Түркістандық полицейлер ұялы телефон арқылы Қазақстанның 5 облысында тұратын тұрғындарды алдап, ақшаларын алған алаяқ әйелді ұстады. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел алаяқтықтың құрбаны болғаны бойынша арызданды. Ол арызында танымайтын әйел «Whats App» арқылы «Криптовалюта» атты топ құрып, ақшаңды еселеп беремін деп алып, қайта қайтармай қойғанын жеткізеді. Алаяқ жәбірленушіден бас-аяғы 200 мың теңгеге жуық ақша алған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша тіркеп, жедел жұмыстарды жүргізді. Яғни әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар мен банктік есепшоттарды тексерді. Жәбірленушіден жауап алу арқылы алаяқтың әрбір ісіне болжам жасап, анықтау жұмыстарын күшейтті.
Жүргізілген тиянақты жұмыстардың нәтижесінде күдікті әйел тәулік ішінде анықталды. Ол жасы 30-дан асқан Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты.
Тексеру жұмыстары кезінде алаяқ әйелдің бұдан бөлек 17 тұрғынды осындай жолмен алдап, ақшаларын алғаны анықталды. Әйелдің құрбандары Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындары. Олар алаяқтың жалған сөзіне сеніп, бірнеше реттен 5000 мен 200 мың теңге аралығындағы ақшаларын аударып отырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллионнан асады.
Қазіргі уақытта күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.
Түркістандық полицейлер алаяқтардың басты қаруы сенімге кіру екенін айтады. Олар жалған және сенімді сөздерді қолдану арқылы кез келген жанды алдауға тырысады. Құрығына түсірген сәтте бірден айла амалын іске асырып, қарапайым адамның бар-жиған тергенін жымқыра бастайды. Ақырында сенген жанды сазға отырғызады.
Ал алаяқтарға алданбас үшін міндетті түрде жеке басын растайтын құжаттарды, жеке мәліметтерді ешкімге айтпаған жөн және бастысы әрқашан ақшаға байланысты іс-әрекеттер кезінде бірінші кезекте дәлел-дәйекке сүйенуге кеңес береді. Алаяқтарға алданбаңыздар!