Аудан әкімі абыройды төбелестен іздеп жүр ме?

Screenshot_1.jpg

Көрнекі фото

«Мамаевтың масқара тірлігі: мұғалімдер ережесіз төбелес көруге мәжбүр болды». 

«Рейтинг» газетінің өткен санында осындай тақырыппен жарияланған мақаладан кейін Бақтияр Мамаев басшылық ететін Сайрам аудандық әкімдігіндегі шенеуніктердің біраз шулап қалғаны рас. Атқамінерлер мақаладан кейін редакцияға арнайы хат жолдап, мәселеге түсінік беруі тиіс еді. Алайда Бақтияр Мамаевтың командасы жауапты редакцияға хатпен емес, әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы жолдапты. Онда былай деп жазылған:

-"Рейтинг" газетінің 2018 жылғы 27 қыркүйек күнгі нөмірі 37 санында жарық көрген мақалаға орай келесіні хабарлаймыз.

Биыл ауданның 90 жылдығына орай әкімдік тарапынан 90 іс-шаралар жоспары бекітілген. Аталған іс-шаралар кезең-кезеңмен жүзеге асырылып келеді. Мерейтой қарсаңында ағымдағы жылдың 21-қыркүйек күні аудан орталығындағы орталық саябақта аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өткізілді. Бұндай турнир өңірімізде алғашы рет ұйымдастырылып өткізілді. Аталған турнирге арналған алаңша, сахнаны киіз үймен, лед экранмен және басқа да қажетті заттармен безендіру жұмыстары, жеңімпазға тағатын белбеу мен медальдар жекпе-жек клубының өкілдері тарапынан жүзеге асырылды. Сондай-ақ, Өзбекстаннан, Ресейден, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Әзірбайжаннан келген спортшылар жатақханамен тегін қамтамасыз етілді. Билет жетпей қалған адамдарға жекпе-жек өтетін күні орталық саябақтың өзінде ұйымдастырушылар тарапынан билеттер сатылымға шығарылды. Мектептегі оқытушыларға да билет сату жекпе-жекті ұйымдастырушы клуб тарапынан жүргізілді. Жалпы, бұл турнир ауданның абыройын асқақтатты. Келушілер соңғы жекпе-жек аяқталғанша алаңнан кетпей, спортшыларды қолдап, демеп тұрды. Жалпы, шара жоғары деңгейде өткізілді. 

Ауданның тойы - барлық аудан тұрғындарының қуанышы».

Қысқасы сайрамдық атқамінерлердің абыройды қайдан іздеп жүргені белгілі болып қалды. Ал аудандағы іс-шараның қаншалықты деңгейде өткізілгенін жиналған көрерменмен бағалау қаншалықты қисынды? Бұған пікір айтуды мәртебелі оқырманның еншісіне қалдырдық.  Дегенмен бұл Сайрам ауданы әкімдігі басшыларының мәдени талғамының, таным-түсінігінің қаншалықты деңгейде екендігін көрсететін сияқты. Басты мақсат іс-шараға халықты көп жинау болса, Ақсукентке сонау Индонезиядан жұдырығы жуын жігіттерді шақырғанша, өзіміздің Қайрат Нұртасты немесе атышулы «91» тобының жігіттерін неге әкеле салмаған дейсің?! Десек те мәселе іс-шараның мәнінде емес, оған мұғалімдерді мәжбүрлеп билет алдыруда болып тұр ғой.  Жауап хатта шенеуніктер бұл жағына тереңдемепті. «Мектептегі оқытушыларға да билет сату жекпе-жекті ұйымдастырушы клуб тарапынан жүргізілді» деген сөзді ұялмай жазыпты. Сонда Сайрам ауданындағы білім ұялары билет өткізетін базарға айналып кеткен бе? Билет сатып, ақша жинау үшін ешкімнен рұқсат сұраудың қажеті жоқ па? Жауап хатта ауданның тоқсан жылдығына деп әр мұғалімнен мың теңгеден ақша жинауға қатысты ештеңе айтылмаған. «Мұғалімдерден ақша жинаған жоқпыз» деп жазуға батылдары жетпеген.  

Енді ең бастысы, мақала жарияланғалы бір апта өтті. Бұған Исатай Сағындықов басқаратын облыстық білім беру басқармасы, не Жанат Тәжиева жетекшілік ететін білім саласындағы бақылау департаменті ләм-мим деген жоқ. Қос шенеунік «жиналса жинала берсін, барлық ауданда жиналып жатыр» деп, «сенген қойым сен болсаңның» керін келтіріп отыр ма? Әлде «облыстан келген тексерушілер директордан бірдеңе алып, тайып тұрады» деген сөздің рас болғаны ма? 

«Тексерушілерден, ақша жинаудан әбден шаршадық» деген сайрамдық мұғалімдер осы аптада «Рейтинг» газетіне арнайы келіп, ауданның білім саласындағы былық-шылықтарды әшкерелейміз деп отыр. Сондықтан бұл тақырыпқа алдағы уақытта қайта айналып соғатын боламыз. 

Рейтинг газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер