Ш.Айтматовқа жағымпазданған қазақ жазушыларын Қ.Жұмаділов қатаң сынға алды

aytmatov-2.jpg

«Шыңғыс Айтматов! Кеңес әдебиеті көгінде ұзақ жыл жарқыраған осы бір жарық жұлдыз туралы да, орайы келіп тұрғанда бірер сөз айта кеткеніміз жөн шығар. Қабдеш Жұмаділовтың Шыңғыс Айтматовтың маңындағы қазақ жазушылары жөніндегі естелігі 365info.kz сайтында жарияланды. 

Қайсыбіреулерше мақтанбай-ақ қояйын. Айтматов менің жақын танысым, сөйлескен кісім емес. Жиналыстарда кезігіп жүрдік, той-томалақ, банкеттерде дастархандас болдық. Бірақ жеке сөйлесудің реті келмепті. Сөйлеспейін деп бой тартқан мен жоқ-ау. Айтматов қолға түспеді. Алматыға келе қалса, белгілі бір адамдардан артылмайды. Айтматов — олардың қолындағы көзір іспетті, басқалардан өлердей қызғанады. Алматыға келерде бір тобы Ұзынағаштан қарсы алып, Бішкекке қайтарда ешкімге жолықтырмай, Қордайға дейін шығарып салады. Осылайша жаңағы топ біздің буынды көпке дейін Шыңғысқа жолатпады. Кейін біз де ықылас таныта қоймадық. Ал, Айтматовтың Кеңес әдебиетіндегі орны, қазақ әдебиетіне тигізген әсері дегенге келсек, оның да ұңғыл-шұңғыл жерлері бар.

Сөз жоқ, Айтматов – жұлдызы оңынан туған жазушы. Кеңестер Одағында алғашқы повесімен-ақ әлемге танылып, Лениндік сыйлық алған одан басқа жазушы жоқ. Шыңғыстың бұлайша тез көтерілуіне кезінде Мұқтар Әуезовтың шарапаты тигені мәлім.

…Әуезовтей көшбасшыдан айырылып, жетімсіреп қалған кезімізде Айтматовқа үлкен үмітпен қарағанымыз рас. «Шығыстан тағы бір жұлдыз шықты-ау!» деп мақтаныш еттік. Жастардан оған еліктеп, әңгіме, повесть жазғандар да болды. Көп ұзамай Айтматов шығармаларын насихаттаудан қырғыздардың өзі бізге ілесе алмай қалды. Жазушы кезекті повесінің қырғызша нұсқасын әзірлеп үлгергенше, біз оны орысшадан аударып, қолма-қол жариялап отырдық… Мұның бәрі жақсы, әрине. Қазақ пен қырғыз секілді түбі бір, туысқан халықтарда бола беретін қалыпты жағдай.

Алайда, біздің асыра сілтемеген күніміз бар ма? Қазақтың қоржыны қашанда бір жағына ауық жүреді. Өзіміздегі түйені көрмей, өзгенің жылтыраған түймесін қызықтаймыз. Бұл жолы да солай болды. Айтматов бірте-бірте «культке» айнала бастады.

Баспаға барсаң – Айтматов шығармалары, театрға барсаң-бәрі жабылып Айтматовты қойып жатқаны. Қазақтың өзінде сахнаға шығарарлық одан басқа роман, повесть жоқ сияқты. Айтматовпен терезесін тең ұстайды-ау деген ағаларымыздың түрі анау, әйгілі жазушыға нөкер боп қасында жүргеніне мәз.

Ақыры олар Айтматов повестерін аударуға, онымен бірге шығарма жазуға таласатын болды. Шыңғыспен әлдеқалай табақтас боп қалса, соның тоғын баса алмай, біразға дейін тістерін шұқып жүреді.

Ал, өмірдің қай саласында болсын, табыну мен жағыну орын алған жерде оның арты жақсылыққа апармайтыны белгілі.

Табыну, әсіресе, әдебиетке жат нәрсе. Әдебиет – әр халықтың рухани қуаты. Оны ешкімге де жығып беруге болмайды. Егер сен біреулерден кеммін, қормын деп ойласаң, онда қолыңа қалам алмай-ақ қой. Дүниеде атақты жазушылар аз емес, бірақ солар қанша ұлы болғанымен, қазақ әдебиетіне бір жол жазып бермейді. Әдебиетті жаман-жақсы болсын, әр ұлтты өз таланттары жасайды. Ұлттан тыс тұратын жазушы жоқ…

Ал, біздің жағымпаздар Айтматовқа табынғаны сонша, оған «қырғыз жазушысы» деген атақты қомсынып, «адамзаттың Айтматовы» дегенді ойлап тапты. Бұрын-соңды естімеген сөзіміз.

Ағылшының ұлы драматург Шекспирді, француздің ұлы жазышысы Бальзакты, орыстың ұлы жазушылары Толстой мен Достоевскийді білетін едік. Бірақ «Адамзаттың жазушысын» көріп отырғанымыз осы!

Алайда, дүниеде мәңгі жасайтын не бар? Міне, кезінде әлемді таңырқатқан Айтматов заманы да артта қалды.

Кеңес дәуіріндегі көп құндылықтар бұрынғы бағасын жойды. Қазір Шыңғыс шығармаларын қайталап оқысаңыз, алатын әсеріңіз басқаша. Бір кезде жұртты таң қалдырып, тек атақты жазушылар ғана айта алатын шындықты бұл күнде кез-келген студент айтып жүр…

Қазір қазақ әдебиеті де әркімге бір табынатын өліара кезеңнен өткен».

(Қабдеш Жұмаділов. «Таңғажайып дүние» Ғұмырнамалық роман)


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер