
Астанада телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Бұл туралы Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі хабарлады.
Кеңеске Премьер-Министрдің орынбасары – Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев төрағалық етті. Жиынға мемлекеттік органдардың, байланыс операторларының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Кездесу барысында байланыс саласының қазіргі жағдайы мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер қаралды. Басты басымдық халықты, әсіресе ауылдық және шалғай елді мекендерді сапалы әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз етуге берілді.
Министрлік мәліметінше, саланы дамыту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, интернетті үй шаруашылықтарына дейін жеткізу, мобильді және спутниктік интернетті дамыту, автомобиль жолдары бойында байланыс орнату, сондай-ақ елдің транзиттік әлеуетін арттыру көзделген.
Ауылдық елді мекендерді интернетпен қамту негізгі басымдық болып қала береді. «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім аясында 3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланған. Сонымен қатар Дүниежүзілік банкпен бірлесіп «соңғы миляны» субсидиялау жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында шағын және орта байланыс операторларының капиталдық шығындарының 50 пайызына дейін өтемақы қарастырылған.
Мобильді интернетті дамыту аясында 2027 жылға дейін 3G технологиясынан 4G желісіне кезең-кезеңімен көшу жоспарланған. Халық саны 250 адамнан асатын елді мекендерді 4G интернетімен қамту міндеттемелерінің орындалуы да назарға алынды. Сонымен қатар 5G желілерін дамыту және байланыс жоқ аймақтарды қысқарту мәселелері талқыланды.
Шалғай және аз қоныстанған аумақтар үшін спутниктік интернет негізгі шешімдердің бірі ретінде қарастырылып отыр. 2025 жылы 300-ден астам ауылдық елді мекен спутниктік интернетке қосылған. Ал 2026 жылы нарыққа жаңа операторлардың шығуы және Direct-to-Cell технологиясын дамыту жоспарланған.
Бұдан бөлек, теміржол бағыттары, туристік нысандар мен республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында байланыс инфрақұрылымын дамыту, антенна-мачталық құрылыстар салу мәселелері қозғалды. Сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтарын дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру бағыттары қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша байланыс операторлары мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы үйлестіруді күшейту және барлық жоспарланған жобаларды белгіленген мерзімде іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма берілді.
Айта кетейік, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында спутниктік технологияларды пайдалану арқылы еліміздегі 504 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылған.
