Өзбекстан азаматтары жанып кеткен автобус ісіне қатысты айыпталушылардың туыстары пікір білдірді. Олар жәбірленуші тараптың талабынан шошып отыр деп хабарлайды NUR.KZ.
Өзбекстан азаматтары соттан қаза болған 52 адамның әрқайсысына 150 миллион теңге моральдық шығын өндіріп беруді сұраған болатын.
"Біздің ондай ақша беруге шамамыз жоқ. Баламның жеті баласы бар. Өзі қамауда отырса, әйелі жұмыс істемесе біз ондай ақшаны қайдан табамыз?! Әр отбасыға 150 млн теңге дейді. Біз 150 мың теңге да таба алмаймыз. Ауылда жұмыс жоқ. Әркім әр жерде жүр. Миллион деген нәрсе не деген сұмдық?! 52 отбасыға ондай ақшаны қайтып тауып бересің?", - дейді Борат Таңатовтың анасы Гүлмира Таңатова.
Айыпталушы Борат Таңатовтың жеті баласы бар. Олардың бесеуі мектеп жасында екені осыған дейін айтылған болатын. Отбасы қазір жәрдемақымен ғана күн көріп отыр.
"Менің жолдасым инсульт алған. Жақында жүрегіне ота жасалды. Ол осында сотқа қатысуға келді. Шыдай алмайтын болған соң қайтарып жібердік. Баламның отбасына қазір біз көмектесіп отырмыз. Олардың миллион төлейтін де жағдайы жоқ", - дейді Гүлмира Таңатова.
52 жолаушысы жанып кеткен автобус оқиғасына қатысты бес айыпталушы бар: Нұржан Қырғызбаев, Борат Таңатов, Мақсат Пернебеков, автопарк құрылтайшысы және механигі.
Қазір қамауда отырған Нұржан Қырғызбаев ажырасқан оның үш баласы бар, Борат Таңатов жеті баланың әкесі, Мақсат Пернебековтың үш баласы бар.