ОҚО-ның бас педагогы өңірден шыққан жалғыз "Халық қаһарманын" білмейді

Оңтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов осы өңірден шыққан «Халық қаһарманын» білмейтін болып шықты. «Шардарада Мәулен Қалмырзаев деген «Халық Қаһарманы» болған, білесіз бе?» деген сұрағымызға басшының «Жоқ, білмеймін. Ешкімді танымаймын бұл жақтан», - деп қысқа жауап қайырғанда  жағамызды ұстадық. Облыстың бас педагогы білмейтіндей қазақта «Халық қаһарманы» көп пе  еді? Әлде «Халық қаһарманы»  кім көрінгенге беріле салатындай құны көк тиындық атақ па?

Өңірдегі білім мен тәрбиенің ордасы мектептердің жұмысына басшылық жасап, қоғамдағы ең саналы, ең озық ойлы ұстаздардың көшбасшысы болуы тиіс Сағындықовтың сиқы осы. «Сенген қойым сен болсаң» деген сөз еріксіз ойға орала берді.

«Халық қаһарманы» атағы елімізде 1993 жылдан бері беріліп келді екен. Ресми мәліметтерге қарағанда ол бас-аяғы отыз азаматқа берілген. Солардың ішінде шардаралық  Мәулен Қалмырзаевқа «Халық Қаһарманы» атағын 2005 жылы Ұлы жеңістің 60 жылдығында Елбасының өзі тапсырған.

Мәулен Қалмырзаев Шардара ауданында дүниеге келген. Біздің білуімізше, ол Оңтүстік Қазақстан облысында туып-өскен, осында қызмет еткендердің ішінде «Халық Қаһарманын» атағын алған жалғыз азамат.  Соғыс ардагері. Украинаны азат ету майданына қатысқан. Ұрыс даласында көрсеткен ерліктері үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Елге оралған соң еңбек майданына араласады. Қызылқұм ауданына қарасты шаруашылықтарда еңбек еткен. Мәскеуде білімін жетілдірген. Созақ ауданындағы «Тасты» кеңшарына директор болған жылдары М. Қалмырзаевтың қажырлы еңбегінің арқасында экономикасы құлдыраған кеңшар облыстағы ең алдыңғы қатардағы шаруашылыққа айналды. Осы жетістігі Үкімет тарапынан да жоғары бағаланып, 1958 жылы  Ленин орденін өңіріне тақты. Мұнан соң зейнетке шыққанға дейін Шардара ауданындағы «Көксу» кеңшарының директоры қызметін атқарған. 1966 жылы М.Қалмырзаев екінші рет Ленин орденімен марапатталды. Одан басқа да «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдарды, «Қазақстанның еңбегі сіңген зоотехнигі» белгісін иеленген. Бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңестердің депутаттығына сайланған. Шардара ауданының «Құрметті азаматы» атанған.

...Ол күндер әлі ұмытылған жоқ.  Елбасының арнайы қабылдауында болып, «Халық Қаһарманы» атағымен қоса берілген «Алтын жұлдыз» белгісі мен «Отан» орденін жарқыратып таққан М.Қалмырзаевты оңтүстік жұртшылығы салтанатты түрде қарсы алған еді. Өкінішке қарай, небәрі екі айға жетер-жетпес уақытта, дәлірек айтсақ 2005 жылдың 25 маусымында «Халық қаһарманы»  өмірден өтіп кетті. Бар-жоғы екі ай ғана. Мәулен аға екі дәуірдің қаһарманы еді. Абыз ақсақалдың қазасына орай Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі арнайы көңіл айту жеделхатын жолдады.

 Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов білмесе біліп алсын, «бұл жақта» да осындай атпал азаматтар өткен. Өкінішке қарай, дардай басымен бүкіл халық қадірлеген азаматтарды білмейтін, білгісі де келмейтін шенеуніктердің керітартпалығынан қаһармандарымыздың есімдерін ұлықтаудың кенжелеп тұрғаны рас.  Енді біз негізгі айтпағымызға тоқталсақ.

Былтыр жергілікті ардагерлер Шардарадағы  №3 мамандандырылған мектеп-интернатына «Халық Қаһарманы» Мәулен Реметұлы Қалмырзаевтің есімі берілсін деген ұсынысты Үкіметке жолдаған екен.  Үкімет бұл ұсынысты елеусіз қалдырған жоқ.  Аталған білім ұясына «Халық Қаһарманының» есімін беру туралы Үкіметтің қаулысы шықты.  Алайда арада жарты жарты жыл өтсе де, қаһарманның есімі білім ұясына берілмей келеді.  Облыстық білім басқармасындағылардың жауапсыздығынан Үкіметтің шешімі, дәлірегі көптің қалауы іске аспай отыр.

-Үкіметтің қаулысы шыққан. Бірақ одан кейін заң шеңберінде атқарылуы тиіс жұмыстар облыстық білім басқармасының құзырында. Ондағылар әкімдік бекітетін құжаттарды дайындайды, ол әділет департаментінде тіркелуі қажет. Өйткені мекеме басқармаға қарайды. Осындай жұмыстар жүргізілуі қажеттігін айтып, қаулы келісімен  білім басқармасына хат та жолдағанбыз. Олар «жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа жауап қайтаруда. Әлі заңдастармағаны бізді таң қалдырып отыр, - дейді облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, ономастика бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мәдина Өтепова. Ал облыстық білім басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы Жандос Маханбетовтың айтуынша, заңгерлер келісімін берген қаулыға облыс әкімдігіндегілер қол қойып жатыр екен.

-Әкімдікте 9 адам қол қояды, әкімнен өтеді. Айдың аяғына дейін дайын болады. Өзінің заңды уақыты бар ғой, - деді Ж.Маханбетов. Өткен жылғы қараша айынан бері алты ай өтіпті, сонда 9 адам қол қойып, әкім бекіткенше тағы қанша ай күту керек?

file_5b06469f4e4e9.jpeg

Өзінің заңды уақыты демекші, облыстық Әділет департаменті заңды тұлғаларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Н.Ербекешовтың айтуынша, Үкімет қаулысы шыққан соң бір айдың ішінде атауы ауысқан мекеме тіркелуі қажет.

-Олай болмаған жағдайда әкімшілік іс қозғалуы тиіс. Әділет департаментіне тіркелген соң мекеменің мөрі, атауы ауысады, яғни қаулы толық күшіне енеді, - дейді Н.Ербекешов.

Басқарма тарапынан атқарылуы тиіс жұмыстардың созылып кеткеніне шардаралық шенеуніктер де ренжіп отыр.

-Өткен жылы ардагерлер ұсынысының Үкіметтен қолдау тапқанын естіп қуанған едік. Өкінішке қарай, бұл іс созылып кетті. Биыл Жеңіс күні №3 мамандандырылған мектеп-интернатқа Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтың есімі берілгенін ресми түрде жария етіп, жұртты қуантамыз дегенбіз. Алайда қуанта алмадық, - деп өкініш білдірді аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев.

И.Сағындықовтың «бұл жақта» деп, бөтенсінетіндей де жөні жоқ. Уақтысында облыстағы білім саласындағы бақылау департаментіне жетекшілік  еткен. Жергілікті жағдайды, менталитетті бес саусағындай біледі десек артық айтқанымыз емес шығар. Сөйте тұра басшының «Ешкімді танымаймын, бұл жақтан» дегенін неге жорырымызды білмей отырмыз. Сонда білім басқармасының басшысы білмейді екен деп, «Халық қаһарманына» көрсетілуі тиіс құрметті қаңтарып қоюымыз керек пе? Облыстың бас мұғалімі еңбек жолында Білім және ғылым министрлігінде лауазымды қызметтерді атқарған. Бұдан кейінгі жылдары елшіліктерде жұмыс істеген. Ғылым кандидаты, дипломатиялық дәрежесі тағы бар. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен  министрлікте, елшілікте тізе қосып бірге қызмет еткен.  Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін қолға алғалы Ж.Түймебаев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаншама тірліктері қолға алуда.  Қазығұрт тауында туристік кешен салынуда, Ордабасыда үш биге ескерткіш орнатылуда, Түркістанды туристердің орталығына айналдыру үшін бірқатар жобалар жасалуда.    Ж.Түймебаев осындай игі тірліктерімен жұрттың алғысына бөленіп жатқан кезде оның білім саласын жөнге қояды деп сенім білдірген, жұрт былтыр сегіз ай бойы сарыла күткен кадрі Сағындықовтың сиқын қараңыз. Рухани жаңғыруды Сағындықов қара басынан бастауы қажет сияқты.

Енді көпшілік «Халық Қаһарманының» есімін Шардарадағы  №3 мамандандырылған мектеп-интернатына беру жөніндегі Үкіметті қаулысының орындалуын жеке бақылауына алып,  оны жеделдетуді, қажет болса, өзінің міндетіне кіретін мәселелерге салғырттық танытқан шенеуніктердің жауапкершілігін қарауды облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтан сұранып отыр. Облыстың бірінші басшысы бұған не дер екен? 


"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Казино в Казахстане - регуляция азартных игр
  • National Geographic Қазақстан туризмі туралы мақала жариялады
  • Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген
  • Қазақстан футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян қызметінен кетті
  • «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасын іске асыруға тағы бір оператор қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер