Таулы аймақтағы Түлкібас ауданының өзге өңірлерден ерекше ететін тұсы әсем табиғаты дерсіз. «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласында Елбасы асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденгенін айтқан болатын. Бүгінде алманың нешеме сұрпын осы Түлкібастан табасыз, сондықтан да болар ел арасында бұл аудан «алманың отаны» аталып жүр. Осындай ерекшеліктеріне ауылшаруашылық саласын алдыңғы қатарға шығарған еңбекқор тұрғындарын қосыңыз.
Иә, бүгінде Түлкібас бау-бақшалы ауданға айналған. Бұл бағытта жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Өсімдік шаруашылығы бойынша жалпы өнім жыл басынан бері сегіз айдың ішінде 9 083, 9 млн. теңгені құрап, 213 гектар бау егілген. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішінде жеміс-жидек шаруашылығы негізгі даму бағыты ретінде қолға алынған. Алманың түрлі сұрыптарынан мол өнім алып, халықты дәмді жеміспен қамтамасыз етіп отырған шаруа қожалықтары көп. Солардың бірі - «Кентау» ЖШС-і алманың фуджи, голден делишес, айдалет, редделишес, семерянка сынды сұрыптарынан мол өнім алып келеді. Экологиялық тұрғыда таза Түлкібас алмасын заманауи талаптарға сай соғылған, сыйымдылығы 2000 тоннаға дейін қауқарлы арнайы қоймада сақтап, қыс мезгілінде еліміздің әр өңірінде орналасқан сауда орталықтарына өткізеді. Бүгінде, серіктестіктегі жалпы бау көлемі 210 гектар болса, оның ішінде қарқынды бау көлемі 160 гектарды құрайды.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде аудан бойынша барлығы 2500 га жерге жаңа алма баулары отырғызылған. Өткен жылы жеміс-жидектен 25 мың тонна өнім жиналып, бір бөлігі аудан көлемінде жұмыс атқарып тұрған жалпы сыйымдылығы 8,9 мың тоннаны құрайтын қоймада сақталған. Ал, жеміс-жидектің сақтауға жарамайтын бөлігі аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған жеміс-жидекті қайта өңдейтін кәсіпорындарда өңделіп, тұтынушыларға ұсынылған. Ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытудың аймақтық бағдарламасына сәйкес, 2022 жылы алма бау көлемін 4487 гектарға жеткізіп өндірілетін өнім көлемі жылына 60-65 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. 250 гектар (оның ішінде 50 га қарқынды бау) жер көлеміне алма бау отырғызу қолға алынған.
Президент Қасым - Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айта бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Бұл орайда Түлкібас аудан әкімдігі маңызды құжатта міндеттелген игі істерді жүзеге асыруды басты мақсат етіп отыр. Ауданның бүгінге дейінгі көрсеткіштері де жүктелген міндеттерді орындау мүмкіндігі мол екенін аңғартады. Мысалы, ауданда жыл басынан бергі сегіз айдың ішінде ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 23 399 млн. теңгені құраған. Егістік жерлерді игеру бойынша 63 401 гектар жоспарланып, көрсеткіш 100%-ға орындалған. Оның ішінде 13 584 гектар суармалы жер игерілген.
Сондай-ақ, іскер басшы Нұрбол Тұрашбеков басқарып отырған ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша біршама бастамалар көтеріліп, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 260 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жоспарланса, 336 бас алынған. Яғни, жылдық жоспар 129%-ға орындалған. Ал, «Құлан» бағдарламасы шеңберінде 109 жылқы сатып алу жоспарланса, 112 бас әкелініп, жылдық меже 102%-ға орындалған. «Алтын асық» бойынша 1430 қой - ешкі сатып алу жоспарланып, ол 100%-ға орындалған. Сонымен қатар, жыл басынан бері сегіз ай ішінде 11 254 тонна ет, 39 919 тонна сүт, 11, 7 млн дана жұмыртқа өндірілген. Мал шаруашылығы саласы бойынша 14 099,3 млн. теңге игеріліп, 28 жанұялық сүт фермасы мен 10-15 басқа арналған 35 шағын мал бордақылау алаңдары құрылған. Соның бірі - Тұрар Рысқұлов ауыл округінде орналасқан «Адал» шаруа қожалығы. Жеке кәсіпкер Асқар Сакиев басқарып отырған қожалық өткен жылы құрылған. Мал бордақылау және ет өңдеу кәсібін қолға алған шаруашылықта 1300 бұқа бордақылайтын арнайы алаң бар. Биылғы шілдеде аграрлық несие корпорациясы арқылы 200 млн. теңге төмен пайызды несие алған шаруа қожалығы алдағы уақытта, мал басын 3000-ға жеткізуді жоспарлап отыр. «Мұндағы бұқалар Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай өңірлерінен әкелінген. 1000 бұқа сатып әкелініп, осында бордақыланып жатыр. Ет өнімдерін дайындап тапсырыстар бойынша комбинаттарға өткізіп отырамыз. Сондай-ақ, экспортқа ет шығарамыз. Мал басын жем-шөппен қамту жағы да қарастырылған. Өзіміздің жеке ветеринарымыз да бар. Жалпы, 15 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Заман талабына сай техникалармен де қамтылған», - дейді басқарушы қызметін атқарушы Бауыржан Әбуов. Ауданға қарасты біршама елді мекендерді ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Адал» шаруа қожалығының өнімдері адал.
Сондай-ақ, Түлкібас ауданы мақсары дақылын өндірумен айналысады. Мақсары – майлы дақыл. Одан алынатын өнім күнбағыс майынан кем емес. Құрамынан сапалы май алынатындықтан көптеп сұранысқа ие. Мақсары дақылынан иран халқы халуа жасаса, Қытай елі дәрі-дәрмек ретінде пайдаланады. Ал, Түркия мемлекеті сабынның түр-түрін әзірлейді. Бүгінде, шетел тәжірибелерін ескере отырып, Түлкібас ауданы да мақсары өнімдерін ауыл шаруашылығының негізіне айналдырған. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 12-15 мың гектар көлемінде мақсары дақылын егіп, мол өнім жинап келеді. Ауданда өткен жылы 13,5 мың гектар жерге егіліп, 14175 тонна мақсары жиналған екен. Жиналған өнімнің бір бөлігі ұрыққа қалдырылып, қалған бөлігі облыс көлеміндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін зауыттарға («Арай», «МЖК») сатылған. Дақыл қуаңшылыққа төзімді болғандықтан, шаруалар оны ауыспалы егіске пайдаланып, жерді түрлі арам шөптерден тазарту үшін де егеді. Сондай-ақ, мақсарының мал азығы ретінде де пайдасы мол. Ауыл шаруашылығында тыңайтқыш және отын ретінде де қолдануға болады. Тұқымы пісіп жетілгенде комбайнмен жиналады. Мақсары қатты әрі тікенекті болып келгендіктен, ол егілген алқапқа мал түспейді. Биыл Түлкібас ауданында мақсары 12584 гектар жерге егілген. Көктемгі ауа райы жауынды-шашынды болуына байланысты 11,0 тонна өнім өндірілген. Алдағы уақытта, егілген егістіктен 13842,4 тонна центнерден өнім алу жоспарлануда.
Түлкібас - шаруаға жайлы, кәсіптің қай түріне де ыңғайлы аудан. Біз бірқатар көрсеткіштерін атап өткен ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеушілік бар. Қауырт тіршіліктен қолы босамайтын тұрғындардың бірі егістік алқабында жүрсе, енді бірі қорадағы малын жайлауда. «Қыстың қамын жаз ойла» - Түркі басы тұрғындарының әуелгі ұраны іспеттес.
Нұрила ЖҰМАХАНҚЫЗЫ