Шығыс Қазақстан облысында «Азия Авто» компаниясының бұрынғы басшыларына сырттай сот үкімі шығарылды.
Мәліметтерге сенсек, Анатолий Балушкин Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес (Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық) кінәлі деп танылды. Оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және 10 жыл коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына тыйым салу, жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтеу туралы үкім шығарылды.
"Ерік Сағымбаев Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық), 245-бабының 3-бөлігі (Аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтару) бойынша кінәлі деп танылды. Сағымбаевты 10 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтеуге тиіс", – делінген хабарламада.
Екеуі де Қазақстаннан тыс жерде жүр және Ресей Федерациясының азаматтығын алған. Сондықтан үкім сырттай шығарылды.
Балушкиннің мүлкін тәркілеу туралы қаулы шығарылды. Қорғаушы тарап істі Ресейдің құзіретіне беруді сұрады, бірақ сот одан бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін «Азия Авто» компаниясы Өскеменде автомобиль зауытын салу бойынша өз міндеттемелерін орындағаны хабарланған. 2021 жылы сот компанияны мемлекетке 174 млрд теңгені қайтаруға міндеттеді.