Ресей қазақтарының саны 1 млн-ға жуықтаған

85f16a15d56f906a5d779fb60a0641ec_crop_l_4_t_17_w_895_h_504_resize_w_520_h_.jpg

Омбыда Ресей қазақтарының кіші құрылтайы ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпірінде тұратын ағайындар бас қосты, деп хабарлады «Хабар 24».

Алқалы жиында Елбасының Жолдауы талқыланып, көрші мемлекеттегі бауырларымызға мәдени-рухани жәрдем беру, оқу білім жағынан қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Аталған шараны ұйымдастыруға «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мұрындық болған.

Ата жұрттан жырақта жүрген ағайын бұл жолы Омбы қаласында бас қосты. Қазақтардың кіші құрылтайына Ресейдің 25 өңірінен және Қазақстанның бірнеше облысынан келген делегаттар қатысты. Төс қағыстырып, қуанышпен қауышқан ағайын алқалы жиында өзекті деген мәселелерді талқылады.

«Ендігі жыл – бізде жастар жылы. Жастар жылын әрі қарай дамытып, сол төңіректе жұмыс істеуміз керек», -дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Ресейде қазақтар көп қоныстанған өңірлердің бірі – Омбы облысы. Бүгінгі күні мұнда жүз мыңға жуық қандасымыз тұрады. Оларды ұлт болып ұйыстырып, әдет-ғұрпымыз бен мәдениетімізді дәріптеу үшін ондаған арнайы орталық жұмыс істеп тұр. Енді тіл мәселесіне көңіл бөлінбек.

«Балаларымыз домбыра үйренеді. Қазақ өлеңдерін жаттап жатыр. Бізге тіл жайлы көбірек қызмет істеу керек», - дейді Ресей қазақтарының ұлттық-мәдени федералдық автономиясының президенті Тоқтарбай Дүсенбаев.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстаннан барған ағайын тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен жетістіктерін саралап алға қойған жоспарларымен бөлісті. Елбасының соңғы Жолдауындағы міндеттер де түсіндірді. Енді келешекте екі елдің қазақтары ортақ жобаларды қолға алмақ.

«Алға қойған мақсат – 2019-2021 жылдары елімізден тыс, сыртта жатқан тарихи тұлғаларымызға байланысты қасиетті орындарды дәріптеу, зерттеу. Барлығын толыққанды зерттеуге қауымдастық себепкер болып және Ресейдегі қазақтар көмегін тигізсе екен деп келіп отырмыз», - деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев.

Бүгінгі күні Ресейдегі ағайынның саны 1 миллионға жуықтаған. Олардың көпшілігі Қазақстан мен шекаралас аймақтарда тұрады. Ал келер жылы мұндай басқосу Өзбекстан елінде өткізілмек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Дін мен діншілдік тақырыбы талқыланды
  • Қазақстан мен Өзбекстан арасында медициналық қарым-қатынас тереңдей түспек
  • Жеңіс күніне орай ардагерлер мен полицейлер арасында турнир өтті
  • 17 жылда 7 түрлі лауазымда қызмет атқарған Ерлан
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер