Ринат Зайытов көптен бері айтысқа қатыспауының себебін түсіндірді. Ақынның айтуына қарағанда, аймақтардағы жағдай баз-бұрынғыша. Яғни, Зайытовтың атын естіген айтыс ұйымдастырушылары одан ат тонын ала қашады. Бұл туралы айтыскер 31 арнаға берген сұхбатында айтты.
“Облыстағы жағдай бұрынғыдай. Атымды естісе, неғұрлым жолатпауға тырысады. Мен қазіргі жүйенің дұшпанымын деп есептеймін өзімді. Солай болуға міндеттімін деп ойлаймын өзім.
Билік деген біртекті емес деген жаңсақ пікір, билік деген – жүйе. Бір өзеннің арнасы сынды ағысы біреу. Демек оның сол ағыста келе жатқан кез келген лауазымды адам ол сол жүйемен келісетін, сол жүйеге жұмыс істейтін адам”, – дейді Зайытов.
Сұхбат барысында Ринат қазіргі білім беру бағдарламасы туралы сөз қозғады. Ол балаларына сабақпен көмектесе алмайтынын, себебі қазіргі бағдарламаны түсінбейтінін атап өтті.
“Өтірік айтпай-ақ қояйын, балаларымның сабағын оқыта алмаймын, себебі қазіргі мектеп бағдарламасын түсінбеймін. Қазір балалар 5-сыныпта дене шынықтырудан 5 бет реферат жазады. Түсінесіз бе? Қазір 2-сынып балалары Шәкәрім туралы шығарма жазуға мәжбүр. Біздің ақылды, кемеңгер министрдің бағдарламасы бойынша… Сондықтан қазіргі балаларға сабақ оқытып, көмектесу үшін өзің қайта оқуың керек шығар. Мүмкін сол кезде бірдеңе түсінетін шығармын, бірақ қайдам”, – дейді Зайытов.