17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан

Screenshot_13.jpg

Сақшының негізгі міндеті – заңбұзушылықты болдырмау және дер кезінде тосқауыл қою. Осыны қаперінде ұстаған біздің бүгінгі тақырыбымыздың кейіпкері Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру және бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі Ерлан Ержігітұлы Асқаров.

Ерлан осыдан 38 жыл бұрын Түркістан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген.  Ол бала кезінде-ақ өзінің келешек өміріне жоспар құрып қойған. Мектеп бітірген соң ол ешқайда алаңдамады, бірден Шымкент қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университетіне барып, құқықтану мамандығы бойынша оқуға түсті. 

-Әкем  Ержігіт Күнжігітұлы Асқаров Ішкі істер органында қызмет атқарып, зейнетке шыққан.  Оның екі бірдей інісі  яғни ағаларым да осы салаға адалдығын танытып, жемісті еңбек етті. Менің полицей атануыма тікелей себепкер осы жандар. «Елге қызмет ету білімде емес, мінезде» деген Әлихан Бөкейхан атамыздың сөзін әрдайым жадымда сақтап өстім. Қазақстанның тыныштығын, қауіпсіздігін күзетем деп ант бергендіктен алғаш қызметімді  Еңбекші аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы болып бастадым. Көп уақыт өтпей-ақ учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі инспекторы лауазымына көтерілдім.. Елге сәл де болса пайдам тиіп, тұрғындардың алғысына бөленсем деп төккен адал терім еш кетпей 2012 жылы «Ішкі істер саласының үздігі» медалімен марапатталдым.

  Басшылық тараптан жұмысы оң бағаланып, тәуір нәтиже көрсеткен полицей мұнымен тоқтап қалмады. Қайта қызметіне деген құлшынысы артып, жігерлене түсті. 2014 жылы аталған полиция бөлімінде Әкімшілік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары болып бекітілді. Бұл басшылық жауапты қызметті абыроймен атқарып, 2 жылдан соң Шымкент қалалық Полиция басқармасына ауысып, Жергілікті полиция қызметі басқармасы учаскелік полиция жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы болып қызметін жалғастырды. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жұмысты тыңғылықты жоспарлай білетін тәжірибелі маман Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінде бұл жолы ЖПҚБ учаскелік полиция жұмысын ұйымдастыру жөніндегі тағы аға инспектор  лауазымына бекітілді. Бұған қоса ол  Ішкі істер департаментіне келмей тұрып, бір жыл бойы  Абай аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ бастығының орынбасары болып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген.  

-Жалпы әр қызметтің өз ерекшелігі мен қиыншылықтары болады. Егер шыдай білсең бәрінде меңгеріп шығуға болады. Тек бұл үшін ынта керек. 2018 жылы  Түркістан қаласы  облыс орталығы атанған шақта менде  алғашқылардың бірі болып келіп қоныстандым. Киелі мекенде жаңадан бой көтерген облыстық  Полиция департаментінде Жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы болып жұмысқа кірістім. Тіпті келе сала Түркістан өлкесінің құты маған да дарып, подполковник шенін алдым. Қазіргі таңда да осы қызметтемін яғни  ерекше штаттық өзгерістерге байланысты атауы ауысқаны болмаса, жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру, бақылау аясында басшылық қызмет жасаймын. Міне сөйтіп Ішкі істер саласында қызмет еткеніме 17 жыл өтіпті. Жауапты тапсырмаларды тиянақты орындаймын деп,  өз қызметі  аясында біліміңді жетілдірем, Қазақстан еліне адалдығымды дәлелдеймін деп зыр жүгіріп жүргенде уақытта зырылдап өте береді екен.

Қарбаласқа толы жұмыста атақ үшін емес, абырой үшін қызмет еткен 38 жасар подполковник   «Ішкі істер саласының үздігі», «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалдарын иеленіп, 3 мәрте  Ішкі істер министрінің  және  облыстық мәслихат пен облыс әкімінің Грамоталарымен жалпы саны  30-ға жуық Алғыс хаттармен марапатталған. Ол облыс бойынша ең үздік учаскелік инспектор атағын да жеңіп алған екен. Отбасында 3 қызы мен өзінің орнын басар 1 ұлы бар. Қашанда жан-жағымен кішіпейіл түрде қарым-қатынас жасайтын азаматқа сый-құрмет көрсететін жандарда аз емес.

Тағы бір жақсы жаңалық полиция подполковнигі күні кеше Ұлы Жеңіс күніне орай   Түркістан облысы  Полиция Департаментінің қызметкерлеріне арнайы  ұйымдастырылған  оқ ату жарысында құралайды көзге атқан мергендігін танытып, өзінің әмбебап полицей екендігін тағы бір дәлелдеп, 1-орын алды. Қай қырынан болса да өзінің біліктілігін танытып жүрген үлгілі тәртіп сақшысының әлі де биік асуларды бағындырып, жетер жетістігінің көп болуына тілектеспіз.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер