Бүгін, 5 ақпан күні Астана қаласында өтіп жатқан Үкімет отырысында Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өрттен бес баласынан айырылған жанұяға қайғырып, көңіл айтты. Үкімет басшысы Астана әкімі Бақыт Сұлтановтан жанұяға көрсетіліп жатқан көмек туралы есеп сұрады.
Сағынтаев мұндай қайғылы жағдайды ешкімнің басына бермеуді тіледі.
"Өрт кезінде бір үйдің өрімдей бес баласы қаза болды. Жантүршігерлік жағдай. Бір отбасының басына түскен ауыр қайғы. Ай-күннің аманында бес бірдей баласынан айырылып қалған ата-анасына Құдай күш-қуат берсін дейміз. Марқұм болған балалардың ата-анасына, туыстарына қайғырып көңіл айтамыз,. Алла мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін деп тілейік",- деді премьер-министр.
Өз кезегінде елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысына жанұяға қала әкімдігі тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқаны туралы есеп берді.
"Бүгінде Астана қаласы әкімдігі тарапынан барлық тиісті көмектер берілуде. Атап айтқанда, жерлеу рәсімі мен ас беру ұйымдастырылып, материалдық және психологиялық тұрғыда көмек көрсетілуде. Тиісті комиссия құрылды. Қазір ата-аналарымен де жұмыс істеп жатырмыз. Ары қарай қандай жәрдем көрсететініміз келесі шараларда қабылданады, жан-жақтан көмек көрсетіледі", -деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Сұлтанов алдағы уақытта мұндай жағдайды болдырмау үшін тиісті жұмыстар қолға алынғанын айтты.
"Бұл мәселенің қайталануына жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүйелі түрде жасалып жатыр. Ауа райының күрт сууына орай, жер үйлерде пешті жылыту және қосуға байланысты өрт шығу мүмкіндігі артуда. Сондықтан, бұл жағдайларды алдын алу үшін бүгінде аудан әкімдері, Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті басшыларына бірлесіп, түнгі рейд жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ал күндізгі барлық от жағып отырған жер үйлер мен нысандардағы тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы түсіндіріліп, тексеру жүргізу жұмыстары жалғасатын болады", -деді Сұлтанов.