Қазір еліміздің қай қаласын алып қарасаңыз да қала көшесінде жүйіткіп жүрген мопедтерден көз сүрінеді. Әсіресе, Түркістан қаласында осы көліктің дарылдаған үні тәулік бойы үздіксіз шулап тұрады. Көлік қатынасы күрделі қала үшін – мопед пен велосипед құралы ыңғайлы болғанымен, жол ережесінің сақталуын да жіті қадағалау ләзім.
Биыл Түркістан облысында, әсіресе Түркістан қаласында 300-ден астам мопед пен электроскутер жүргізушілері жауапқа тартылыпты. Түркістан қалалық полиция басқармасы қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың және жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы жолы алдын алу шараларына қарамастан, жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын, көбінесе жол қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін елемей, қайғылы жағдайға әкелетін мопед, мотороллер және электроскутер жүргізушілеріне баса назар аударылды.
- Облыста жүргізіліп жатқан тексеру жұмыстары аясында полицейлер жол қозғалысы ережесін бұзған 300-ден астам мопед пен электроскутер жүргізушісін анықтады. Оның ішінде 16 жасқа толмаған адамның мопедті басқарғаны үшін 13 жасөспірімнің ата-анасы мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары 18 жастан асқан адамдарға электр мотороллермен және мопедтермен, сондай-ақ жолдың оң жақ шетімен жүруге рұқсат етілгенін еске салады, оларда арнайы бас киім киген және жүргізуші куәлігі болуы керек. Өткен жылы мопедтердің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғасына көз жүгіртсек: республика бойынша ұзын саны 750 жол апаты тіркеліп, салдарынан 39 адам көз жұмған, 730 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған, - дейді Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметов.
Қазір қала көшелерінде мотоциклдер мен скутерлердің, мопедтердің көбейгені соншалық, аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік. Ол аз десеңіз, жаяу жүргіншілер жолының өзі бұрынғыдай қауіпсіз емес. Себебі самокат, мопед тізгіндеген жастар жол ережесіне пысқырып та қарамайды. Бұл бірінші кезекте қала тұрғындарының наразылығын тудыруда. Өйткені кешкі салқында серуендеуге шыққан ел сергіп емес, сергек жүретін жағдайға жеткен. Түркістан қаласының тұрғыны Айнұр Алпамысова мопед пен самокат айдайтындардың қатарынан жасөспірімдерді жиі байқайтынын айтып, алаңдаушылығын білдірді.
– Қала көшелерінен жастардың мопед, скутермен қағып өтердей жүйткіп жүргенін жиі байқаймын. Соңғы уақытта жаңалықтардан да аталған шағын көлік жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының да көбейіп бара жатқанын жиі көретін болдық. Жаға ұстатарлық жағдайларды естіп, көріп жүрген соң жастардың өміріне алаңдаймын. Кейде өздеріне «ақырын жүріңдер» деп ескертемін. Оны түсінетіндер бар, ақылыңды қабылдағысы келмейтіндер де аз емес, – дейді ол.
Жуырда Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев жыл басынан бері шағын көлік тізгіндеген жасөспірімдер неше рет жол апатына түскенін айтты. ІІМ өкілінің айтуынша, елімізде 10 баланың өлімі шағын көліктердің апатынан болған.
– Жалпы шағын көлік түрлерінің көбеюі жол-көлік қозғалысына едәуір әсерін тигізуде. Себебі мұндай көлікті пайдаланушылардың басым бөлігі жол ережесін сақтамайды және соңы өкінішке қарай, қайғылы жайттармен аяқталады. Мысалы, мопед пен скутер тізгіндеген жасөспірімдердің қатысуымен 154 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан кәмелетке толмаған 180 бала жарақат алып, 10-ы қаза тапты. Айтарымыз, жол қателіктерді кешірмейді. Ата-аналар балалардың әрбір әрекетін қадағалап, заң бұзуына жол бермеуі қажет. Еске саламын, скутер, электр самокат, мопед дегендер ойыншық емес, жол қозғалысының толыққанды қатысушылары. Яғни, көлік болып есептеледі. Сондықтан ата-аналардан осы мәселеге мұқият қарап, қатаң бақылауларыңызды сұраймыз, – деді Шыңғыс Әлекешев.
Өткен жылғы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Міне, осы себептен мопед қозғалысын реттеу күн тәртібіне шығарылып, заң шеңберінде шешу міндеті туындап отыр. Жалпы елімізде «Жол жүрісі туралы» Заң бар. Негізгі жол қозғалысы аталған құжат аясында реттеледі. Жыл сайын жаңа талап қосылып, қоғам сұранысына сай қағида қосу әдетке айналғандай. Мысалы, өткен жылы ғана электр скутерлерді міну ережелерін қарастыратын түзету күшіне енген болатын. Атап айтқанда, құжатта электр скутерлердің жол бойындағы жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан, жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 шақырымнан аспауы керек.
Биыл аталған бағытта құқықтық үстемдік артты десек болады. Себебі мамыр айының 15-інен бастап елімізде мопед жүргізушілеріне аталған қозғалыс құралдарын заңдастыруға жарты жыл уақыт берілді. Көлікке ие болған 6 айдың ішінде мопед иелері оны есепке қойып, А1 санаты бар жүргізуші куәлігін алуы тиіс. Сәуір айында Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» Заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Заң жобасында көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді. Осылайша, мопед мінгендерге енді «жол қозғалысының толық қатысушысы» деген айқындама берілді. Ол үшін мопед иелері көліктерін уәкілетті органдарда тіркетіп, жыл сайын техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Сондай-ақ жүргізуші міндетті сақтандыруды рәсімдеуге тиіс. Бұл жауапкершілікті арттыруға әрі жол-көлік оқиғасын азайтуға сеп болмақ. «Заңға сәйкес, мотоцикл, скутер, трицикл, квадроцикл және мопед иелеріне «А1» және «А» жүргізуші куәлігін алуы міндеттеледі. Заң бойынша «А1» деңгейін 16 жасқа толғандар, ал «А» деңгейін 18 жасқа толғандар ала алады. Жүргізуші куәлігі бар жүргізушілер де жүргізушілер дайындайтын бөлімшелерден сабақ алуы тиіс. Сондай-ақ полиция әкімшілік бөлімшелеріне сәйкес келетін теориялық және практикалық емтихан тапсыруы керек», делінген ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Айта кетейік, жүргізушіде A, B, C санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда мопедтерді басқаруға «A1» санаты автоматты түрде беріледі. Сонымен қатар қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолда басқаруға тыйым салынады. Талаптың жалғасы тағы бар. Енді мопедтер тіркеуге алынып, иесі көлікке мемлекеттік нөмір тағуға міндеттелмек. Мұның жол-көлік оқиғасы кезінде кінәліні анықтауға, ереже бұзғандарға айыппұл салуға көмегі зор. Сонымен қатар мопед жүргізушілерінен зардап шеккен азаматтардың құқығы да қаралған. Жаңадан қабылданатын заң бойынша мопед жүргізушілері механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне ұқсас жауапкершілікке тартылады.
Яғни Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сәйкес «толыққанды» жүргізуші ретінде айыппұл салынады. Егер бұрын жол ережесін бұзғаны үшін мопед жүргізушілері жол қозғалысының өзге қатысушылары сияқты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылса, осы нормалар қабылданғаннан кейін мопед жүргізушісі жауаптылықтың барлық спектрін көтереді. Сондай-ақ механикалық көлік құралдарының жүргізушілеріне теңестіріледі.
Мысалы, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткені үшін мопед жүргізушісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мас күйiндегi жүргiзушiлердiң мопедтердi жүргiзгенi үшiн жауапкершілік күшейедi. Яғни мопедті мас күйінде басқару Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Сол сияқты егер жаяу жүргіншіні мопедпен қағып кетсе және ол зиянды өтеуден бас тартса, азамат сотқа жүгінуге құқылы. ҚР Азаматтық кодексінің 931-бабына сәйкес жол ережесін бұзған тұлға келтірілген зиянды өтеуге міндетті.
Қалай десек те мопед жастардың сүйікті көлік құралы болып отыр. Оның бір себебі – қолайлылық пен бағаның қолжетімділігі. Сондай-ақ кептелісте тұрып, көп уақытын жоғалтпайды. Сондықтан да болар, көліктің осы түріне сұраныс артқан. Ресми деректерге сүйенсек еліміздегі мопед басқарушылардың 90 пайызы – курьер. Жеткізу қызметінде жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген жастар да баршылық.
Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Алмас Мырзахметов те мопед жүргізушілерінің жиі жол ережесін бұзатынын растап отыр. Айтуынша, соңғы жылдары скутер, мопед иелеріне қатысты іс-шаралар, рейдтер өткізу күшейтілген. Ал құқықбұзушылықтардың негізгілері – арнайы бас киімсіз жүру, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, кәмелетке толмағандардың мопедті пайдалануы, маневр жасау ережелерін бұзу және апаттық жағдай тудыру. Көп жағдайда жол ережесін бұзушылар – жасөспірімдер.
– Соңғы екі-үш жылда мопедтерді, скутерлерді және электрлі самокаттарды басқаратын адамдардың көбеюінің салдарынан жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ олардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының саны артуы жиіледі. Сондықтан полиция қызметкерлері мопедтер мен скутерлердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиі болатын облыс орталығының көшелері мен қала сыртындағы жолдарды қарқынды түрде патрульдеуде. Жолдарда шағын көлік жүргізушілерінің тәртібіне күшейтілген бақылау енгізілді, - дейді Алмас Мырзахметов.