«Түймебаев қызметтен кетеді» деген қауесет қайдан шықты?

Screenshot_1.jpg

Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қолға алынған шаралардың тиімділігі төмен. Өңірде тіркелген сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының жалпы саны төмендегенімен, жемқорлық орын алған салалардың саны өсіп кеткен. Яғни, коррупция бірте-бірте бұрын-соңды болып көрмеген салаларға да дендеп еніп келеді деген сөз. Астанада, «Нұр Отан» партиясының арнайы комиссиясында Түркістан облысындағы жемқорлық мәселесі арнайы қаралып, онда жоғарыдағыдай кемшіліктер аталып өтілді. Бұл ғана емес, комиссияда облыстағы жемқорлыққа қатысты басқа да мәліметтер келтірілді. Бәріне рет-ретімен тоқталсақ...

Шыны керек, «Нұр Отан»  бұл мәселені дабыраға айналдырып, дау-дамайға ұластырған жоқ. Кеңестің отырысы жөнінде бірқатар газеттер салқынқанды хабар жариялады. Астанадағы жиынның жай-жапсары туралы партияның ресми сайты ғана біршама кеңірек ақпарат таратты. Алайда мұның өзі де көп жәйтті бүгіп қалғандай көрінеді. Осы ресми сайтта келтірілген мәліметтерді сараптап көрсек. Сонымен…

 «Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесінің отырысы 2 қарашада Мәжіліс депутаты Ж.А.Жарасовтың төрағалығымен өткен. Жиын партияның барлық аймақтық филиалдарымен бейнеконференция байланысы форматында өткен. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қа рсы іс-қимыл агентігінің, Ішкі істер Министрлігі мен Бас прокуратураның басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, Орталық партия аппаратының қызметкерлері қатысқан шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың есебі тыңдалған.  Осы жерде аздап шегініс жасасақ. 

Мәселенің мән-жайына қарағанда, бұған дейін «Нұр Отан» партиясының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесінен жұмыс тобы құрылған. Кеңестің құрамына Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының орталық аппараттарының және аймақтық бөлімшелерінің қызметкерлері кірген. Олар Түркістан облысындағы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша партия Бағдарламасының орындалуына байланысты жұмыстың жай-күйіне талдау жүргізген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша партияның өңірлік, 8 аумақтық филиалдарында атқарылған (Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Түркістан аудандарында және Арыс қаласында) жұмыстардың жай-күйін зерделеген. Сонымен қатар облыстардың, қалалық және аудандық әкімдіктердің, ішкі істер органдарының, мемлекеттік кіріс жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша комиссиялар жұмысы тексерілген. Партияның өңірлік филиалы басшылығының ықпал етуімен жұмыс тобы облыс белсенділерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен, сонымен бірге үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізген. Кеңес құрамындағы Мәжіліс депутаттары партияның облыстық қоғамдық қабылдау бөлімінде азаматтарды жеке қабылдау жүргізіп, струденттермен, кәсіпкерлермен, полиция қызметкерлерімен кездескен. Басқосуда осы тексерулердің қорытындысы талқыланған. Бірқатар мәліметтер айтылған. Мәселен,  облыста 2016 жылы коррупция 9 салада анықталса, 2018 жылғы бірінші жартыжылдығында ол 15-ке дейін көбейген. Осы санатта қылмыс жасаған адамдардың саны 2016 жылы 78 болса, 2017 жылы 89, ал 2018 жылдың 6 айында 64-ке өскен. Қайталап айтайық, соңғы цифр биылдың алты айына ғана қатысты. Сонымен бірге пара алу бойынша тіркелген фактілердің саны да  айтарлықтай өскен. 2017 жылдың 12 ай ішінде осы санатта 57- болса, 2018 жылдың 6 айында 68-ді құраған (!). Биылғы алты айдағы көрсеткіш былтырғы 12 айдан асып кеткен. Бұл нені көрсетеді? Түркістандық шенеуніктердің тым шектен шыға бастағанын ба? Әлде  антикоррупциялық мекеменің жемқорларды аулауда белсенді әрекетке көшкенін бе? Қалай десек те, «Нұр Отанның» Оңтүстікке шұғыл түрде комиссия жіберіп, басшыларды Астанаға шақырып, мәселені арнайы  қарауында нендей себептің барын осы мәліметтерден аңғаруға болатын сияқты.

Комиссия мүшелерінің пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген жұмыстардың тиімділігі өңірде әлі де болса төмен. Бұл көбінесе өңірлік және аумақтық деңгейлерде жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижелерін тиісті деңгейде бағаламаудың, соған сәйкес шешім қабылдамаудың салдары. Сонымен бірге Түркістан облысында бұл бағытта жақсы бастамалардың бары да атап өтіліпті. Мәселен, қазір облыстағы атқарушы органдар мемлекеттік қызметтің 75 пайызын электрондық форматта жүргізеді. 

Отырыс қорытындылары бойынша жергілікті атқарушы және құқық қорғау  органдарына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар, сонымен бірге партиялық ұйымдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысын күшейту  бойынша тапсырмалар берілді.

Жалпы Оңтүстікте сыбайлас жемқорлықтың жиірек кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Шенеуніктердің парамен ұсталуы, сыбайлас жемқорлыққа қатысты тұтқындаулар, шулы сот отырыстары барлық әкімнің тұсында болған десек қателеспейтін шығармыз. Бүгін жаңалық ашып отырған ешкім жоқ.  Өңірде сыбайлас жемқорлық қылмыстардың көбейгенін қайдам, бірақ биыл осы тақырыпта әңгімелердің өршіп кеткені рас. Маусымда Астанада «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында президент осы шараға тікелей эфир арқылы қатысып отырған Жансейіт Түймебаевқа:

- Менде неше түрлі хабарлар бар, мектепке еден жуушы болу үшін пара беру керек. Мектепке мұғалім болып орналасу үшін пара беру керек. Басқа облыста ондай жоқ, тек қана сендерде бар, -деген болатын. 

Президенттің өзі алаңдаушылық білдірген, «басқа облыста жоқ, тек Түркістанда ғана бар» жемқорлықты облыс басшысы Жансейіт Түймебаев, «Нұр Отан» ауыздықтай алады ма? Жемқорлыққа қарсы күрес шараларының нәтижесінің қалай боларын уақытынды көрерміз, ал «Нұр Отандағы» жиынның нәтижесі біреулердің күткеніндей болмағаны рас. 

P.S. Естеріңізде болса, осыған дейін бірқатар саяси жауырыншылар, күзде үкімет отставкіге кетеді, бірқатар облыс әкімдері қызметінен босатылады дегенді айтқан.  Кетеді дегендердің ішінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та бар еді. Әлгі «көріпкелдер» Түймебаевтың қызметтен «кетуін» өңірде сыбайлас жемқорлоық қылмыстардың көбейіп кетуімен байланыстырған болатын. Алайда Түймебаевқа қатысты болжам теріске шықты. Биылғы күз шаруаға да, шенеуніктерге де жайлы болып тұр. Үкімет те орнында, әкімдер де қалыпты тіршілігін істеп жатыр. 

Дереккөз: Рейтинг газеті


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мұздыбеков пен Меңдіқұлов отпен ойнап отыр ма? - Елдегі дүрбелең осы газ дауынан басталған еді
  • Қазақстанды мұрагер елесі кезіп жүр
  • «Шетелден бір-ақ шыққан шенділер»: Елші болу өсу ме, өшу ме?
  • Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Тарихқа хайппен емес, байыппен қарау керек»
  • Ирак бір жыныстыларды қатаң жазалайтын заң қабылдады(Суретті)
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер