Өткен жылдың 23 қазанында күні тапа тал түсте белгісіз біреулер Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Р.Бейсебаеваға үйінің алдында шабуыл жасап, оқ атқаны белгілі. Жеңіл дене жарақатын алған Бейсебаева ауруханаға жеткізілді. Қылымскерлер оқиға орныны бой тасалағанымен көп ұзамай ұсталды. Қазір олардың ісі сотта қаралып жатыр.
Әрине, бұл іске нүктені қоятын сот. Бірақ сот өз төрелігін айтпай жатып Р.Бейсебаеваның адвокаттары Г.Әбдіхалықова, Ж.Ибадуллаев және оның туыстары Шымкентте баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл не? Сот процесіне ықпал ету ме? Жоқ әлде сот төрелігінің әділ, бейтарап болатынына келтірілген күмән ба?
Баспасөз мәслихатында Бейсебаеваның күйеуі Е.Бейсебаевтың айтуынша қазіргі уақытта күдіктілер оның отбасының беделіне және жұбайының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға көшкен.
– Қазір сот тергеу жүріп жатыр. Бастапқыда іс адам өлтіруге қасақана оқталу жайтымен қозғалған. Одан кейін тергеу барысында бұзақылық бабымен қайта дәрежеленді. Қазіргі кезде сот тергеуінде «Бейсебаева қарыз алған» деген жаңадан жайттар пайда болып отыр. Оның қарыз алғаны жөнінде бірде-бір дәлел жоқ. Оның жұбайына немесе жақын туыстарына «жұбайыңыз қарыз еді» деп бірде-бір адам келмеген. Болмаса азаматтық түрде сотқа арызданып, қолхат беріп, нотариалдық келісімшарт туралы да ешқандай дәлел-себеп жоқ, - деді мән-жайға толығырақ тоқталған адвокат Ж.Ибадуллаев.
Осы баспасөз мәслихаты біте салысымен дәл сол залда («Алтын орда» бизнес орталығында) сотталушылардың адвокаттары Сапар Әміртаев пен Б.Аширов өз көзқарастарын білдірді.
Б.Ашировтың айтуынша, жәбірленуші Р.Бейсебаева сотталушының анасы А.Бесебаеваға ірі көлемде ақша қарыз болған. Бірақ, оны қайтаруға мүлдем асықпаған. Осы кезде анасы қайтыс болған. Сотталушының Бейсебаеваны сотқа беріп, марқұм анасының қарызын өндіріп алуға мүмкіндігі болмаған. Себебі қолында қарыз бергенін дәлелдейтін қолхат жоқ. Содан амалы құрыған ол қарызды басқа жолдармен өндіру үшін адам жалдаған. Бұл адамға қызметақысы үшін 1 миллион теңге беретін болып уағдаласып, алдын-ала 300 мың теңгесін төлеп қойған.
Тапсырысты орындаушылар Р.Бейсебаеваға үйінің алдында үш оқ атқан. Дегенмен, бұл тек қорқыту үшін. Яғни, олар қарызды қорқыту жолымен қайтармақ болған. Адам өлтіру ниеттері болмаған. Қару трамватикалық тапанша. Қарудан бар-жоғы үш рет қана оқ атылған.
Сарапшылардың берген қорытындысына қарағанда, әкімі орынбасары жарақатты тапаншадан атылған оқтан алмаған. Осыларды алға тартқан Б.Аширов:
-Бұл жерде – кісі өлтіруге оқталу болмаған. Біз қазір тергеуден заңдылықты талап етіп отырмыз. Бұл жерде бұзақылық жоқ. Олар шешесінің ақшасын қайтарып алмақ болған. Әрекеттері өз бетінше билік ету бабына сәйкес келеді. Біз тиісті орындардан әділдікті сұрап отырмыз. Өз сөздерімізід қуаттайтын куәгерлерді де сотқа шақырдық. Нақты айғақ болатын аудиожазбамыз да бар. Оны да тапсырдық. Әрине, біреуді айыптау үшін емес, өз-өзімізді қорғау үшін,-деді.
– Біз бұл баспасөз мәслихатын ойламаған жерден өткіздік. Әріптестеріміз (жәбірленушінің адвокаттары - автор) өткізіп жатқан соң біз қарап отыра алмадық. Біздің мақсат – оқиғаға деген көзқарас біржақты болып кетпесе. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Мұнда тағы қосымша экспертиза жасалады, арнайы мамандар пікірі тыңдалады деп жоспарлануда. Соңғы сөз – сотта, – дейді С.Әміртаев.
Айта кетері, сотталушылардың ісін Төлеби аудандық соты қарап жатыр.