арқылы өз ойларын жүзеге асырады. Бұл жіберуші адамға көбірек сенім тудырады. Аталған жағдайда екі адам – дыбыстық хабарламаны алған және атынан жіберілген адам құрбан болады. Жыл басынан бері түркістандық полиция басқармасының қызметкерлері шоттарды бұзып, жәбірленушінің туыстары мен достарынан ақша сұрап хабарлама жіберген алаяқтықтың бірнеше дерегін анықтады.

Алаяқтардың құрбаны болмас үшін полицейлер дыбыстық хабарламаларды тыңдағаннан кейін бірден өшіруді, барлық хат-хабарларды автоматты түрде жоюды, интернет желісіне дыбыспен бейне жібермеуді, жақын адамдарыңызбен осындай жағдайлардың алдын алу үшін құпия сөздер қоюды ұсынады. «Егер сіз осындай дыбыстық немесе әдеттегі хабарламаларды туыстарыңыз бен жақындарыңыздан алсаңыз, полиция қызметкерлері алдымен басқа да байланыс құралдары арқылы хабарласуды ұсынады. Әлеуметтік желілердегі деректерді жасырып ұстаңыз, дауыс үлгілеріне және достар тізіміне бөгде адамдардың кіруін шектеңіз. Мұндай сақтық әрекеттеріңіз алаяқтардың қулығына түсіп қалу қаупінің алдын алуға көмектеседі» дейді полицей.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының полицейлері де өңір тұрғындарына интернет алаяқтардан абай болу керектігін ескертіп, профилактикалық жұмысты күшейтті. Олар жасөспірімдерден бастап, егде жастағы тұрғындармен тілдесіп, алаяқтардың айласымен таныстырып, одан сақтану әдістерін үйретеді. Көп қабатты тұрғын үйлердің кіре берісіне, ойын-сауда орталықтарына, жалпы адамдар көп шоғырланатын аумақтарға ескерту қағаздарын іліп, жадынамалар таратты.

Өкінішке қарай, құқық қорғау органдары тұрғындарды жан-жақты хабардар етіп, ескерткенімен, алаяқтардың тұзағына түсіп қалатындар әлі де көп. Соңғы кезде алыстан әрекет ететін алаяқтар лауазымды тұлғалардың атын жамылып, көпшілікті алдауға көшкен. Арбаудың небір тәсілін меңгерген олар «полициядан хабарласып тұрмыз» деуден тайынбайды. Мәселен, «мен пәлен деген тергеушімін» деп қорқытқанда, соңғы теңгесіне дейін аударып жіберетін жағдайлар болады. Осыған орай Түркістан қаласының полиция қызметкерлері тұрғындарға мынадай қарапайым ережені есте сақтауға кеңес береді: полиция ешқашан қоңырау шалып, түрлі операцияларға жәрдемдесу жөнінде өтініш айтпайды. Ешқашан қорқытып-үркітпейді. Тек полиция ғана емес, банк қызметкерлері, ҰҚК (ия, алаяқтар олардың атынан да қоңырау шалады), облыс пен қала басшылары қоңырау шалып, қандай да бір іс-қимыл жасауды талап етпейтінін әр адам мықтап жадында сақтауы тиіс.

Түркістан қаласының полициясы жариялаған интернет алаяқтардан сақтану жолдарын ұсынып отыр. Біріншіден, ешқашан ешкімге өзіңіздің банк карточкаңыздың мәліметтерін, жеке басыңыздың мәліметтерін (жеке куәлік, сурет, төлем картаңыздың суретін, 3 сандық CCV кодын) жолдамаңыз. Екіншіден, интернет арқылы сатып алынатын тауарлар үшін алдын ала төлем жібермеңіз. Үшінші – жылжымайтын мүлік, көлік немесе тауар сатсаңыз, төлемдерді қолма-қол алған дұрыс. Төртінші – егер тауардың, көліктің немесе жалға беру бойынша хабарландыруда алдын ала төлем жасау керек екені жазылса және байланыс тек WhatsApp желісі арқылы болса, электрондық төлем жүргізудің еш қажеті жоқ. Бесінші – түрлі мессенджерлер арқылы сізге сілтемелер келсе, ол алаяқтардың тұзағы болуы мүмкін. Алтыншы – түрлі сайтта банк карточкасының мәліметтерін жарияламаңыз. Бұл сіздің жеке мағлұматтарыңызды алуға арналған арнайы фишинг сайты болуы ықтимал. Жетінші – ғаламтор желісі арқылы ұйымдастырылатын ұтыс ойынына қатыспауыңыз керек. Сегізінші – үлкен пайда әкелетін түрлі жобаларға ақша салмаңыз. Сізге басқа шетел абоненттік нөмірі арқылы хабарласып, биржаға, криптовалютаға ақша салуыңызды сұрауы мүмкін. Тоғызыншы – егер сізге банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласса, банк қызметкерлері сіздің картаңыздың мәліметтерін немесе құпия сөз және кодты сұрамайды. Алаяқтар сондай-ақ түрлі телефон абоненттік нөмірін ауыстырып көрсететін домен арқылы хабарласулары мүмкін. Мұндай жағдайда телефон тұтқасын қоя салыңыз.

- Тек облыс орталығығында ғана емес, аудандарда да интернет алаяқтықтан сақтандыру шаралары мықтап қолға алынған. Айталық, Түркістан қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараларды жандандырып, әлеуметтік желі арқылы әрбір азаматқа интернет алаяқтарынан сақтану жолдарын түсіндіреді. Арнайы тақтайшаларда жазбаша және бейнематериал арқылы ауызша түрде олардың жоспарларын әшкерелейтін нұсқаулықтар мен ескертпелерді кеңінен таратады. Тәртіп сақшылары халық көп шоғырланған жерлерде, көшелерде, сауда орталықтары мен автобекеттерде болып алаяққа алданбау мақсатында түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізеді. Тұрғындарға арнайы дайындалған жарнамалық парақшалар таратып, қандай жағдайда да алаяқтардан сақ болу керектігі туралы ескертіп отырады, - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әдрахман Тоқбергенов.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер