Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған жиын өткізді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қала билігінің алдында сөз сөйлеген мемлекет басшысы шаһардың алдында тұрған жаңа мақсат-міндеттерді сөз етті.
"Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис қала атанып отырғандықтан, Астана мен Алматы сияқты өзінің даму жолын өзгертуі тиіс. Қазір қалада түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр, сол сияқты жоспарланып отырған қаншама жоба бар. Сондықтан бүгін бізге қаланың нақты даму стратегиясын айқындап, Шымкенттің одан арғы даму жолын талқылау керек", - деді мемлекет басшысы.
Президент өз кезегінде, Шымкент алдағы уақытта қай бағытта дамитынын да атап өтті.
"Шымкент алдағы уақытта Орталық Азияның ірі экономикалық орталығына айналуы тиіс. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына барлық жағдай жасалуы керек. Қаланың жаңа даму стратегиясы өңірдегі ірі өнеркәсіптік, инновациялық, туристік, сауда және логистикалық орталыққа айналуды көздеуі тіис", - деді елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев қала сәулетінің бұзылмау мәселесін де көтерді. Мемлекет басшысының айтуынша, шаһар қала құрылысына "ақылды технологияларды" қолдануы қажет екен.
"Сәулет ережелерін бұзбауды қадағалау керек. Сондай-ақ, орынсыз нысандар мен бір қабатты үйлердің салынуын тоқтату керек. Ескі үйлерді сүріп, орнына әдемі саябақтар, спорт алаңдарын, көп қабатты үйлер мен бизнес-орталықтар салу керек", - деді президент.